БҚО-да полиция қызметкерлері 217 ақбөкен мүйізін тәркіледі

19 Қаңтар, 20:41 1611

БҚО-да полиция қызметкерлері 217 ақбөкен мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері және экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қалалық ПБ Шаған полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе жедел-іздестіру іс-шарасы барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде шұғыл тінту жұмыстарын жүргізу кезінде Орал қаласының тұрғынының пәтерінен 217 дана ақбөкен мүйізін тәркіледі.

Анықталғанындай, ақбөкен мүйізін оған Бөкейордасы ауданынан танысы беріп жіберген. Ал Бөкейордасы ауданының тұрғыны жауап алу кезінде аталған мүйіздерді 2020 жылдан бастап жинағанын және оны өзінің құрылыс шаруашылығында сақтағанын және одан әрі іске асырып, пайда көру үшін мүйізді такси жүргізушісі арқылы қалаға беріп жібергенін айтты. Қылмыстық іс шеңберінде күдіктінің біріне тиесілі телефоны тәркіленді, онда мүйіздерді сату тақырыбында хабарламалар және қаптарға оралған дериваттардың фотосуреттері (тәркіленгенмен бірдей) бар. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары жалғасады.

Перизат Саденова
Бөлісу: