БҚО-да мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

15 Қараша 2022, 06:48 1386

Күдіктілер Теректі ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды

Қылмыстық топ 11 қараша күні Теректі ауданы Подстепный кенті маңындағы Самара-Шымкент тас жолында қолға түскен, деп хабарлайды El.kz.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, қазіргі кезде төрт ер адамның бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы тексерілуде.

«1980, 1985, 1985 және 1988 жылғы күдіктілер биылғы шілдеден бастап бірқатар ауыр қылмыс жасағаны үшін криминалдық полиция басқармасының нысанасына іліккен еді. Сол күні олар Теректі ауданы Бекей ауылы тұсында еркін жайылымнан бір жылқыны ұрлап әкеткен. Оның ұшасы ұстау кезінде «ВАЗ-2111» көлігінен табылды. Жауап алу барысында қолға түскендердің бірі 2021-2022 жылдары Ақжайық, Казталов және Теректі аудандары аумағында мал ұрлығының 10 эпизодына, сондай-ақ 2021 жылдың 18 наурызында компания кеңсесіне жасалған қарақшылық шабуылға қатысқанын мойындады», деді Б.Нұрғожин.

Күдіктілер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен Теректі ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҚР ҚК 188-1-бабына сәйкес дәлелдемелік базаны жинау, олармен қылмыстық байланысы бар адамдар тобын анықтау, сондай-ақ күдіктілердің БҚО аумағында жасалған мал ұрлығының ашылмаған деректеріне қатысы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

EL.KZ
Бөлісу: