«Болашақ» стипендиантынан кеңес

6 Қыркүйек 2019, 17:06 8467

Ұлыбритания елінде білім алған журналист Бекзат Жүсіппен сұхбат

Қазіргі таңда білім жолына түскен жүздеген қазақстандық мұхит асып, шетелдерде оқып жүр. Бірқатары бітіріп келіп, түрлі салада қызмет етіп жатыр. Бұл келешекке жол бастайтын бірегей жобалардың бірі – «Болашақ» бағдарламасының жемісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұл халықаралық бағдарлама 1993 жылы құрылған болатын. Содан бері бүгінгі күнге дейін он үш мыңнан астам отандасымыз дүниенің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында білім алып келді. Бұл сондай-ақ жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, тіл меңгеріп, елге кәсіби маман болып қайтуына септік етеді. Осы орайда, біз жақында ғана оқуын сәтті аяқтап, Ұлыбританиядан елге оралған болашақ стипендианты Бекзат Жүсіппен әңгімелескен болатынбыз.

– Бекзат, әңгімемізді мыңдаған жастарға қанат бітірген «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу  идеясы қалай келгенінен бастасақ...

– Менің ағылшын тілін жетік меңгеріп, басқа жастар секілді шетелде оқу туралы арманым бұрыннан болған. Алайда нақты қолға алып, жоспар құрып, іске асыру 2015 жылы Қызылорда қаласының әкімдігінде қызмет етіп жүргенде басталды. Негізінен өзім бір орында екі-үш жылдан артық жұмыс істегенді қаламаймын. Өйткені одан кейін өзімде тоқырау басталады. Сондықтан өміріме өзгеріс енгізуге тырысамын. Мәселен, жаңа қызмет іздеймін. Сыр өңірінде екі жарым жыл еңбек еткен соң, алдымда мақсат болды: не жаңа жұмысқа орналасу, не шетелге оқуға кету. Содан айналамдағы жақын адамдарымен және достарыммен ақылдаса келе, екіншісін таңдадым.

– Осы бағдарламамен оқуға түсу үшін алдымен не істедіңіз? Неден бастадыңыз...

– Бәрімізге белгілі, бұл бағдарламамен оқуға түсу үшін ең алдымен ағылшын тілін білуіңіз қажет. Яғни, бұл негізгі барьер. Тілдік деңгей – «Болашақ» бағдарламасында талап етілген басты талап. Содан ақырындап ағылшын тілін жетілдіре бастадым.

Осы тұста айта кетейін, менің балалық шағым тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді. Ауылдық мектепте оқығандықтан, ағылшын тілінен сабақ өтілмеді. Яғни менде базалық білім де болған жоқ. Себебі мен мектепте оқыған жылдары ағылшын тілінен мұғалім болмады. Соған байланысты ағылшын тілін басынан бастап үйренуіме тура келді.

– Оқуға құжат тапсыру кезінде қандай қиындықтар мен кедергілер болды?

– «Болашақ»  бағдарламасына құжат жинауда, визаға өтінім беретін сәтте, өзге елдің жоғары оқу орындарының бірінен оқуға шақырту алу кезінде әртүрлі қиындықтар мен кедергілер барлық стипендианттарда кездесіп тұрады. Алайда барлығының шешімі бар. Бастысы ережесін жақсылап оқып, танысып, кей түсінбеген тұстарын сұрастырып білсеңіз болғаны. Одан бөлек, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан қазақ студенттері мен  оқуын тәмамдап келген қыз-жігіттер арамызда көп емес пе? Солардан сұрап, ақыл-кеңестерін алуға болады. Олар қуана-қуана өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

– Құжат жинауға қанша уақытыңыз кетті?

– Негізінен құжат жинауды «Болашақ» стипендиясын алуға дейін және алғаннан кейін деп екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оқуға түскенге дейінгі процесстедің алғашқысы – ресми сайттарында көрсетілген құжаттарды тапсыру. Сосын емтихандар басталады. Бірінші ағылшын тілінен, одан өткен соң, ана тіліміз яғни қазақ тілінен емтихан тапсырасыз. Кейін үміткерден психологиялық  тест алынады.  Ал төртінші әрі соңғы кезеңде сізді комиссиямен сұхбатқа шақырады. Осылардан сүрінбей өткеннен кейін, арада біраз уақыт салып республикалық комиссияның қортындысы бойынша «Болашақ» стипендиясының иегерлерінің тізімі жарияланады. Осы тізімнен аты-жөніңізді тапсаңыз, негізгі құжат жинау басталады.

Осы уақытта сіздің кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкіңіз болуы қажет. Мұны ең басты мәселенің бірі деп айтуға болады. Мәселен, кейбір адамдардың кепілдікке қояр үйі болмауы мүмкін. Бірақ жеке баспанаңыз болмаса, ата-анаңыздың не болмаса бауырыңыздың үйін қойсаңыз болады. Тіпті кейбір адамдар ауылдағы жер үйлерін де қояды. Бұл егер стипендиант екі жыл шетелде оқитын болса, кепілдікке қойылған мүлік соның қаржысын шығарады. Яғни «Болашақ» стипендианттың оқуына қанша қаржы бөлсе, кепілге қойылған мүлік сомасы соған шақ болуы керек. Өзіңіз байқап тұрғандай мұнда аса бір қиындық жоқ... Бірақ та бір айта кететін жайт, кейбір адамдарда осы тұсқа жеткенде «үйді кепілдікке қоямын» деген қорқыныш сезімі болып жататыны рас... Ондай адамдарға айтатыным, егер оқимын, оны бітіріп келем деген іштей сенім болса, ешнәрседен қорқудың қажеті жоқ. Себебі мемлекеттің сіздің баспанаңызды тартып алу мақсаты жоқ. Оларға ол керек те емес. Бұл жердегі кепілдікке үйді яғни жылжымайтын мүлікті қойғызудың түпкі мақсаты – барлық "Болашақ" студенттерінің жауапкершілігін арттыру. Бәрімізге белгілі, бұл бағдарлама іске асқан алғашқы жылдары стипендия иегері атанған жүздеген отандасымыз оқуды аяқтай алмады не болмаса оқуды тәмамдаған соң елге оралған жоқ. Міне, осындай жағдайлар  орын алмас үшін жасалған нәрсе деп ойлаймын. Яғни студент оқуын бітірген соң шетелде қалып қоймай, елге келіп қызмет етуге мемлекет сенімді болуы керек. Себебі ол біз секілді қаншама студентке қаржы салып отыр. Оқуды бітірсеңіз, еліңізге барып аймақтарда үш жыл, елорда, Алматы және Шымкент қалаларында бес жыл жұмыс істеп үйіңіздің құжатын қайтарып аласыз.

– Тілді қанша уақытта және қалай меңгердіңіз? Өзіңіздің әдісіңізбен бөліссеңіз...

– Мен тілді меңгеруді шамамен 27-28 жасымда бастадым. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу үшін IELTS емтиханын тапсыру барлығынан талап етіледі. Соның бес баллдық межесін алу үшін мен бас-аяғы жеті айдай дайындалдым. Ал соңғы үш айында тіпті мен жұмыстан босап, соған ғана ден қойдым. Кейін стипендиант атанған соң аталмыш бағдарламаның арқасында  Қазақстанда алты ай, Ұлыбританияда алты ай ағылшын тілін оқуға мүмкіндік алдым. Мұның барлығын есептесек екі жыл уақытым тілді үйренуге жұмсалған болып тұр. Ал бұған магистратурамды қосқанда үш жыл болады. Ағылшын тілі ана тіліміз болмағандықтан жүз пайыз меңгердім деп айта алмаймын. Тіпті ағылшындардың өзі де ана тілін жетік меңгермеген. Мысалы, қазақ тілін дұрыс білмейтін қазақтар да бар ғой... Сол секілді тіл деген өмір бойы жаттығумен, тәжірибемен келетін дүние. Тілді үйренуде өзімнің ерекше тәсілім жоқ. Алғаш үйрене бастағанда қарапайым сөздерді жаттап, өздігімнен қабылдауға жеңіл мультфильм мен кино көруден бастадым. Кейін арнайы ағылшын курстарына жазылдым. Сосын арнайы IELTS-қа дайындайтын орталыққа бардым. Сөйтіп, ел қатарлы оқып, үйрендім.

Осы орайда айта кететін жайт, қазір ғаламторда тіл үйренуге арналған көптеген ресурстар толып жатыр. Яғни ниеті бар адамға ешқандай кедергі жоқ. Кейбіреулер курстарға баруға қаржысының жоқтығын не болмаса бағасының қымбат болуын айтады. Бір білетінім, үйден шықпай-ақ Youtube-тағы сабақтардың көмегімен базалық білім алуға болады.

Жалпы белгілі бір тілді меңгеріп кету байқатпай өзімен-өзі келеді.  Бастысы – оқу қажет. Мәселен, сіз он күн дайындалып бірден нәтиже күтпеуіңіз керек. Өз басымнан өткен тәжірибемді айтайын, алғашында ағылшын тілін үйрене алмайтын шығармын деп жүрексінгеніммен, дайындығымды жалғастыра бердім. Содан белгілі бір уақыттан соң тілдік деңгейімнің көтерілгенін байқадым. Бұл өзі – өте қызықты процесс. Жоғарыда айтқанымдай, бірінші күні, екінші күні не үшінші күні сөйлеп кету мүмкін емес. Екі, үш немесе төрт айдан кейін ғана өзгеріс болып жатады. Бұл – әркімнің тілді қабылдау мүмкіндігіне байланысты.

Тағы бір ескерте кететін нәрсе, күнделікті қоғамдық орындарда ілінген не әлеуметтік желілердегі «Бір аптада ағылшын тілін үйретеміз», «Бір айда сөйлетеміз»  деген арзан жарнамаларға алданып қалмау керек. Себебі тілді үйрену тұрақты жаттығулармен ғана келеді. Ең бастысы адамда іштей оны үйренуге деген ықыластың болуы маңызды.

– Сіз шетелге оқуға түсерде жоғары оқу орынымен мамандықты таңдауда қандай нәрсеге баса назар аудардыңыз?

Мен «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжатты БАҚ санаты бойынша тапсырып, соның стипендиясының иегері атандым. Сол себепті менің таңдайтын мамандығым медиа саласына қатысты болу керек.  «Болашақтың» талабы сондай. Содан мен  келешекте қай салада қызмет еткім келетінін және қандай бағытты меңгергім келетінін шешіп алдым. Менің бағытым журналистика болғанымен, оның сан тараулары бар. Осылардың ішінен біреуін таңдамас бұрын мен өз-өзіме. “Бұған дейін не меңгердім? “Маған не жетіспейді?” деген сауалдарды қойып, ой таразысынан өткіздім. Барлығын сараптай келе қазіргі мамандығымды таңдадым.

Мамандықты таңдап алған соң жоғары оқу орнын іздеуге кірісесіз. Айтпақшы, сіздің таңдаған университетіңіз «Болашақ» бағдарламасының тізіміндегі жоғары оқу орындарының ішінде болуы керек. Одан кейін университеттердің рейтингісіне қараймыз. Мысалы, мен бес университетке оқуға түсуге ұсыныс білдірдім. Соның төртеуінен шақырту қағаз алдым. Сол төртеуін жан-жақты салыстырып, рейтингісі мен мамандығыма қарап, біреуіне таңдау жасадым. Сонымен қоса оқитын пәндерге және профессорлар құрамымен де жан-жақты таныстым.

– Сіздің ойыңызша, болашақпен оқудың қандай артықшылықтары  бар?

– Артықшылықтары өте көп. Менің ойымша, мемлекеттің жастарға ағылшын тілін жетік меңгеруге және әлемнің маңдай алды жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік жасауының өзі – үлкен жетістік, үлкен артықшылық. Сондықтан осы мүмкіндікті беріп жатқан мемлекетімізге алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Қай елде және қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?

– Ұлыбританияның шығысында орналасқан Норидж қаласындағы Шығыс Англия университетінде магистратура бойынша білім алдым. Мамандығым “Медиа, Мәдениет және Қоғам” деп аталады. Ал университетке келер болсақ, осы Ұлыбритания еліндегі 130 университеттің ішінде рейтинг бойынша  14-орында тұр. Журналистика, медиа саласы бойынша осы елдегі 10 үздік жоғары оқу орындарының ішіне кіреді. Менің мамандығым жоғарыда айтып кеткенімдей, таза журналистикадан гөрі медиа менеджмент, медиа және қоғамдық байланысты қамтыған.

– Ұлыбритания елінің оқыту жүйесі туралы айтсаңыз...

– Енді оқу жүйесі біздің елден бөлек. Бұл елде негізінен студенттерге көп жауапкершілік артады. Біріншіден, бағалар өте әділ қойылады. Біздегідей көңілге қарап, болмаса студенттің бұрынғы жетістіктеріне қарап бағалау деген мүлдем жоқ. Мысалы, мұғалім сізге жылы шырай танытып, жақсы қарым-қатынаста болуы мүмкін, алайда бағалау кезінде жазғаныңызға қарай бағасын қояды. Яғни біздің елдегідей кейбір келеңсіз жайттар орын алмайды. Өйткені студенттің жұмысын екі немесе үш адам кезекпен-кезек тексеріп, бағалайды. Сөйтіп,  әр жазғанымыз бірнеше адамның қарауынан өтіп барып, бағаланып отырады.  

Сондай-ақ, арнайы интернет платформа арқылы студенттің жұмыстары плагиатқа тексеріледі. Жалпы, Батыс елдерінде, Америкада плагиатқа өте қатты мән береді. Оған жаза да қатаң. Тіпті бұған қылмыс деп қарайды. Оқудан шығарып жіберуге дейін барады. Сондықтан еш жерден көшіріп ала алмайсыз. Аталмыш пайдаланатын жүйесі сіздің бір сайттан біреудің бес ғана сөзін ұрлап қатар жазсаңыз, соны плагиат деп шығарып береді. Сондықтан бір жерден біреудің айтқан ойын ұрлау болмаса дайын нәрсені көшіріп алу  мүмкін емес. Мұнда сабақтардан бөлек, университет қабырғасында күнделікті атақты адамдармен, белгілі бір саланың мамандарымен кездесулер өткізіліп тұрады. Олар түрлі қызықты лекциялар өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі.

Оған қоса, біздің жеке электронды поштамызға университетте ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы бір апталық жоспарлар  мен хабарландырулар келіп тұрады. Бірақ олардың барлығына қатысу міндет емес. Өз еркіңізде. Егер сізді сол хабарламадан белгілі бір тақырып немесе лекция оқитын маман қызықтырса, баруыңызға болады.

Ал кітапханалардың тәулігіне 24 сағат бойы келушілерге есігі ашық. Білім алғысы келген студенттерге барлық жағдай жасалған. Мұнда оларға арналған түрлі ұйымдар мен қауымдастықтар жұмыс істейді. Яғни студенттердің бос уақытын тиімді әрі қызықты етіп өткізуге бәрі де бар. Оқытушылар дәрістерді студенттерге оқиды және түсіндіреді. Ары қарай тақырып бойынша студент өз бетімен кітапханаларға барып, ізденеді. Университет кітапханасынан және электронды базасынан милиондаған академиялық еңбектер мен ғылыми жұмыстарды табуға болады.

– Өзіңіздің бір күніңіз қалай өтеді?

– Аптасына үш-төрт күн сабақтар болды. Таңнан кешке дейін дәрістер тыңдап, кабинеттерде отырмаймыз. Бізде сабақтар күнделікті екі сағат болмаса үш сағат қана болуы мүмкін. Тіпті кей күндері түске дейін екі сағат оқитын кездеріміз де болып жатады. Қалған уақыттың бәрінде біз өзіміз оқып, берілген тапсырма бойынша кітапханада ақпараттарды іздеумен айналысамыз. Бұлардан кейін уақытымыз болып жатса, қосымша түрлі үйірмелерге баруға тырысамыз. Өзім негізінен тілдік деңгейімді дамыту үшін «Speaking Club»-ға барғанды және шетелдік өзге де студенттермен  танысып, солармен көбірек тілдескенді ұнатамын. Одан қала берді бос уақытым болса, міндетті түрде жоғарыда айтқанымдай саясаткерлермен, журналистермен болған қызықты дәрістерге қатысамын. Сонымен қатар, отбасыммен, бала-шағаммен осы елдің өзге де қалалары мен тарихи орындарына саяхаттап, көрікті нысандарымен жақынырақ танысамыз. Жалпы менің ойымша, уақытыңызды тиімді жоспарлап тұрсаңыз, барлығына да үлгеріп, бәрін де көруге болады.

– Осыншама еңбегіңіздің жемісі саналатын дипломыңызды қолыңызға қашан аласыз?

– ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлау кезіндегі әлеуметтік желілерді қолдану тәсілдеріне қатысты диссертациялық жұмысымды  үш ай жаз бойы жазып, оны ойдағыдай тапсырып, елге қайтып келдім. Енді бұл жұмысымды комиссия мүшелері екі-үш ай көлемінде толықтай тексеріп, бағасын береді. Күздің соңы диссертациялық жұмысымыздың қорытындысы шығып, дипломымызды қолға аламыз.

– Алдағы уақытта «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқуға түсуді жоспарлап жүргендерге қандай кеңес айтасыз?

– Алдымен ағылшын тілін  дамыта беру керек. Мен өзімнің таныстарыма, іні-қарындастарыма осыны айтып отырамын. Тіпті көп тіл білген сайын оның өзіңізге тигізер пайдасы орасан зор. Одан кейін мамандық таңдау өте маңызды қадам. Оның модульдеріне  яғни, қандай сабақтар өтетініне мән беру керек. Сол пәндерден кімдер сабақ береді және қандай бағыттар қамтылады, не үйренесіз, тағысын тағы...

– Сыртта жүргенде елге деген сағынышыңызды қалай басасыз?

– Елді қатты сағынып, құса болдым деп айта алмаймын. Себебі бала-шағам қасымда болды. Алғашында тіл оқуға келген кезде де отбасымды өзіммен бірге алып келдім. Бастан-аяқ қасымда болды. Негізі осы «Болашақпен» оқуға түсер кездегі негізгі жоспарым өзімнің тіл үйреніп, білім алып, тәжірибелі маман атануым болса, екіншісі перзенттерімнің ағылшын тілінде білім алуын қаладым. Аллаға шүкір, сол жоспарларым қазіргі кезде орындалды. Тіпті олар мен ойлағаннан да жоғары нәтиже көрсетіп, ағылшынша сайрап жүр. Бала кез-келген ақпаратты тез қабылдайды, тез үйренеді. Олар таңнан кешке дейін мектепте болады. Сұрағыңызға оралсам, бала-шағам қасымда болғандықтан үлкен сағыныш болмады. Жалпы қазір интернет, видео байланыс адамдар арасындағы қатынасты жақсартқанымен,  сағынышты азайтып бара жатқан секілді. Әрине, өзің араласқан жақындармен бірге өткізген қызықты сәттерді сағынатының рас...

– Сол жақта өзіңізден басқа қазақстандық студенттер көп пе?

– Мен тұрған Норидж қаласында шамамен жиырмадай қазақ студенттері болды. Бірақ оның екеуі ғана «Болашақпен» оқып жатыр. Оның біреуі мен болсам, екіншісі докторантурада оқитын Қанат есімді жерлесіміз. Ал қалғандары өз қаражатына келген менен кіші іні-қарындастарымыз. Олардың бірқатары арнайы курстарда, басқалары бакалаврде білім алып жатқандар. Басымыз көбінесе Әз-Наурыз, Тәуелсіздік күні секілді ұлттық мейрамдарды тойлау кезінде қосылады. Қазақ студенттерінің көпшілігі негізінен Манчестер, Лондон, Эдинбург, Кардифф секілді ірі-ірі қалаларда оқиды.

– Лондонға алғаш барған кезге оралсақ... Сол кездегі алған бірінші әсеріңізбен бөліссеңіз... Сіздің ойыңызша, кез-келген адам жат елге шамамен қанша уақыттан соң бейімделіп кетеді?

– Алғаш келген кездегі әсер ерекше болады ғой... Бұрындары іс-сапарлармен шетелге шығып жүрсек те, дәл осылай ұзақ уақытқа келмеген едік. Оның үстіне келсек те, Лондонға не болмаса үлкен қалаларына ғана баратынбыз. Ал бұл жолы біз Ұлыбританияның аумағындағы шағын қалаларына келіп, жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың өмір сүру салтымен, мәдениетімен, дәстүрімен таныстық. Бұның өзі адамға бір ерекше әсер қалдырады. Өзіңізге жаңа орта, жаңа достар табасыз. Мұнда ешкім сырттан келген деп, бөліп-жармайды. Халықтың барлығы жылы шырай танытып, сыпайы күліп қарайды. Қолынан келгенше көмек қолын да созады. Басында, әр нәрсеге таңырқап қарадық. Кей тұстарын Қазақстанмен де салыстырамыз. Алайда уақыт өте біртіндеп қалыпты нәрсеге айналды.

– Мінеки, арада бір жыл өткен соң елге оралып отырсыз. Енді диплом алар уақытқа дейін немен айналысуды жоспарлап отырсыз?

– Өзім Маңғыстаудың тумасымын. Білім аламын, тәжірибе жинаймын деп туған жерден жырақта жүргеніме он бір жыл болыпты. Жақында өңірдегі телеарнаның басшылығына тағайындалдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сенім білдірген ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа, “Қазақстан” РТРК Төрайымы Ләззат Танысбайға және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа алғысымды айтқым келеді. Туған жерге, оның ішінде өзім қызметімді алғаш бастаған ұжымда қызмет ету мүмкіндігі туып тұр. Сол артылған сенім мен жауапкершіліктің үдесінен шығып, осыған дейін көрген-білгенімді, жинаған тәжірибемді мұнайлы түбектің төл арнасын дамытуға жұмсаймын. Әзірге жоспарым осы.

– Сұхбатыңызға рақмет.

(Суреттер Бекзат Жүсіптің жеке мұрағатынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: