Болсайшы полицейдің бәрі осындай!

2 Маусым 2017, 09:00 4206

Полиция подполковнигі жерлесін өрттен аман алып қалды

Біздің арамызда көзсіз ерлік көрсеткен батырлар жеткілікті. Солардың бірі Петропавл қаласында тұратын Азат Мұхамедин есімді полиция қызметкері. Ол бір азаматты ажал аузынан алып қалды. 

Түнгі уақытта үйіне келе жатқан полиция подполковнигі әлдекімнің жанұшыра көмек сұраған даусын естиді. Қараса, бірінші қабаттағы үйлердің бірінен қошқыл түтін шығып жатыр екен. Азат бірден балкон арқылы үйге кіріп, түтінге тұншыққан ер адамды далаға алып шығады.Содан соң, қызыл жалынның арасында ешкім қалған-қалмағанын тексеру үшін үйге қайта кіреді.

Пәтер ішінде ол өрттің басталуына жылытқыш жанында бықсып жатқан киім себепші болғанын анықтайды. Токқа қосулы тұрған барлық техниканы өшірген соң, өзі де далаға қарай жүгіре жөнеледі. Бұл кезде оның басы айнала бастаған еді.

Бірнеше минуттан соң пәтерге келіп жеткен өрт сөндірушілер Азаттың батылдығына разы болыпты. Өрт сөндіру саласының аға инженері Руслан Нұртазин:

– Алғашында Азат бізге өзінің аты-жөнін айтудан қашқақтады. Жасаған ісін ерлік деп санамайтын болар. Мұндай жағдайда кез келген адам көмекке ұмтыла алмайтынын өзімнің өмірлік тәжірибемнен білемін» дейді.


Әзірлеген Жансая ТӨЛЕГЕН

 

 

Бөлісу: