БҚО-да ауыл тұрғындарына арналған комьюнити-орталықтар ашылады

27 Қазан, 08:34 403

Батыс Қазақстан облысында «Jaña klub» атты жаңа қайырымдылық жобасының арқасында ауылдық кітапханалар заманауи комьюнити-орталықтарға айналдырылмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жергілікті тұрғындар үшін білім беру, шығармашылық құзіреттілік пен қабілеттерді дамыту орталығына айналатын мультифункционалды кеңістіктерді құруға бағытталған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының мәдениет саласындағы алғашқы жобасы.

Біріншіден, біз жастардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін оятуымыз керек. Сонда ғана кітап оқитын ел боламыз. Кітапхана – мемлекет пен ұлттың мұрасы сақталатын орын. Кітаптар оқырмандарға қолжетімді болуы керек, - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы наурызда өткен «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» Ұлттық Құрылтайының үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.

Жоба аясында облыста жұмыс істеп тұрған 358 кітапхананың 25-ін жаңғырту, соның ішінде 130 мыңнан астам ауыл тұрғынына жаңа білім мен өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазіргі уақытта кітапханаларда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан кейінгі кезеңдерде жаңа жиһаздарды орнату, кеңістіктерді әрлеу шаралары жүргізіледі деп күтілуде.

Біздің міндетіміз – әрбір қазақстандықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының өміріне сапалы өзгерістерді әкелетін жобаларды жасау. Батыс Қазақстан облысындағы кітапханаларды жаңғырту – жаңа мүмкіндіктерді ұсыну, тұрғындар жиналатын орталықтар мен креативті индустрияны құру, еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайту, – дейді «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.

Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ауылдық кітапханалар базасында заманауи комьюнити-орталықтар ашылады. Мұнда жаңартылған кітап қоры ұсынылып қана қоймай, балалар мен жастарға,  ересектерге шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін дыбыс жазу бөлмелері, музыка және би студиялары, іс-шаралар мен білім беру бағдарламаларына арналған конференцзалдар ұйымдастырылады. Шахмат, актерлік шеберлік, SMM, ағылшын тілі және басқа да бағыттар бойынша үйірмелерді де ашу жоспарлануда.

Ауыл кітапханаларын жаңғырту – болашаққа қарай жасалған қадам. Біз жаңа технологиялардың, білім мен мәдениеттің жастарға да, ересектерге де, әрбір тұрғынға қолжетімді болуы үшін осындай заманауи кеңістіктерді құрып отырмыз. Кітапханалар әркім өзі үшін құнды нәрсені таба алатын танымал қоғамдық кеңістікке айналады. Бірі білім алуға, енді бірі шығармашылықпен айналысуға келеді, - деп бөлісті ойымен «TANA» қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова.

Кітапханалар мәдениет пен бос уақытты сапалы өткізудің салтын қалыптастыратын орталыққа айналатын шекаралас аудандарға ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті тұрғындардың өтінімдерін ескеру мақсатында жоба тобы 25 ауылды аралады. Тұрғындар көбіне балалар мен ересектерге арналған орталықтар, шығармашылық хабтар мен интернетке қолжетімді ақпараттық орталықтар құруды ұсынған болатын.

2025 жылға қарай 9 мың шаршы метр кітапхана ғимараты қайта жаңғырту жұмыстарынан өтіп, 100-ден астам кітапханашы қайта даярлау курсынан өтеді. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі үй-жайларды дайындау және жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Кітапханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға және кітап қорын жаңартуға «Қазақстан халқына» қоры 796 миллион теңге жұмсамақ.

Зарина Арман
Бөлісу: