Су ресурстары және ирригация министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне 400 млн текше метр тасқын суын жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жақын арада мұнда тағы 200 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Бұл 65 мың гектардан астам шабындық жері мен жазғы жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жүйе бойында орналасқан су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, соңғы жылдары кеуіп қалған Батыс Қазақстан облысының Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жіберу жұмысы жүріп жатыр.
Біздің министрліктің басты міндеттерінің бірі - ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте одан әрі пайдалану үшін тасқын суын су қоймаларына жинау. Көптеген аймақтардағы ірі су қоймалары 100% толы, бірақ бұл толып кету және су басу қаупі бар дегенді білдірмейді. Нормадан асатын су қауіпсіз көлемде өзендер мен каналдарға жіберіліп, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады, - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.