Бородулиха ауданы гуманитарлық көмек алды

12 Маусым 2023, 15:15 863

Өрттің алғашқы күндерінен-ақ Бородулиха ауданындағы апатқа еріктілер мен қамқор азаматтар және жергілікті әкімдік көмекке келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гуманитарлық көмекті жинауға мемлекеттік органдар мен партия ұйымдары ғана емес, кәсіпорындар, жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де атсалысты. Олар өрттен зардап шеккендерге азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты ең бірінші қажет заттарды жөнелтіп жатыр. Барлық гуманитарлық көмек арнайы көліктерге тиеліп, өртпен белсенді түрде күрес жүргізіліп жатқан аумақтарға – Бородулиха-Жерновка мен Озерки-Талицаға жеткізілді.

Күн сайын 80-ге жуық жергілікті ерікті мен Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден астам адам өртті сөндіруге көмектесіп жатыр. Олардың орнын өзге де жанашыр азаматтар алмастырып отыр. Тек соңғы тәулікте 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс (картоп, пияз, сәбіз), 100 литрден астам май берілді. Шаруа қожалықтарының басшылары азық-түлік жеткізу үшін екі көлік бөлді.

Осындай қиын сәтте бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек. Біздің Отанымыз бір. Бұл апатты да бірге еңсеруіміз керек, - дейді Семейдің белсенді волонтерлерінің бірі Евгения Павел.

Равиль Ашығали
Бөлісу: