Балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы әлеуметтік желілерге мониторингті жүзеге асыру барысында «Атырау – Тандай-Х.Ерғалиев» автомобиль трассасы жанындағы бөлшектенген су айдындарында балықтардың қырылу қаупі жөнінде ақпарат анықтаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Инспекция қызметкерлері болжамды жерге жедел шығып, Атырау облысының Бақсай ауылдық округі өкілдері және жергілікті ауыл тұрғындарымен бірлесіп, балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 120 мың балық шабақтары құтқарылып, Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жалпы 2024 жылдың маусымынан бастап бөлшектенген су айдындарынан - 121 293 095 балық шабақтары құтқарылды. Оның ішінде Атырау облысында – 95 043 095, Батыс Қазақстан облысында – 26 250 000.
Бүгінгі күні Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарынан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасуда және инспекцияның үнемі бақылауында.