Браконьерлерден 21 тонна балық тәркіленді

3 Маусым 2022, 17:40 2226

Фото: inform.kz

Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының су айдындарында екі айға созылған «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы аяқталды. Браконьерлерден 21 тонна балық тәркіленіп, 19,7 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҰҚК Шекара қызметінің өкілдерімен бірге табиғат қорғау заңнамасы бұзылған 1231 деректі анықтады. Балық қорғау заңдылығын бұзған 895 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 63 іс сотқа жолданып, браконьерлік дерегімен 54 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 19,7 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

«Заңсыз балық аулаушылардан 21 тонна балық тәркіленді. Оның ішінде 1 852 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, 755 грамм бекіре тұқымдас балық уылдырығы бар. Су айдындарынан 621 балық аулау құралы, 140 су көлігі алынды», - дейді Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Темірхан Оңайбаев.

Оның айтуынша, күн сайын өзен арнасы мен теңіз акваториясы тексеріліп, жалпы ұзындығы 22 шақырымға жетерлік 2 139 балық аулау құралдары алынды. Бұл балықтардың уылдырық шашу ортасына кедергісіз өтуіне ықпал еткен.

Бөлісу: