Батыс Қазақстан облысында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті тұрғындарды 78 млн теңгеге сан соқтырып кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Жас жігіт 2023 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының азаматтарын түрлі айламен алдап келген. Күдікті техника мен автокөлік сатып алу, ұялы телефон сату, тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру және ақшаны көбейту сияқты желеулерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кірген. Мәселен, 2023 жылдың қазан айында ол Орал қаласының бір тұрғынын тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру сылтауымен 4 миллион теңгеден астам қаржыға алдап кеткен. Сондай-ақ сәуір мен қазан айлары аралығында тағы бір қала тұрғынына тұрмыстық техника жеткізіп беремін деп, 4,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
Тергеу барысында алаяқтың құрбандары негізінен өз таныстары екені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты 14 алаяқтық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Келтірілген жалпы шығын көлемі 78 миллион теңгеден асады.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалып, өз кінәсін мойындады. Ол алдап алған қаражаттың басым бөлігін бәс тігуге жұмсаған.