БҚО мен Ресей шекарасында жүк көліктерінің кептелісі ондаған шақырымға созылды

24 Ақпан, 10:08 719

Ресеймен шекарада жүк көліктері үш күн қаңтарылып тұр. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекарасында жүк көліктерінің қаңтарылып тұрғанына үш күн болған. Әсіресе «Сырым» өткізу бекетінде тұрған көлікте сан жоқ. Алыс сапарға бет алған 500-дей жүк көлігі күн райының қолайсыздығына байланыста сапарын жалғастыра алмаған. Жүргізушілер биыл қыстың тым ауыр болғанын айтады.

Міне, бүгін тура үш күн болды жолда тұрғанымызға. Оралға сәл жетпей қалуымызды айтсаңызшы. Иә, аяз қатты деп жолды жауып тастады. Бірақ күн ашық қой. «ҚазАвтоЖол» дұрыс жұмыс істемейді, - дейді жүргізуші Юрий Чуприн.

Ұзын-сонар кептеліс ондаған шақырымға созылады. Жүк көліктері тұтас жолдың бір жолағын алып тұрғандықтан, жеңіл көліктерге қарсы бағытқа шығуға тура келеді. Жүргізушілер айдың басынан бері жолдар жабылып, әр өңірде бірнеше күннен тұрып қалғанын айтады. Ауа райы реттеліп жол ашылғанда бәрі жанталасып шекараға жетіп алып, содан кептеліс туған.

«Сырым» бекетінде жүктерді жылдам тексеретін рентген құрылғысы орнатылған. Сондықтан болар, көпшілігі осы жерді таңдайды. Шекара қызметіндегілер тексеру кедергісіз жүргізіп жатыр, дегенмен Ресейге басқа да өткізу бекеттері арқылы өтсе құп болар еді деп отыр.

Жансая Әділбек
Бөлісу: