«Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырудың екінші легі басталды

3 Сәуір 2023, 14:51 833

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырудың екінші легі басталды, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Үміткерлердің құжаттары 2023 жылғы 28 сәуірге дейін eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қабылданады.
Биыл «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алуға 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Басым мамандықтар тізіміне 262 мамандық кірді. Үміткерлер робототехника, сервистік платформаларды әзірлеу, жасыл технологиялар, қоғамдық денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және т.б. сынды еңбек нарығында өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өтеді.

Инженерлік-техникалық және медициналық кадрларға арналған квоталар бекітілді. Енді олар алдымен мерзімі 12 айға дейінгі тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орнына жеңілдетілген шарттармен түсе алады. Оларға шақырту тапсыру талабы қойылмайды. Бұл аталған бағыттар бойынша түсетіндер үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сонымен қатар биыл үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді докторатураға түсетіндерді қоспағанда, кандидаттардың барлығы шет тілі бойынша сертификат тапсыруға міндетті, - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.

Тағы бір жаңалық - бағдарлама аясында оқытуды қоса қаржыландыру бекітілді. Шетелдік ЖОО-ның грантын ұтып алған үміткерлердің «Болашақ» шеңберінде қосымша қаржыландыруды алуға мүмкіндігі бар. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға қысқартылды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылғы алғашқы легінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен «Болашақ» стипендиясы 25 қазақстандыққа тағайындалды.

Жыл соңына дейін «Болашақ» стипендиясына өтінімдерді қабылдаудың тағы екі легі 5 маусым мен 7 шілде аралығында және  17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында өтетін болады.

EL.KZ
Бөлісу: