Болгария мен Болгарка: 110 жылдық уақыт үндестігі

16 Сәуір 2019, 00:00 6335

Болгарка – Қазақстанның төсіндегі «Шағын» Болгария

Қазақстанда тарихи болгарлардың жинақы тұратын орны дәл осы Ақтөбе облысы болып табылатынын біреу білсе, біреу білмес.  

Болгарлардың жинақы тұратын мекені Алға ауданына қарасты Болгарка ауылы саналады. Ақтөбе облысын соңғы санақ нәтижесі бойынша 689 болгар мекендейді.

1997 жылы Ақтөбеде Болгар облыстық этномәдени бірлестігі «Вяра» қоғамдық бірлестігі» құрылып, оның бірінші басшысы Копущу Иван Арсентьевич деген азамат болды.

2011 жылы заңнаманың өзгеруіне байланысты болгар «Вяра» Ақтөбе облыстық этномәдени бірлестігі» Қоғамдық бірлестігі болып қайта тіркеліп, оның жетекшісі Подольянова Анастасия Михайловна деген азаматша болды. «Вяра» болгар этномәдени бірлестігі қала мен облыстың мәдени және қоғамдық-саяси өміріне белсенді ат салысып келеді.   

Этномәдени бірлестік негізінен болгар тарихын, салт-дәстүрлерін, тілін, мәдениеті мен тарихын жаңғырту, сақтау және дамытумен айналысып келеді.

Этномәдени бірлестік жанында ақсақалдар кеңесі, жастар қанаты, облыстық және республикалық маңызы бар фестивальдар мен конкурстардың қатысушысы болып табылатын «Вяра» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді.

1992 жылы «Вяра» фольклорлық ансамблі Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы айтылған Қазақстан халқының алғашқы форумына қатысты. 

1 наурыз Көктем мен Жаңа жыл басын білдіретін Болгар мейрамы «Мартеница» дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

Көктемнің алғашқы күнінде қызыл және ақ жіптерден шашақтар түріндегі бойтұмарлар (мартеница) тоқылады.

Бір ай бойы мойынға, белге тағылатын бойтұмар соңында ағаш көп жеміс берсін деген ырыммен енді гүлдей бастаған жеміс ағашына ілінеді.

Ақтөбе болгарларының ерекшелігі – қазақ тілін жетік меңгерулерінде, оның дәлелі – аудандық және облыстық маңызы бар мемлекеттік тілге қатысты байқауларда этнос өкілдері әркез бірінші және жүлделі орындарға ие болып келеді.

Барлық көршілерімен бірге бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге тырысып, Қазақстанды өз Отаны деп санайтын болгарлар өзінің тарихи отанына баруға мүмкіндік пайда болған сәтте туған ауылдарын тастап кетіп қалған жоқ. Бүгінгі таңда өлкеге кезінде көшіп келген алғашқы болгарлардың ұрпақтары бүкіл республика бойынша тараған. Соған қарамастан, олардың ешқайсысы өз туған жерін ұмытпақ емес.

Қазақстандағы әр болгар өзінің туған жері ретінде Ақтөбе облысындағы Болгарка ауылын мойындайды. Қазір онда 400-ге жуық адам тұрады немесе 120 аулы, олардың тең жартысы – болгарлар.

Ол қасиетті жерде жүз жыл бұрын осы жерлерге жер аударылып қоныс тепкен алғашқы болгарлардың тікелей бесінші ұрпақтары тату-тәтті ғұмыр кешуде. Столыпин реформасының құрбандары болған болгарлықтар Қазақ жеріне сонау 1907 жылы алғаш рет жер аударылды.

Сонау қиын-қыстау кезеңдерде алғашқы болғарларды ақтөбе волостық старшина Евладов қабылдап, әрбір ер адамға қанша жер телімі берілетіні жайлы түсінік беріпті. Ол кезде әйел адам санаққа алынбаған екен. Сол себепті жер телімдері тек ер адамдардың басына шақталып берілген. Ақырында әр ер адамға 16,5 десятин жер беру туралы шешім қабылданды. Отандарында қысым көріп, қуғынға ұшыраған болгарлар үшін бұл жер телімдері баға жетпес сыйлық ретінде қабылданды.

Бүкіл Ресей жерін үш жыл бойы кесіп өткен  болгарлардың алғашқы легі (450 адам немсесе 80 отбасы) Ақтөбеден алыс емес жердегі Сарықобда өзенінің бойына келіп тоқтайды. Тарихта алғашқы көшпенділердің есімдері де сақталып қалған екен. Олар Маглели, Бошковтар, Мариновтар, Вориковтар, Киося, Келеш, Мумжу отбасылары.

Өздері Болгарка деп атап берген жаңа мекенге көп уақытқа дейін жаңа қоныс аударушылар келіп жатты. Копущу, Колтуклу, Козояка, Русаловы, Баурча, Пилич – бұлар екінші толқынды жер аударғандар. Олардың ұрпақтары әлі күнге дейін Болгарка елді мекенінде ойдағыдай ғұмыр кешуде. Келесі жылы Болграка ауылының құрылғанына 110 жыл толады екен.  

Көшпенділер ең алдымен таспен қоршалған құдық қазуға кірісе бастады. Ол құдықтар әлі күнге сақтаулы. Ондағы су тап-таза әрі сап-салқын. Сонымен бірге шарап пен жаңа егінді сақтайтын арнайы қоймалар да соға бастаған. Егіншілік пен жүзім өсіруді кәсіп еткен болгарлар Қазақ жерінде «жаңа мамандықтарды» игере бастады. Өкінішке орай, райхан гүлдері мен жүзім Болгарканы жерсінбеді, керісінше ең бірінші облыстағы аққулар дәл осы жерде пайда болыпты.

Одан басқа болгарлар жергілікті халықтан мал бағу, дүлей қыстан аман-есен шығудың амал-тәсілдерін үйрене бастады. Көктем келе болгарлар қазақтарды пияз бен кәртөп, бидай егуге үйретеді.

«Солай бірте-бірте тұрмыс жөнделіп, қалпына келе бастайды», – деп еске алады жергілікті мектептің бұрынғы директоры Наталья Бошкова.

Наталья Федоровна, айтпақшы, алғашқы көшпенді Федор Маглелидің  немересі болып шықты.

Оның әкесі Федор Федорович 1930-ы жылдары ауылдастары арасында көзі ашық сауаты бар жалғыз адам болған екен. Ол ауылда қазақ тілінен сабақ берген алғашқы ұстаз ретінде ғана емес, домбыраның құлағында ойнаған музыкант ретінде де аймаққа танымал тұлға болыпты.

«Осы күнге дейін Болгарка селосының тұрғындары қазақ тілін білу міндет деп санайды. Қазақ тілін меңгеру арқылы болгар халқы кеңпейілді қазақ халқына деген өздерінің шексіз алғыстарын білдіргендей. Егерде екі болгар кездесе кеткенде қайсысы бірінші болып қазақ тілінде сөйлей бастаса, қалған барлық әңгіме таза қазақ тілінде жүреді», – дейді сұхбаттасушы Наталья Бошкова.

Этномәдени бірлестік облыс аумағында алғаш болып Болгарлардың этнографикалық музей үйін ашқан. Ол Болгарка селосында орналасқан. Онда көне, өте сирек кездсетін, тарихтан қилы-қилы сыр шертетін экспонаттар көп жинақталған. Ешбір шегесіз жасалған ыдыс-аяқ сақтайтын шкаф, көне тігін білдегі (станок), бір ғасыр бұрын қазылған жерқойма мен саз-лай балшықтан тұрғызылған үйлердің қоршауларына дейін сақталған.

Дәл осы жерқоймада тура 100 жыл бұрын Қазақ жеріне көшіп келген алғашқы болгарлар өмір сүрген екен, кейін ол жеміс-жидек сақтайтын қоймаға айналған.

Кезінде Оңтүстік Бессарабиядан жер аударылған болгарлар бір ғасыр бұрын әкелінген салт-дәстүрлерін жоғалтпай, керісінше көздің қарашығындай сақтап отыр. Каварма, сарми и чорба сынды ұлттық тағамдарын да әзірлеп, қонақтарын қарсы алудан жалығар емес. Нағыз қонақжай болуды қазақ халқынан үйренгендерін де жасырмайды.

Болгарлардың отбасылары да қазақтардікі секілді көпбалалы болып келеді – 7-10 баладан кем емес. Сол себептен де көп жағдайда бесікті олар ас ішетін үстел маңына жақын етіп іліп қояды, бірақ әркез көз тимесін деп бесіктегі көрпе астына қайшы қояды екен.

Айтпақшы, өлі разы болмай, тірі байымайды демекші, болгарлар да о дүинеге аттанғандардың жандарына бағыштап түрлі ырым-жырымдарды жасайды. Солардың бірі – таң алдында молаларда дүние салғандардың жандары отқа ұшып келсін деп алау жағылады. Бұл «есікті ашу» деп аталады. Ал 40 күннен кейін «лгі «есік» ерекше салтпен жабылады, шын-шайтандардан алас болсын деп моланың қасында деп пияз бен сарымсақ қалдырылады.

Тағы бір аңыз археологиялық қазбалармен тығыз байланысты. Қорғандағы бірінші жер қабатын алып тастау үшін мамандар Болгарканың екі тұрғынын жұмысқа тарқтан көрінеді. Айтушылардың әңгімесіне сенсек, екі жерқазушы көп ұзамай онкоогиялық ауруға шалдыққан. Қорғандарды қор қылғандары үшін бұл біреудің жіберген қарғыс-жазасы деп жорамалдайды тұрғындар.

Айтпақшы, дүниеге келген сәбиді қазақтар «қырқынан» шығарған секілді болгарлар да дәстүр бойынша «кунуда» ырымын жасайды екен.   

Қазір ауылдағы көптеген отбасылар көпұлтты болып кеткен. Барлығы дерлігі қазақ тілінде сайрап тұр. Болгарлардың арасында педагогтар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, саясаткерлер мен құрылысшылар өте көп кездеседі. Олардың әрқайсысы егеменді Қазақстанның дамуына аянбай өзіндік үлестерін қосып келеді.

Айтпақшы, 2017 жылы Бессарабия мен Украинадан келген болгарлардың Қазақстанға алғашқы легінің көшіп келгеніне тура 110 жыл толыпты.

Айтпақшы, болгарлар демекші, Ақтөбе қаласына сонау Еуропадағы Болгариядан профессор Ганчо Тодоров Ганчев арнайы осы жердің жоғарғы оқу орындары мен ҚХА-ың арнайы шақырумен ат басын тірепті.

8 сәуірде Ақтөбедегі Қ. Жұбанов атындағы аймақтық мемлекеттік университет студенттері мен магистранттарына дәріс оқып жатқан жоғары мейман одан бөлек 17-18 сәуір күндері өтетін Халықаралық форумға қатыспақ ниетте екен.

Профессор студент жастарға әлемдік экономика, жобалау, маркетинг тақырыптарында дәріс оқып, тәжірибелік сыныптар ұйымдастырмақ. 

Ақтөбе қаласымен танысуын шетелдік мейман Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратынан бастағанды жөн санапты. Қазақ халқының қонақжайлығын танытпақ ниетпен Достық үйдің қызметкерлері мейманға дастархан жайып, бауырсақ пен  айраннан дәм татты. Одан кейін профессор аймақтың әр этномәдени бірлестіктерінің мәдениетіне, тарихына арналған көрмені тамашалап шықты. Оның барысында Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екенін және мұнда әрбір этнос өкілдері өзара татулық пен бірлікте өмір сүріп жатқанына көз жеткізді.

Сәлден кейін кездесу өңірдегі «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің тыныс-тіршілігімен танысумен жалғасты. Кең байтақ қазақ жеріне болгар халқының келу тарихы мен олардың өмір-салты туралы көп мағлұмат алған профессор көненің көзіндей сақталып келген болгар халқының бұйымдарын ерекше ынтамен көріп шықты. Сонымен қатар «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің қол жеткізген толайым жетістіктерін, алғысқа лайық марапаттарын тамашалап, шексіз ризашылығын білдірді.

Г. Ганчев мырза болгар халқының атынан өзгені көкірегінен теппей, бауырына басқан қазақ халқына зор алғысын білдіріп, қандас бауырларының Қазақстанда зор құрметке ие екендігіне көз жеткізіп, кеудесін мақтаныш сезім кернегенін жасырмады.

Мамыр айының 4-не дейін жалғасатын іссапары барысында профессор  қазақ халқының мәдениетімен етене жақын таныспақ ниетте екендігін жеткізді.

Айта кетейік, профессор Ганчев халықаралық қаржы, макроэкономика және кедейшілік мәселелері саласында қызмет етеді. Ол Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының түлегі. Сонымен бірге Францияның Нанси қаласындағы Еуропалық университет орталығында білім алған. Еңбек жолын Болгар Ғылым Академиясының Халықаралық қатынастар институтынан бастаған Ганчо Ганчев, аталмыш білім ордасында ұзақ уақыт қызмет етеді. Кейін Болгарияның Оңтүстік Батыс университетінің экономика факультетінің деканы қызметіне ауысады. Аталмыш жоғары оқу орнында біраз жылдар еңбек еткеннен кейін, профессор сол университеттің эконометрия лабораториясында жұмыс істейді. Қазіргі таңда сол лабораторияға басшылық етуде. Бүгінгі таңда профессор Ганчев 170-тен астам ғылыми жарияланымдардың авторы. Сондай-ақ, бірқатар болгар және халықаралық ғылыми журналдардың редколлегия мүшесі, болгар және халықаралық ғылыми қоғамының өкілі.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: