Болашақтың қаласы

7 Тамыз 2017, 11:35 7648

Нұркент жайлы не білесіз?

Жақында Қазақстан картасында тағы бір қала пайда болмақ. Алматы облысының, Панфилов ауданында орналасқан бұл жаңа мекенге - Нұркент атауы берілді. «Қорғас - Шығыс қақпасы» бағдарламасының аясында Қытай шекарасына таяқ тастам жерден бой көтерген жас қала әзірге ауыл тәріздес.

Панфилов ауданы арқылы Қорғасқа кетіп бара жатқан бойда, жол жиегіндегі ескі ауылдардың арасынан сәні мен сәулеті келіскен жаңа ғимараттардан тұратын Нұркент ауылын бірден байқайсың. Осыдан бес жыл бұрын елсіз жазық далада бой көтерген Нұркенттің бүгінде он мыңға жуық тұрғыны бар. Олардың басым бөлігі теміржолшы мен шекарашы, кеден ісінің мамандарынан құралған жас отбасылардан тұрады. Аталмыш саланың қызметкерлеріне баспана тегін әрі әлеуметтік көмектің барлық түрі көрсетіледі. Қала инфрақұрылымына сәйкес мұнда мектеп, балабақша, емхана сынды маңызды нысандар да бар. 30-ға жуық көп қабатты үйлері, 80-нен астам коттеджі мен кең әрі сәнді көшелері бұл өлкеде мемлекеттік бағдарламаның ерекше қарқынмен жүзеге асып келе жатқандығын байқатады. Дегенмен бұл бастамасы ғана. Нұркент қаласына артылар үміт зор. Болашақта екі ел байланысын нығайтып, Қытайға бастайтын алтын қақпаға айналатын алып шаһар болатынына мұндағы жұрт бек сенімді. Сондықтан да бұл қаладан хабары бар алыс-жақын ауылдағы ағайын  Нұркенттен үйлі болуды көздейді. Сондай жас отаудың бірі - Қалиевтер отбасы. Бүгінге дейін баспана жалдап келген Азиз бен Салтанат Нұркенттегі бес қабатты үйдің бір пәтеріне ие болды. Құқық қорғау қызметкері болып жұмыс атқаратын отағасы - Азиз жаңа қонысқа қыркүйек айының басында көшуді жоспарлап отыр.

- Жаңа пәтерімізге күзде көшеміз деп отырмыз. Мұнда бір жақсысы үйге жиһаз, тұрмысқа қажетті техника алып, оны мұнда көшіріп жүрудің қажеті жоқ. Үйдің ішінде барлығы бар. Тек киім-кешек, ыдыс-аяқ сынды заттарымызды көтеріп келе саламыз. Бұл жерде электр жарығынан басқа коммуналдық шығынды да мемлекет төлейді. Жалпы, өмір сүру үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалған деуге болады.

Бұл шаңыраққа қоныс тойымен қатар келген тағы бір қуаныш - санаулы күн бұрын Қалиевтер отбасы сәбилі болған еді. Жас ана атанған Салтанат декреттік демалысынан кейін жергілікті емханаға өзінің мамандығы бойынша жұмысқа жоспарлап отыр.

- Қала енді қалыптасып келе жатқандықтан мұнда жаңа жұмыс күші, білікті жас мамандар қажет. Жақында амбулаторияға барып анықтап білген едік. Мұнда әзірге стоматолог, гинеколог сынды білікті кадрлар жетіспеуде. Мен өзім медбике болып жұмыс атқарамын. Ұлым сәл өсіп, декреттік демалыстан шыққан сәтте қызметімді осы жерде жалғастырамын деп жоспарлап отырмын.

Жас отбасыларға мемлекет әлеуметтік қолдау танытқаннан болар, бүгінде Нұркенттегі бала туу көрсеткіші өте жоғары. Халық санының қарқынды өсуіне байланысты жас қала білікті мамандарға зәру. Енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан елді-мекеннің шешілуі тиіс әлеуметтік-экономикалық мәселелері көп. Таяу бес жылда бірнеше ірі кәсіпорын салынып, 35 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Жоспар бойынша Нұркент 2035 жылы заманауи сауда орталықтары мен биік тұрғын-үй кешендері, театры мен мұражайы, әсем саябақтары мен хауыздары бар, халық саны 100 мыңнан асып жығылатын қалаға айналуы тиіс.

Жалпы, ел үшін экономикалық маңызы зор аймақтан орын тапқан жас қаланың құрылысын, даму қарқынын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жіті бақылап, даму жоспарымен танысқан еді. Межелі жоспар ойдағыдай жүзеге асып жатса, таяу 20 жылда Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігінде орналасқан Нұркент ел экономикасына жаңа серпін берер аймаққа айналары сөзсіз.

 Суреттерді түсірген автор

Жазира Берғалиева
Бөлісу: