Брендтік өнімдерді қолдан жасайтындар жазаланады

8 Маусым 2023, 10:15 1107

Сенат депутаттары «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Евгений Больгерт тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштердің ұлттық және шетелдік иелерінің құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету және тұтынушыны тауардың сапасы мен шығарылған жері туралы шатастыруы мүмкін өнімді нарыққа жібермеудің маңыздылығы жөнінде айтты.

Келісімнің мақсаты жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ мұндай тауарларды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің бірлескен қызметін үйлестіру болып табылады, - деді Евгений Больгерт.

Сенатордың айтуынша, сауда белгілері мен географиялық көрсеткіштер әр түрлі өндірушілердің біртекті тауарларын ажыратуға қызмет ететін тауарларды даралау құралы болып табылады. Тауар белгілерімен таңбаланған және географиялық көрсеткіштер ретінде тіркелген өнімнің сапасы, ерекше қасиеттері, беделі тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне айтарлықтай әсер етеді.

Бұл даралау құралдарын мемлекеттің танылуын қамтамасыз ететін, Ұлттық өндірушілердің беделін арттыруға, ұлттық өнімдерге сұранысты арттыруға, сондай-ақ әлемде өзінің жоғары сапасымен белгілі тауарларды экспорттау арқылы экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін ұлттық брендтер ретінде пайдалануға болады.

Келісімді жасау негізді және уақтылы шара болып табылады, өйткені ол мемлекеттерге жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы жалған тауар белгісі мен географиялық көрсеткіші бар тауарларды өткізу мәселелерінде тығыз ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған, - деді депутат.

Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды, және республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап етпейді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: