БҚО-да шенеунік жер учаскесін 100 есе төмен бағамен сатқан

24 Қыркүйек, 11:03 414

Батыс Қазақстан облысында заңсыз берілген жер телімдері анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық прокуратура мәліметінше, Бәйтерек ауданында жалпы ауданы 45,9 гектар жер телімдері бау-бақша және саяжай құрылысына сатып алу құқығымен азаматтардың жеке меншігіне заңсыз берілген. Учаске бағасы өз құнынан жүз есе төмен бағамен сатылған.

Учаскені жеке меншікке беру кезінде белгіленген төлемнің базалық мөлшерлемесі негізсіз төмендетілгені, осылайша учаскелер 1,1 млн теңге көлемінде төмен бағамен сатылғаны анықталды, ал нақты бағасы 107,3 млн теңгені құрады, - делінген мәліметте.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығына қатысты қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді (ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармақ) жүргізді.

Қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілді.

2024 жылдың 16 қыркүйегінде сот сотталушыны кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу туралы талап толығымен қанағаттандырылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: