БҚО-да науқас аурухананың лифт шахтасына құлап кетті

21 Қыркүйек, 06:13 746

Батыс Қазақстан облысында науқас ер адам аудандық аурухананың лифт шахтасына құлап кеткен. Қазіргі таңда 59 жастағы тұрғынның жағдайы ауыр, деп хабарлайды "Мой город"-қа сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Оқиға 18 қыркүйек күні Бәйтерек ауданында болған. 

Ер кісі бұл ауруханаға 16 қыркүйекте жатқызылған. Оның аяқ саусағын алып тастау үшін операция жоспарланған. Алайда науқас лифт шахтасына құлап кеткен соң оны Оралдағы көпбейінді ауруханаға ауыстырған. Туыстарының айтуынша, жағдайы ауыр. 

Науқас ауруханаға жатқанында өзге науқастармен бірге темекі тарту үшін төменге түскен екен. Қайтарда лифтпен жоғары көтерілмек болған. Есік ашыла бергенде төмен түсіп кетіпті. 

Лифт асты өте қараңғы болған. Ол алғашында есінен танып, кейін есін жиған соң көмек сұрай бастапты. Оны дер кезінде шығарып алды. Шүкір, аман қалды. Бұл оқиғадан кейін оған дәрі салып, форма киген бір адам оған ауруханаға шағымым жоқ деп қағазға жаздырып алыпты. Бұл қалай болғаны сонда?,-дейді науқастың туысы. 

Бұл оқиғадан кейін ер адамның екі аяғы мен қолын сындырып алған, одан өзге басы да жарақаттанған. Осыған байланысты ол Оралдағы ауруханаға жеткізілген. Себебі жарақаты ауыр болған. 

Науқастың туыстары бұл жағдай жауаптылардың немқұрайлығынан болып отыр деп санайды. Енді олардың үстінен сотқа шағымдануға бекініп отыр. 

Ал аурухана директоры Ғабижан Ислямов лифт науқастарға арналмағанын атап өтті. 

Науқас кешкі уақытта темекі тартпақ болып сыртқа шыққан. Ал медбикелер оған шығуға болмайтынын айтып, қарсы болған. Бірақ ол райынан қайтпаған. Сырттан кірген соі үшінші қабатқа жүкке арналған лифтпен көтерілмек болған. Бұл лифт науқастарға арналмаған. Біз бейнебақылау камерасын қарап, науқас бұған дейін дәл сол лифтпен ұлы екеуі жоғары көтерілгенін анықтадық. Негізінен онда "жүкке арналған лифт" деген жазуымен тақтайша бар. Демек олар бұған мән бермеген болып тұр. Біз науқасқа бірден алғашқы көмекті көрсеттік, оперативті топты арнайы шақырдық. Ол кезде ер кісі бізге шағымы жоқ екенін айтқан болатын,-деді аурухана директоры. 

Зарина Арман
Бөлісу: