«Болашақ» бағдарламасы бірнеше мамандыққа жеңілдіктер бекітті

14 Желтоқсан 2022, 01:09 1327

Жеңілдіктер инженерлік-техникалық мамандар мен медицина қызметкерлерін қамтыды

«Болашақ» cтипендиясы үздік шетелдік жоғары оқу орындарда академиялық оқуға арналған жеңілдік санаттарының тізімін кеңейтіп отыр, деп хабарлайды El.kz бағдарламаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 2023 жылдан бастап инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медициналық мамандар жеңілдетілген шарттармен «Болашақ» халықаралық стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады.

Мемлекет басышысының тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар біздің бастамамызбен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады, - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Сонымен бірге жеңілдігі бар үміткерлер құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес. Олардың стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында білім алуға ұсынылатын университеттер тізімінен оқу орнын таңдауға мүмкіндігі бар.

«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар кандидаттарды қоспағанда, үздік шетелдік ЖОО-лардан шақыруы бар үміткерлер ғана қатысады.

«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдікпен қатысу үшін үміткер дипломының орташа балы – GPA кемінде 4.0-тен 3.0 болу тиіс. Сондай-ақ кемінде В1 деңгейдегі мемлекетік тілден КАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін меңгерудің орташа деңгейін растайтын құжат талап етіледі. Мәселен, ағылшын тілінде оқыған жағдайда, кемінде 9.0-дан 5.0 деңгейдегі IELTS сертификатын, қытай тілінде – кемінде 6-дан 3 деңгейдегі HSK, неміс тілінде - С1-ден B1-B2 деңгейдегі Goethe-Zertifikat ұсыну қажет.

Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасының шарттары бойынша мемлекет студенттерге оқу, екі жаққа ұшу, медициналық сақтандыру, визалық алымдар мен оқу материалдарына шығындарды өтейді. Оған қоса ай сайын стипендия төленеді.

EL.KZ
Бөлісу: