БҚО-да кадр тапшылығы сезіледі. Ақжайық ауданы әкімсіз отыр

14 Қараша 2023, 15:00 768

Ақжайық ауданы әкімсіз отырған көрінеді. Ал кейбір аудандарға бұрынғы әкімдер қайта сайлануда. Орал тұрғындары бұл мәселені әлеуметтік желіде жиі қозғауда. БҚО әкімі аталған мәселеге қатысты қандай шаралар қолданып жатқанын ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҚО-да кадр тапшылығы дегенде, бұл мемлекеттік қызметшілерге қатысты айтылып отырған әңгіме. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты кадр тапшылығы жоқ деп айтуға болады. Ақжайық ауданына әкімнің тағайындалмауына байланысты қазір маған да жүгініп жатыр. Жақын арада ол жерге әкім тағайындалатын болады. Бұрынғы әкімдерді неге басқа ауданнан алып, екінші ауданға жіберіп жатыр деген әңгімеге қатысты айтатын болсам, біріншіден, аудан әкімі болу үшін оған арнайы талап бар. Яғни біліктілігімен қатар жоғары білімі мен еңбек жолын саралаймыз. Кез келген адамды қоя алмаймыз, – дейді облыс әкімі.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде Президенттік кадрлық резерв бар. Сол жерде департаментпен бірлесіп кадр резервіне қатысты үлкен жұмыс жоспары бекітілгенін айтады.

Әрбір аудандарда осындай кадрлық резервті дайындап, соның ішінде оқуын бітіріп жұмыссыз жүрген жас мамандарды резервке қойып жатырмыз. Олардың бәрін дайындап, мемлекеттік қызметке алып келуіміз керек, – деді Нариман Төреғалиев.

Әлеуметтік желіде медиахолдингтің басшысы зейнеткер адам деп белсенділер жиі жазып жүр. "Бұл да бір кадр тапшылығынан ба?" деген сұраққа әкім жауап берді.

Медиахолдингтің басшысына қатысты сұрағыңыз өте орынды. Ол адам қазір жұмыс істеп жүр. Өтірік емес. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданатын болады. Бұл кадр жоқтығынан болып отырған мәселе емес. Оның тәжірибесін ескердік. Күні кеше маған келіп кетті. Осы жұмысты қоятынын және жаңа кадр тағайындау жөнінде маған өтінішін айтты. Зейнетте жүрген басшы ауысатын болады, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Айта кетейік, жуырда әкімдер сайлауы өткен болатын. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: