Бөлінсек аз-ақпыз, біріксек қазақпыз – Абылайхан Қалназаров

26 Маусым 2023, 13:23 1948

Қазіргі алмағайып заманда елдің бірлігі, тұтасығы басты орында. El.kz тілшісі осы бағытта мәдениеттанушы-философ Абылайхан сұхбаттасқан еді.

Басыбүтін бір тақырыпта сұхбаттасуды оқырман жылы қабылдайды екен. Сондықтан да бүгінгі сұхбатымызды елдің бірлігіне арнасақ қалай қарайсыз?

– Жақсы. Солай болсын. Бұған дейін қазақтың ақпараттық-психологиялық соғысы, руханият, күш мәдениеті сынды тақырыптарды жүйелі түрде көтеріп келе жатсам да көптеген ел ағалары мен ғалымдар осыған дейін жарияланған «Билікті сынаған дұрыс, сыбаған қате»  сұхбатым арқылы танып жатыр екен. «Сыныңа сыным» деп сын айтқан әріптестер де табылды. Өз басым сол арқылы елдегі сын мәдениетін белгілі бір деңгейде көтеруге үлес қостым деп ойлаймын. Бірақ оның «Шымкенттің жұмсақ күші» кітабы мазмұнынан туындағанын кезекті рет айта кету керек. Яғни сын табиғатын билік пен қоғам бірлігі призмасы тұрғысынан тарқаттым. Ондағы басты фишка да сол болса керек. Ал билік пен қоғам ымыраластығы мен әріптестігі ғана емес, жалпы «бірлік-береке» мәселесі қазіргі таңда №1 көкейкесті түйткіл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың біршама уақыт бұрын Ұлытаудағы Құрылтайда «Бірінші Жалпыұлттық бірлікті нығайтуға баса назар аудару қажет» деп айтуы, кешегі Түркістан Құрылтайында да бұл мәселеге қайта оралып, Абай облысындағы өрт аясында ел басына түскен әр қиындықтың біздің береке-бірлігімізді сынға салатынын кезекті рет еске салуы да осыдан емес пе? Оған тапсырма беру, ал бізге алдын ала қамданып әрекеттену – басты парыз.

Сіздің жыл басында жарық көрген «Шымкенттің жұмсақ күші» кітабыңыз туралы түрлі пікір айтылды. Өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз?

– Жұмсақ кітап алғаш шыққанда оны бөле-жарушылық пен жершілдік кітабы ретінде қабылдағандар болды. Тіпті оқып білместен ауыр эпитеттер таңып, күстаналап, керек десеңіз бір жиында білдей шығыстық жазушы көрермендер ортасында отырған мені нұсқап бірталай әңгіме айтты. Шымкент жақ та әдепкі су тимес мінезіне салып, «көрмеген, білмеген» болып басын ала қашты. Ақордадағы басшылардың қырына ілініп қалармыз деген әсіре сақтықтары болса керек. Тіптен, отандық бүкіл БАҚ «Саяси технология туралы тұңғыш қазақша кітап» жарық көрді деп сүйіншілеп жатқанда, шымкенттік-түркістандық ресми басылымдардың үнсіз қалғаны қызық. Басында аядым, сосын жаным ашыды жәнеден ат үстіндегі бұл «тұлғалардың» кезінде бағасын алмасын біліп, түсіністікпен қарадым. Төл брендің мен маркаң құнды болу үшін жігіттерше мінез көрсетіп, «тұрып» та беру керек қой. Азаматтық та керек. Қазір ондай-ондай немқұрайдылық пен әсірелік басылды. Өйткені оның жалқы арқылы жалпының бүкіл шиесін шешуге арналған жалпылама әдістемелік кітап қана емес, бірлік пен ынтымақ технологиясының кітабы екендігіне көпшіліктің көзі жете бастады.

Ең бастысы, еліміздің ТОП-100 кіретін шешім қабылдаушы саяси истеблишментінің басым бөлігінің қолына тиіп үлгерді. Олардың тарапынан кей тұстарын жетілдіру бойынша да ұсыныстар келіп жатыр. Қазір екінші лайт-версия шығарылымын басу үшін жұмыс жасау үстіндемін.

Лайт-версияда неге басымдық беріледі?

– Бірлік пен ынтымақ мәселесін шешу жолдарын баса көрсеткім келіп отыр. Өйткені еліміз қазір тарихта бұрын-соңды болмағандай жікшілдік пен бөлінушілікке салынып алды:

Біріншіден, тіл – бір-бірінен дербес өмір сүріп жатқан қазақ тілді және орыс тілді орталар бар. Қазақ тілділер де монолит емес, диалект-говорды айтып, «дарбыз-қарбыз» деп далбасалап жүр.

Екіншіден, дін – дәстүрлі емес діндерді айтпағанда, Ұлы далаға тән мұсылманшылықтың өзі ішінара қырық бөлік. Оларға енді кеп тәңіршілдік деген ескінің сарқыншағы кимелеп қосылып отыр.

Үшіншіден, аймақ – оңтүстік, солтүстік, батыс пен шығыс, орталықшылдық бар. Оны ауызекі тілде «үйжандар, батыстықтар және басқа деп жүр.

Төртіншіден, ру – тайпа-жүзге бөліну аздай, оның ішіндегі тармақтары болып жік-жік.

Бесіншіден, әлеуметтік жағдай – қазақ қоғамы бай мен кедей болып түбегейлі қалыптасып болды. Қара халық тарапынан баяғы Лениндік-таптық сана оянып келеді.

 Алтыншыдан, Ресей мен Украин соғысы – мақтабастар мен украиншылдар шоғырлары. Бұл жерде батысшыл-америкашылар мен ресейшілдер, тұраншыл-түрікшілдерді айыру қиын. Кейінгі кезде арабшылдар мен қытайшылдар да пайда болды.

Жетіншіден, билікке қатынас – билікті қолдайтындармен қолдамайтындар. Кей жағдайда «ескі» немесе «жаңа қазақстаншылар».

Сегізіншіден, қазақстандықтар – қазақтар мен диаспоралар болып өз әлемдерін құрып алған. Одан қалса, қазақстандық қазақтар шеттегі елге оралған қандастарын бөлектеп әуре. Бұған қалалықтар мен ауылдықтар жіктелімін қос.

Сіздің «Қазақ-қырғыз бауырластығына күрес әлемінен 3 мысал» атты мақалаңызды оқығаным бар. Бұл да сол ауаннан екен...

– Жалпы, менің қай кітабым немесе мақалам, іс-қимылым болмасын, Қазақстан азаматы бола тұра ұлт-нәсілге, жүз-руға, діни сенім мен тілге, жер-топырағына бөлінгенді қойып, енді грамматикалық жағынан бөлінуге көшкен халықты елдікке шақырып, біріктірудің талпыныстары. Мен секілді бір ғана кісінің деңгейінде емес, мемлекеттік жоғары деңгейде алыс-жақын әлемдік ойыншылардан, батыс-шығыстан, іштен, жан-жақтан іске қосылған Қазақияны, оның ұстыны – титулды ұлт қазақты іріткіш, айырғыш, бір-бірінен бездіргіш түрлі жобалардың ықпалын жоюдың біртұтас идеологиясы мен стратегиясы түзілсе деймін. Халық та өз өміршеңдік мүддесіне жауап бермейтін, кешегісі мен бүгіні, ертеңіне жасалып жатқан бүкіл қиянатшыл «абракадабраны» түсінсе деймін. Мәселен, бұл бағытта менің өзім індетіп зерттеген, әлі де түбіне жетпеген екі мәселе бар: шымжатырқау және найман руына қырын қараушылық.

«Бақсам, бақа екен» демекші, екеуі де мақсатты түрде отаршылдардың сырттан таңған саяси жобалыр болып шықты. Біріншісі, Кеңес Одағының қолтумасы болса, яғни балшабек-советтердің ұлт ұлыларының сүйегі жай тапқан, Ислам діні орталығы қызметін атқарып, әлденеше ғасыр астана болған киелі өлкеге өзге отандастың жеккөрушілігін тудыруы. Айталық, жазушы Қалтай Мұхаметжанов бергі замандағы оңтүстікті жатырқаушылықтың бір қайнарын өткен ғасырдың сексенінші жылдары жаңаша қарқын алғанын айтады. Ол: «Оңтүстікке деген көзқарас, әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін мүлде өзгеріп кетті. Сол бір қаһарлы кезеңде «Желтоқсан оқиғасының басты себепкері – оңтүстіктің адамдары, оңтүстіктен шыққан басшылар мен басқа да кадрлар, Алматыда оқып жатқан оңтүстіктің студент жастары» деп айқайлай айтылып, жарнамалай жазылып жатты. Тереңірек толғансақ, сол Желтоқсан оқиғасы және оңтүстік жөнінде талай-талай әңгіме айтуға болады. Бұл жағдаяттың астарында небір қатпарлар жатыр. Ең бастысы, ұлт ұясына, ұлыс ұйытқысына деген өшпенділіктің жатқанын пайымдай білу керек. «Тіпті, «Известия» мен «Комсомольская правдаларға» дейін оңтүстікке қатты шүйілді. Олардың «әптішу» дегенін жерге түсірмей қағып алып, қайта басып отырды» дейді.

Екіншісі, Ақпатша заманының туындысы көрінеді. Қазақтың ішек-қарнын, болмыс-ділін әбден зерттеген империя жансыздары, жандарал-офицерлер аға сұлтандарды тағайындау, болыстық бөлініс арқылы төре низамын жойып, ел арасын ашқаны секілді ерлік тарихы мығым, басы асау іргелі руларға «сексеуілді сексеуілмен ұру» принципімен келесілерін қарсы қойып әлсіретіп бақты. Бұған да қатысты бұлтартпас дәлелдер көп-ақ.

Мұны не үшін айтып отырмын? Мәселенің масштабын түсіну үшін мысалдаймын. Кезінде ата жау болған қалмақты – заңды, ал алтаудың бірі – «татар» десе Алаш баласы неге тітіркенеді? «Өзбек-қырғыз» немесе «тәжік» десе неге өзінше мұрын шүйіріп, жақтырмайды. Өзіміздей түркі-мұсылман мол отырған Капқаз десе, «жүн төстер» деп неліктен өшігіп тұрамыз? «Дұнған-ұйғыр» десе, тіптен өршеленіп тұрмыз. Олар да неге бізге шабынып тұр? Ал бәріміздің ортамызға мұжық келсе, неге жаппай құшақ жая қарсы аламыз? Неге сөзін сөйлеп, капқаздықты, ортаазиялықты, яғни бір-бірімізді жығып береміз? Күні кеше релоканттар қаптағанда, Оралда жылы-жұмсағын беріп қана қоймай, темекісіне дейін қолбалаша жүгіріп тасыған жоқ па? Ой жіберіп көрген жан бар ма?

Сол айта беретін қазақ-қырғыз бауырластығы туралы мақалада мен нені жеткізгім келді? «Қырғыз жарасы» бітуі керектігін паш еттім. Емін табу үшін бөлуші емес, біріктіруші мағлұматтарды көптеп айтып, көрсетіп, жазуымыз керектігіне тоқталдым. Насихаттай беруіміз керек. Онсыз екі халыққа да елдік пен теңдік жоқ. Қазақ-қырғыз бір анадан туып қана қоймай, шықса, төбесі бір, өлсе, моласы бір болған тұс есепсіз. Ресей отаршыларына қарсы бірігіп соғысуға тиіс потенциалдың Кенесары уақиғасындағы өзара итырғылжыңда қалай рәсуі болғаны бізге сабақ болуы керек.

Сонымен, қырғыз да, басқа да, ағайын-бауыр, ал «Өзбек – өз ағам» дейсіз ғой.

– Бір қадірлі ақсақал айтқандай, өзбек – мұсылман, түркі, тілдес, ділдес, еңбекқор, кішіпейіл ұлт (Енді пендешілік қайда жоқ). Өзбекке деген Әбілқайыр-шайбандар заманынан қалған қандай да бір негативтің тарихи себептері бар да шығар. Бірақ бодандық кармасы ортақ, жиренерімізден бұрын үйренеріміз көп халық екендігі де рас.

Тарихи-идеологиялық призмада айтар болсақ, Ақпатша шенділері, кейін комиссарлар мен партократтар ғасырлар бойы бірге жасасып келген қазақ пен өзбекті символдық-мәдениеттік деңгейде бөліп қана қоймай, екі халықты шебер антагонизациялады. Зымиян коммунистік идеологияны пайдалану үрдісімен екі бауырлас жұртты ұдайы жарыстырып, өзара бой салыстырғызып, салғыластырып, өзіне бірігіп қарсы шығу мүмкіндігін жою арқылы екі жеп биге жетті. Тап осындай әзәзіл әдістерді әлі күнге сыртқы күштердің бізді – қазақтарды өзара және өзге де диаспоралармен жаулықта ұстау үшін пайдаланып жатқанын мойындау керек.

Мен атаулы кітабымда да «Шымкент, шымкенттіктер өзіне шымжатырқаушылар мен шымжаттар таңған жағымсыз рөлі мен стереотиптерін қабылдамауы керек. Өзін-өзі зерттеп зерделенген принциптерге сай қайта құрып, ішкі және сыртқы орталарда көпшіліктің назарын аулап, ешқашан да жалықтырмайтын жаңа даралық тапса нұр үстіне нұр. Өзгелерге өз бейнесін анықтауға мүмкіндік бергенше, Оңтүстік өз келбеті мен өзі туралы пікірлер шоғырын басқа ешкім де емес, нақ өзінің мүддесіне сай сомдауға тиіс» деп жаздым. Бұл сөздің жалпы қазақ елі үшін де жаны бар. Өйтпеген жағдайда дұшман ниеттілер жалпыұлттық және жалпықазақстандық бірлікке ұйытқы болатын бірден-бір күш – қазақтың, оны құраушы бөліктерінің маркасы мен деңгейін түсіріп, өздері қалаған жағымсыз образдармен байланыстырып, ассоциация жасап тастайды. Оған дәлел іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Қазіргі кинотеатрлар мен ютубты жаулаған мәнсіз де мағынасыз, дүбара фильмсымақтарды қара. Ауыл қазағын, қазақ тілді қазақты қандай күлкілі де карикатуралы бейнеде беріп жатыр? Ал оны біліп білмей жасап жатқан ессіздер, мұрнының алдынан арғыны көрмейтін көргенсіздер тағы да өзіміздікілер. Басқасын айтпағанда, ұлт ауызбіршілігінің басты кодтары – «асар», «аттан», «намыс», «ауыл», «ұят», «ағайын» ұғымдарының соңғы жылдары эрозияға ұшырап, құнсыздануы да кездейсоқтық па? Бұлардан да мен белгілі бір күш орталықтарының қастандық қолының табын көремін.

Осы ретте ойшыл Омар Жәлелдің «Бай қуатты болайық» бағдарламасындағы ұлт қадірі туралы айтқаны еске түседі. Омекең «Сау адам, сау ұлт өз елінде жүріп өзге тілде сөйлей ме? Өз тілін менсінбеу деген сөз мемлекетті менсінбеу деген сөз. Өзімізді сыйламаймыз. Ал өзін сыйламайтын ұлтты, мемлекетті ешкім сыйламайды. Ұлттық қадірді қайтаруымыз керек. Ол қадір грузинде бар. Ол қадір үшін Украина жан алып, жан берісіп жатыр. Прибалтикада ол қадір бар. Өзбекте де ол қадір бар. Әрбір өзбек «Мен – өзбекпін, өзіме өзім бекпін» дейді» дей келе, қазақ өзгелер алдында даусыз лидер болып соңынан ерту үшін ең әуелі қадір-қасиетінің қалпына келуін бірінші орынға қояды. Қандай дәл сөз!

Осы жерін кеңірек тарқата кетсеңіз...

– Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас. Былайша айтқанда, мемлекеттілік нышанының бірі – қазақ тілін менсінбей, шекесінен қарап жүрген қазақтар бар заманда өзге этностардың да қиғаш ұстанымда болуы, өздерін Қазақстаннан тыс сезінуі заңдылық. Тіптен, сол тілдің тасымалдаушылары – оңтүстік жұртшылығы мен оралман-қандастарға басқа планета секілді қарайтындардың көп болуы да таңсық емен. Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін емес пе? Не де болса, өзі онсыз да аз қазақ – жеріне сыймай жүрген миллиардтық үнді мен қытай емес. Бөлінсек, аз-ақпыз. Біріксек қана қазақпыз. Сайып келгенде, мемтілді құрметтеу – туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиісті.

Бұдан бөлек халқымыз өзінің шынайы болмысы мен күш-қуатын тануы керек. Алаш арманы мен идеясын кім құтқарып қалады? Қазақтар ел иесі ретінде бұл миссияның өздеріне тікелей байланысты екендігін түсінетін кез келді. Яғни ынтымақтасып, бірігіп, өзгелерге қандас Құрмет Талапқазының Маңғыстауға қуаңшылық кезде көмек ұйымдастырғанындай нағыз бауырмалдық пен ұйымшылдық, бірліктің қандай болатынын көрсетуге тиіс. Мұнда келген шетелдіктер «Бұлар өзара көмек емес, бір-біріне қарсы күресу жолында бірлік пен достықта екен» деп кетпеуі тиіс.

Қазақтар өркениетті дамудың қандай болатынын өз үлгісінде көрсетпей, посткеңестік кеңістік пен Орта Азиядағы катализаторлық өз рөлін түйсінбей бәрі бекер. Бірақ бұл заманауи трендтер мен редукционизм соңында кеткен кейбір билікшілдердің жүйкесіне тиеді. Себебі халық бойына құндылық егу – зергердің білезік соққаны секілді өте нәзік іс. Көп идеологтар осы ауыр міндеттен айналып өтіп, арзан атақ қуып, жеңілдің үстін таңдаған «сапа емес, сан» шығарушылардың қыметіне жүгінеді. Осылайша бұған дейін аймақ басшылығында болған жекелеген тұлғалардың талпыныстарына қарамастан, экзистенциялық реформа мәселесі әлі күнге бір шешімін таппай келеді.

Ұлттық бірлікке апаратын жол қандай?

– Мемлекет өз халқын жоспарлы да түбегейлі түрде бірыңғай бірлік сезіміне келтіруі керек. Саяси ерік-жігер болса, еліміздің оған құралы мен ресурсы толық жеткілікті, маманы да бар. Ол сезім ауызша тарих пен шежірелер, әруақ түсінігі арқылы ата-бабаларымызда болды. Кешегі кеңестік кезеңдегі әкелерімізде де мықты еді. Өкінішке қарай бүгінде бізде ол сезім қатты әлсіреді. Мысалы, бұл бағыттағы жұмыс үшін немістердің Берлин қаласына жасаған тәжірибесін қаперге алуға болады. Берлин қабырғасы құлағасын, берлиндіктер ұзақ уақыт өзара бірлік сезіміне келе алмапты. Ақыры «Be Berlin» – «Берлинмен өмір сүр» атты науқандық компания 2008 жылы старт алып, әйбат қаланы жалпақ жұртшылықтың қабылдауын бірегейлеуге арналады. Тарихтан мәлім, Берлин соицалистік және капиталистік саяси екі блоктың иелігінде болып, мазмұны да екі айыр болған. Ал оны оңдау үшін қаланың екі бейнесіне акцент берілген. Біріншісі – қала тұрғындарына, ішке арналса, екіншісі – қала қонақтарына, сыртқа арналады. Күні ертең Оңтүстік және Солтүстік Кореялар да тағдырдың жазуымен қосылып жатса, олардың алдында да осы проблема көлденеңнен шығатын болады.

Меніңше, бірлік сезімі – бұл кешегідей Қостанай мен Абай облыстарында өрт болса, Атырау мен Ақтөбенің, Шымкенттің жаны ауырып, мамандары мен техникасын шұғыл жіберуі немесе соған ниеттенуі. Яки Сырдария тасып, Арыс-Байзақ жарылып, Алматыда құрылыс қисайып жатса, Петропавл мен Павлодардың, Семейдің жабылып «сбор» ашып, көмек ұйымдастырып жатуы. Болмаса Маңғыстауда қуаңшылық болса, түркістандықтардың қолға орақ алып шөп орып, оларды батысқа жөнелтуі. Астанада бес қызы ажал құшқан Ситер отбасының қайғысы үшін, «қазақ емес, басқа емес екен» демей, бүкіл Қазақстанның қаражамылып, тиісті органдардан мұның сұрауын алуы. Осылай кете береді. Енді жікшілдік идеологиясына қарама-қарсы – осындай елшілдік рухты әрмен қарай бірыңғайландырып, мазмұндық жағынан дамыта беруге кім кедергі?

Сонымен, мұның бәрінен қандай тұжырым жасауымыз керек?

– Бірде Ақтайлақ би Дулаттың әкесі Бабатайға: «Солтабайдың Барағы әкесінен өте туып, ел билеп аға сұлтан атанды. Ал сенің ұлың Дулат ел кезіп, сөз қуғаннан аса алмады. Әкеден кете туды», – дегенде Бабатай: «Жақсы да болса, қарағым, Жаман да болса, қарағым, Солтабай төре бере ме, Жақсы туған Барағын!?», – деп мысқылшысын сөзден тосылдырыпты. Сол айтпақшы, «Жақсы да болса қазағың, Жаман да болса қазағың!». Сол қазақтың, Қазақстанның бір аймағын, ру-атасын, я әлеуметтік тобы немесе диаспорасын, тұлғасын «жаман» дегенде қайсы мемлекет орнына өзінің жақсы туған бөлшегін берейін деп тұр!? Әлде Германия мен Франциядан рейс-вагондап адам тасиын деп жүргендер бар ма? Кінә батпақтан бала жасап ала алмай жүрген өзімізде.

Батыс мақалы: «Қолыңнан келгеннің бәрін жаса, ал қалғанын тағдырға тапсыр». Қалай дегенде де айналада болып жатқанның бәрі де біздің соған жол бергендігімізден болып жатыр. Нұрланса да, қараланса да сол. Мен де өз деңгейімде қолымнан келгенді жасап жүрмін. Бірақ мұның барлығын жан-тәнімен ұғынса да, күнделікті қу тіршілік соңындағы қарапайым миллиондаған жан не істей алады? Бұл жерде проблеманы терең түсініп, көптеген факторлар мен процестерді ұлт мүддесі мен мемлекет әжетіне жарата алмай отырған құзіретті құрылымдардың басшылары мен идеологтарына сын. Ең алдымен, соларға елдік сана бергей!

Президентіміз Құрылтайларда «Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек» деп, «Біз «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз, бірлік пен тәуелсіздік мұраттары жолында ұйысуымыз қажет» дегенде осыны меңзеді деген ойдамын. Расымен де, біз, бірінші кезекте элита деңгейінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Халықтың бөлінгіш болмысы мен жікшіл қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау ертегі болып қана қалады.

Рақмет!

Айдар Қалиев
Бөлісу: