2 Тамыз 2016, 05:33
Бірінші белес
ЖИЫРМА ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖАЗБАЛАР
немесе
ҚОЛТАҢБАЛАРДАН ҚАЛҒАН СЫР
Сырда туған сырласым,
Айналайын Оңалбай!
Бір ауыз өлең жазайын
Тұрғанда тілім жоғалмай.
Зорлығына мықтының
Жүрген жан едім көне алмай.
Қырыққа жасым келгенше
Тірлігім қойды-ау оңалмай.
Арқада өтті көп жылдар
Сыр бойына соға алмай.
Отыз жыл жүрдім шахтада,
Жыршылық өнер қона алмай.
Дүбірлі топқа қосылдым,
Жер астында жоғалмай.
Әлі де жүрмін өлеңнің
Күмбезін әсем соға алмай.
Солай да солай, Оңалбай,
Ер жігітте арман жоқ
Пайдасы тисе қоғамға-ай.
«Қазағым» деп сен жүрсің,
Баяғы заман болар ма-ай!
Шәмілдің күйі төгілсе,
Ертістің суы толар ма-ай!
Омбыда өткен көп жақсы,
Арман не болсаң солардай!
Шынболат ДІЛДЕБАЕВ.
Омбы қаласы.
(20-шілде, 1991 жыл).
Болған істің бастауы
Өліара шақ.
Қазақтың мұндай сөздеріне түсініктеме берудің өзі қиын.
Не ары емес, не бері емес, екі дүниенің ортасында қыл көпірдің үстінде қылпылдап тұрғандай сәт көз алдыңа келе қалғандай бола ма, қалай...
Бейнелі сөзді күнде айтып жүрген соң қарадүрсіндеу естілер, бәлкім. Десек те, мән-мағынасына барлай қарасаңыз, не ол боларын, не бұл боларын білмей дағдарған немесе бір кезеңнен екінші кезеңге аяқ басар сәттегі аз-кем іркіліс уақыт көңілде көрініс бергендей болады.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында біздің Қазақстандағы ел-жұрттың ішкі дүниесінде осындай бір тылсым үнсіздік пен беймәлімдеу алаңдаушылық сезімнің болғаны рас еді. Жетпіс жыл бойы жалынан жел сипап көрмеген кеңестік дәуірдің бауырына құрт түсіп, іріп-шіри бастаған болатын. Оны кеңестік дәуірдің ыдырауы деп атап, 90-жылдарды өтпелі кезеңге баладық. Өзі де солай еді.
Осынау өліара шақта жұрт көрші елдерге қарай мойын созғылап, кімнің қандай қаракет жасап жатқанына да қызығушылық білдіре бастады. Оңалбайдың Омбыға барғаны да осы кез болатын.
1990 жылдың қараша-желтоқсан айларында Оңалбай Садықов Омбыдағы Жоғары милиция мектебіне білімін жетілдіру курсына барды. Өзгелер сияқты оқып-тоқып, білімін жетілдіріп қана қоймай, айналадағы жәйттерге ежелден елеңдей құлақ түріп өскен жігіт ағасы Омбы қазақтарымен жүздесіп, тілдесуді мұрат тұтқан еді.
Екі ай уақытын босқа өткізбеу үшін әр облыстан барған қасындағы жігіттерді ұйымдастырып, қызу іске кірісіп кетеді. Осының алдында ғана белгілі журналист Қайнар Олжайдың Омбы қазақтары туралы жазған жарияланымдарын зерттей оқығаны үлкен көмек болды. Дегенмен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының әсері кете қоймаған уақыт қой, үстіне милиция киімін киген қазақтарға Омбыдағы халықтың ерекше көзқараспен қарағаны рас.
Омбыға бірге барған жігіттердің ішінде, әрине, пагон тағып жүрген соң, қорқып аяқ тартқандары да, сақтанғандары да болмай қалмады. Алайда, ішіндегі еті тірі, жүрегінің түгі бар, ұлтжанды бірнешеуінің басы қосылып, жергілікті қазақтарды іздестіре бастайды.
Ол кезде Омбы қазақтарының жастары, негізінен, би алаңдарында ғана бас қосып тұратын еді. Осыны біліп алған олар іздегендерін би алаңынан табады. Бар әңгіменің басы осыдан басталған болатын.
Оңалбайдың қазақ тілінде таза сөйлейтіні, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті осы тұста көп септігін тигізді.
Сабақтан гөрі жергілікті жұрттың өміріне үлкен қызығушылық танытқан жігіттер демалыс күндерінде қаладан шығып, ауылдағы қазақтардың өмірімен танысты. Бір қызығы – жер-жердің атаулары орыс тілінде жазылып тұрса да, жергілікті ел олардың атауларын қазақ тілінде атайды екен.
Ауылдағы жұрттың тілі де, салт-дәстүрлері де аса көп бұзыла қоймаған, барынша ұмытпауға талпынып жүргендері байқалады. Омбы жастары ғана емес, үлкендер жағы да Қазақстаннан келген жігіттерге ерекше сеніммен қарап, әлі белгісіздеу болса да, үлкен бір қолдау күткендей көрінді.
Мұның аяғы Омбы қазақтарының «Атамекен» қоғамдық ұйымының құрылуына алып келді. Оның төрағасы етіп Бауыржан Ахметов деген қазақты сайлайды. Бүгінде елге белгілі Алтынай Жүнісованың ол кезде енді ғана мектеп бітіріп, үлбіреп тұрған уақыты. Соның өзінде, қоғамдық істерге белсене қатысып, ортақ шаруаға етене араласқанды қалайтыны белгілі болып тұрды.
Сағаттың сергектігі мен Асқардың азаматтығы
Оңалбай бауырым!
Омбыдағы оң сапар – шуақты күндер мен тылсым түндер еске түскен сайын Өзіңді еске ала бермеске лаж бар ма?!
Оңалбай, ылғи да амандықта, жол үстінде жақсылық сәттерде қауыша берейік.
Сағат ӘШІМБАЕВ.
22.07.91
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің әлі тарай қоймаған кезі. Оңалбай әрі ойланып, бері ойланып, Омбы қазақтарына қолдау көрсету қажет деп шешті. Қалай? Бар мәселе осында. Өзі Омбыда жүріп ештеңе шеше алмасын тағы білді. Білімін жетілдіру курсындағы сабағы аяқталған соң, «Әйда, шу!» деп, Қызылордасына тартып кетуге де болар еді, олай жасағысы келмеді. Бастаған істі орта жолда аяқсыз қалдырса, соңы қалай боларын ойлады. Сөйтіп, Орталық Комитетте жауапты қызметте жүрген курстасы, ғалым, ақын Асқар Егеубаевқа телефон шалды. Бар мән-жайды білген Асқар Егеубаев «Қоғамның төрағасын алып, осында кел!» деп қысқа қайырды.
Алматыға келген соң, Омбыдағы «Атамекен» қоғамының төрағасы Бауыржан Ахметовты таныстырып, табыстап, еліне оралады.
Содан, ойландырған Омбы да қалды жайына, сағындарған сырластарының бейнелері де күңгірт тарта бастаған еді. Ішкі істердің қызметі қолды босатар емес. Күн күнге, түн түнге ұласып кеткендей, сапырылысқан асығыс уақыт зымырап өтіп жатты.
Арада бес-алты айдай уақыт өткенде барып, ойда-жоқта Алматыдан қуанышты хабар сарт ете қалды. Алматыдағы телевидениеде Музыкалық хабарлар Бас редакциясының бас редакторы, ақын Жүрсін Ерман қоңырау шалды. Ақын курстасы хабарлағандай, Оңалбай Омбыға тағы да баратын болды. Алайда, бұл жолы білімін жетілдіруге емес, Қазақстан делегациясының құрамында арнайы қонақ болып барады.
Ол кезде айдаладағы Қызылорданың Шиелісінде милиция қатарында жүрген жігітке бұл деген үлкен абырой, ерекше көрсетілген құрмет болатын. Бірақ, Омбыға оны кім жіберіп жатыр дейсіз, ол кезде де тәртіп – қатаң, жауапкерішілік – мықты. Оңалбай сасайын деді. Кезекті еңбек демалысына әлі ерте. Қайта бағы бар екен... Осы тұста бұл іске Алматыдағы сол кездегі Мемлекеттік Теле-радио кешенінің жетекшісі, атақты Сағат Әшімбаевтың өзі араласты.
Сағат Әшімбаевтың «Болды, әсті саспаңыз, бәрін реттейміз» деген бір ауыз сөзі оны бірден марқайтып тастайды. Артынша, сөйтіп, келісілген уақытта Омбыға тағы да жол түсті. Бұл сапардың жөні бөлек еді...
«Тамаша» Омбыны, Омбы «Тамашаны» тамашалады
Оңалбай туысқаныма жақындық, азаматтық ізетпен. Жерлесіңіз – Құдайбергеннен деп білерсіз!
1991 ж. Омбы
Оңалбай деген құрдасқа,
Жасымыз қатар сырласқа
Арнадым осы жырымды,
Замандас жөні бір басқа!...
(Әрі қарай әзіл өлеңі жазылған).
Сәлеммен, замандасың – Тоқсын.
Омбы қаласы.
22-шілде, 1991 жыл
Қолтаңба.
Бір ауыз сөз.
Бір ауыз сөз болғанмен, оның ар жағында қаншама сыр жататынын қайтерсіз. Өз уақытында, сол кезде бұл жазбалардың ешбір келіп-кетер әсері болмаған да шығар, кім білсін. Ал қазір қарап тұрсаңыз, осыдан 20 жыл бұрын жазылған жазбалардың жөні бөлек болып тұр.
Өткен тарихи кезеңдердегі әрқилы саяси оқиғалардың әсерінен ішкі шекараның арғы бетінде қалып қойған қандастарымыздың жай-күйіне алаңдаған жұрт оларға көмек қолын созуға әзір еді. Әсіресе, оған ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері ерекше ден қойып жүретін. Омбыдағы жұрттан Оңалбай әкелген жақсы хабар осы ойға түрткі бола кетті.
1991 жылдың шілдесінде мәдениет және өнер саласының бір топ қайраткерлерінен жасақталған Қазақстан делегациясы Омбыдағы қандастарымызбен жүздесуге барды. Ондағы ел-жұрттың қуана қызықтағаны «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымдары еді.
Омбы қазақтарының алдында сөз сөйлеген Сағат Әшімбаев «Қазақ болып қалуды біз сіздерге үйретеміз деп келсек, қателескен екенбіз. Керісінше, сіздерден үйренетін нәрсеміз көп екен!» деп үлкен сүйіспеншілігін білдірген болатын. Осы жақсы шараның өтуіне мұрындық болған Оңалбайға да өзінің ризашылық сезімін білдіріп, үлкен ықыласпен қолтаңба жазып береді.
Оңалбай Садықовтың қолында жүрген дәптерге сол уақытта, сондай-ақ, Лұқпан Есенов, Уайс Сұлтанғазин, Мәдина Ерәлиева, Қапаш Құлышева және тағы басқа өнер иелері өздерінің ыстық ықыластары мен қолтаңбаларын қалдырған болатын.
Бүгінде мұның бәрі тарихқа айналып бара жатқанымен, Оңалбай үшін тірі дүние. Қолтаңбалардың ыстық лебі білініп, әлі де жан-жүрегіне жылу беріп тұр. Сол кездегі қырықтың қырқасындағы жігіт қазір алпыстың асқарына қол салып тұр. Алайда, осыдан жиырма жыл бұрынғы жазбалар оны әлі де сол қылшылдаған қырықтағы көңіл-күйге бөлеп тұрғандай болады да тұрады...
«Алматы ақшамы» газеті, 26 сәуір, 2011 жыл
СОҒЫС. ЖЕҢІС ЖӘНЕ БІЗ
Алдымен, соғыс туралы
Тарихқа тереңдеп бармай-ақ қояйық, Бірінші дүниежүзілік соғыс жайында сіздің жадыңызда не қалды? Оған қазақтар қатысқан жоқ деп айта алмайсыз, оны тарихшы-ғалымдар жақсы біледі. Білмейтін біз ғана. Неге? Мұның жауабы ары-беріден соң, тіпті саясиланып та кетеді. Ұлтты жоқ қылудың басты амалының бірі – атын тарихта қалдырмау.
Бұл біздің басымыздан сан мәрте өтіп келеді. Оның да өзіндік амалдары мен жолдары бар. Соның бірі ұлттың атын әрқилы айту, әдейі шатастыру. Содан кеше кім болғаныңды, қайда болғаныңды білмей де қаласың. Оның үстіне, жазу-сызуы уақытша «өшіп қалған» халқымыздың артында із жоқ, тап-таза, аспаннан түсе салған сияқты көрінеді. Кеңестік жүйе де біздің тарихымызға «қызыға» қоймады. Өйткені, оның саясатына да томпақ келетін жері көп болды. Қолдан «бала» жасап алып тәрбиелеген оларға оңай түсті. Сөйтіп, тарих сахнасына қазақ деген «жаңадан ғана пайда болған ұлт» дүниеге келді... Оны «адам қылған» кеңестік жүйе болып шықты. Ал, адамдықтан «айырған» кім екені айтылған емес... айтылмайды да.
Сондықтан, өз жыртығымызды үнемі өзіміз жамап жүрмесек, тарих деген үлкен көмбенің астында ұмыт қалып кетуіміз де мүмкін. Мәңгілікке! Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына, Ұлы Жеңіс мерекесіне ерекше ден қоюдың қажеттілігі де сондықтан. Біз соғыста қан төккен, ажал құшқан аталарымыз бен әкелерімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Олар біздің тарихи тірегіміз. Бірінші Дүниежүзілік соғыстан әлемдік саясат бізге мұндай тарихты бұйыртпады. Сондықтан, Ұлы Отан соғысының әр сәті, әр ардагері, барлық оқиғасы біздер үшін аса қажет. Жалпы, бұл соғыс жайында еленбейтін тақырып болмауы керек. Ұлы Отан соғысы – Ұлы масштабта Ұлы достықтың аясында өткен Ұлы тарихи оқиға. Біз оны ұмыта да алмаймыз. Өйткені, біз әлі күнге дейін соның зардабын тартып келеміз.
Иемберген мен Қабижамалдың хикаясы
Екеуі де өмір бойы ұстаздық еткен еңбек ардагерлері. Қазір бірі сексеннің сеңгірінен асып, екіншісі сексенге таяп келеді. Құдай бере салған, туабітті ұлағатты жандар. Зейнеттік өмірдің құшағында, бала-шағаның алдында жүріп жатыр. Екеуі үшін Ұлы Жеңіс мерекесінің орны бір бөлек.
Жоқ, бұл кісілер соғыс ардагері емес. Алайда, жыл сайын Жеңіс күнін елден ерекше әспеттеп күтіп, айрықша атап өтеді. Таяуда бір қызықты жәйт болды. Ұстаздардың үйінде географиялық картаның болмай қалуы сирек кездесетін нәрсе. Бұл кісілердің де аракідік картаға көз салып, ойға шоматын кездері бар.
Бір күні осылайша географиялық картаға қарап ойланып отырған зайыбы Қабижамал апай көзіне жас алып, кәдімгідей жыламсырамасы бар ма. Үйде отырған қонақтар не болғанын түсінбей, абыржып қалды.
– Қаба, не болды, ойбай?
Апайдың асты-үстіне түсіп бәйек болып жатқан құда-құдағилары шынымен таңданып қалған еді.
– Жә, ештеңе де болған жоқ,– деді Қабижамал көзінің жасын сүртіп жатып. Содан шалына қарай бұрылып:
– Менің әкеме тағы бір жұлдызды қимағаның ба?– деп, балаша бұртиды.
Сұқ саусағын карта жаққа қарай сілтегенде барып, жұрт істің мән-жайына қаныға бастаған еді. Бірақ, не күлерін, не қоярын білмей әбден састы.
Иемберген аға Ұлы Отан соғысында әкесінің қаза тапқан жерін картадан белгілеп, атын жазып, Кеңес Одағы Батырының екі бірдей «Алтын Жұлдызының» суретін салып қойыпты. Ал, Қабижамал апайдың соғыста қаза тапқан әкесінің жатқан жерін белгілеп, атын жазып, бір ғана «Алтын Жұлдыздың» суретін салған екен.
Иә, әкелері соғыста қаза тапқан балалар үшін Ұлы Жеңіс мерекесінің орны қашанда бір бөлек болып тұрады. Түсінесің. Түсінесің де, күрсінесің...
Жұмагелді ағай мен Вьетнам соғысы
Түс қайта қарбалас жұмыстың басталып кететіні бар. Бір қолымды екі ете алмай отырғанда, телефон безектей жөнелді. Газетшінің қоңырауды қалт жібергені – қадамын шалыс басқаны. Телефон шылдырын күтіп отырғандай болып тұратынымыз бар. Ықыластана көтереміз. Тосын жаңалық, қызықты оқиға, ел күткен хабар – бәріне құлағымыз түрік. Жұртты бірінші болып қуанта білгенге не жетсін!
Телефон шалған Жұмагелді ағай болып шықты. «Шаңырақта» тұрады. 90-жылдардың басында Қарақалпақстаннан көшіп келген бір қауым елдің бетке ұстар абзал азаматтарының бірі. Өзі әдебиет пәнінің мұғалімі. Білмейтіні кемде-кем. Қазiр «Ақбұлақтағы» №154 мектепте жұмыс iстеп жүр деп естiгенмiн. Бір ауылда тұрсақ та, өзін көрмегелі оншақты жылдай уақыт өткен еді. 1992 жылы «Шаңырақ» балаларына арналған мектеп ашылып, тұңғыш қызым бірінші сыныпқа барғанда, солардың сынып жетекшісі болған-тұғын. Одан кейінгі алты баламның да бірінші сыныпқа бару рәсімдерінде мектепте үлкен басымен зыр жүгіріп жүріп қызмет еткенін қалай ұмытайын. Ол баспасөзге деген құрметi болатын. Қазақ басылымдарын құрандай аялайтын адам.
Он жылдан астам уақыт көрмеген кісінің телефон шалып тұрғаны да қызық қой, «Мені ұмытып қалған жоқсың ба?» дейді. Шын жақсы адамдардың көбіне әпенділеу келетінi бар. Мен жақсы мағынасында айтып тұрмын. Әйтпесе, бір ауылдың адамы, ауылды бірге тұрғызған кісілер – әсте ұмытыла ма? Оның үстіне, өзі балаларымды оқытса.
– Бүгін үйге қаншада келесің?– деді. «Кешкі сегіздерде боламын, бүгін ертелеу шығатын едік» деп, шынымды айттым.
– Онда үйге соғамын. Бір әңгімелесіп отырайық деп едім ғой,– дейді.
– Не әңгіме еді?
Мен де қызықпын, айта салатын әңгіме болса, үйге соғатынын айтпас еді. Жә, жарайды... Сонымен, кешке үйге келді. Жүр де жүр. «Біздің үйдегі апаң шәй-тамағын әзірлеп күтіп отырға» басты. Барып, апайдың (ол кісі де мұғалім) шәй-тамағын ішіп-жеп болған соң, «Ал, аға, не мазалап жүр? Әңгіме айтыңыз» деп шаруаға көштім.
– Ешқандай шаруа айтқалы отырған жоқпын. Жеңіс күні келе жатыр, мен бір аздап еңбектеніп едім, соны өзiңе көрсетсем бе дегенім ғой,– деді ағай. – Алатау ауданы бойынша өткен көрмеде бірінші орын алып еді...
– Оу, алдымен, бәрін содан бастамадыңыз ба?– дедім мен. «Жә, жай нәрсе ғой» деді де, келесі бөлмеге бастады.
Бұл бөлменің бір бұрышын көрмеге айналдырып қойыпты. Үстел үсті бейне бiр от пен оқтың арасы, жан алып-жан беріскен шайқас жүріп жатыр. Фашистің танкісі жанып, қанішерлердің бір-екеуі жер жастанып құлап жатыр... Біздің жауынгерлер жаралы болса да, жанталасып соғысып барады. Окоптың ішінде бір-екі жауынгер бүгежектеп жүр.
Жұмагелді ағай көрсетуін көрсетсе де, өзі ыңғайсызданып қалды. Оқушыға түсіндіріп жатқандай болғанын бір сәт әбестік көріп қалды ма екен, қайдам. Мен іліп әкеттім. Баяғыда Вьетнамда болғанда көргендерімді айттым.
Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған кезі. Вьетнамның нарықтық экономикаға бет бұрған шағы. Өтпелі кезеңіндегі көріністердің бәрі бізге таңсық нәрселер еді (кейін бізде де дәл солай болды).
Ханойдан Ньячангке бағыт алған бетте Сайгонға (Хошиминге) барып біраз күн аялдадық. Кеңес Одағының азаматтарын қатты сыйлайтын ел ғой, күтіп-бағып, бар жақсысын көрсетіп жүрді. Сонда, үлкен бір орталық музейге барганымыз есімде. Вьетнам соғысына арналған залға кіргенде, шайқастың ортасына тап болғандай күй кешкенмін. Айналасы атшаптырымдай көрінген бөлмеде үлкен үстелдің үстіне шайқас алаңын жасаған. Бәрі, тіпті адамына дейін қыбырлап қозғалып, қанды шайқасты басынан аяғына дейін көрсетіп береді. Тоқты қоссаңыз болды, вьетнамдық әскерлердің американдық басқыншыларға қарсы жүргізген шешуші шайқасын бастан-аяқ қайталап береді. Қай техника қандай үлес қосты, кім кімді атты, қандай тактика ойластырылды – бәрін оқымай-ақ біліп аласыз. Көз алдыңызда болып жатқан жанды кино! Кино да дәл мұндай көрсете алмайды. Жекелеген эпизодтар болмаса, бастан-аяқ жалпы планда (көріністе) шайқастың барысын қай кинодан көріп едіңіз? Жалпы (общий план), ірі, орта көрініс араласып отырған соң, шайқастың «қызығы» дәл берілмей жатады. Ал, мұнда Вьетнам соғысындағы қанды шайқас дәлме-дәл көрсетілген. «Сіздің макетіңізде ғана айырмашылық бар екен. Кішілеу... сосын бәрін ермексаздан (пластилин) жасапсыз. Ал, вьетнамдықтар кішкентай, айнымайтын ойыншықтардан жасаған. Оның үстіне, бәрінің жаны бар, қозғалып жүріп, кәдімгідей соғысады» дедім Жұмагелді ағайға. «О-о, ондай мүмкіндік қайда бізге!» деді ол. Өзім де ойланып қалдым. Шындығында, бізде мүмкіндік емес, құлық жоқ. Әйтпесе, Бауыржан Момышұлының ерлігін бейнелейтін осындай көріністі – Мәскеу түбіндегі шайқасты, әйтпесе, Сталинград шайқасын әрбір балаға қайталап көрсетіп отыруға шама жетеді ғой... Жеңіс күніне жасаған тартуын «Әйгерiмдегi» №149 мектепте өткен көрмеден кейін тастай салмай, үйінде сақтап отырған Жұмагелді ағайға іштей риза болдым. Ол жасаған шайқас көрінісінің бір шетінде сол аяғының сан етін снаряд жарықшағы жұлып кеткен менің әкем қансырап жатқандай сезілді. «Санитар неге көрінбейді? Көкем қансырап өліп қалмаса екен!» Берлинге жақындап қалғанда жарақат алып, шайқас алаңында қиналып жатқан әкем көз алдыма елестеп кеттi...
Жетпiстегi адам да әкесiн iздейтiнiн мына жұрт қайдан бiлсiн!
Редакциямызға екі әйел, бір ер кісі кіріп келді. Өздерін таныстырды. Алдында, екі әйелдің бірі – зейнеткер, Оқу ісінің үздігі Несіпхан Батырханова телефон арқылы хабарласқан еді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жақсы әңгіме айтып беретін кісіні алып келетін болған. Сол келістері – осы. Ішім сезіп тұр. Бірақ, мына кісі соғыста болған адамға ұқсамайды. «Бүкіл балалық шағын соғыс ұрлаған, қиындықты көп көрген, әкесі соғыста жоқ болып кеткен кісі. Әкесін қайдан іздерін де білмейді, ешқандай дерегі жоқ». Несіпхан апайдың айтуымен мән-жайға аздап болса да қаныға бастағандай болдым. Келген кісіде үн жоқ. Маған бір, қолындағы кітаптарға бір қарайды. Сөйлеп отырған Несіпхан апай. «Бұ кісі – Молдаш Әміребайұлы. Мамандығы – экономист. Өзі ақын, төрт-бес кітаптың авторы. Ұзақ жылдар бойы Түсті металлургия министрлігінде, кейін Қазақстан Республикасының Салық комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Өзін түсінетін, сырын ұғып, сырласатын адамға ғана айтатын соғыс туралы, Жеңіс жайында әңгімелері бар». Не айтпақ сонда? Көзімдегі сұрақты оқып қойғандай болған Молдекең: «Жеңіс туралы мен не айта аламын. Әкем де есімде қалмаған. Тек мына жазып әкелгенімді оқып берейін, оған қосарым да, аларым да жоқ» деді, ақыры, тіл қатып.
«Әке, бүкiл әлем Жеңiс күнiн тойлап жатыр. Бұл күндi менiң де ерекше атап өткiм келедi. Алайда, жыл сайын Жеңiс күнi келе жатқанда, менi тұңғиық ой түбiне тартып, мөлдiр де таза көңiлiмдi мұң шала бастайтынын қалай жасырайын. Өйткенi, сен соғысқа аттанғанда мен небәрi екi жастағы сәби екенмiн. Сенiң бейнеңдi көз алдыма елестете алмаймын. Мен сiздi көрген жоқпын, әке! Өзiм көрмеген әкемдi сағынамын. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен адам жалғыз сен ғана сияқты болады да тұрады маған. Не өлi, не тiрi екенiңдi осы күнге дейiн бiлмеймiн. Қазiр менiң жасым сiздiң жасыңыздан үлкен. 70-тен астым. Солай бола тұра, әлi күнге дейiн бозбаладай күйiңде соғысқа аттанғаннан кейiн бе, сен солай жас қалпыңда елестейсiң. Өзiңдi 70 жыл бойы iздеп келдiм. Мiне, бүкiл ел бүгiн Жеңiстiң 65 жылдығын тойлап жатыр. Сен бұл қуанышты көре алмағаныңа өкiнемiн. Қаншама биiктерге жетiп, қаншама табыстарға қол жеткiзсем де, кеудемде бiр өкiнiш қалып қойды. Сенi көргiм келедi, әке! Жетпiстегi адам да әкесiн iздейтiнiн мына жұрт қайдан бiлсiн...»
Соғыс, Жеңiс және бiз. Бiрiнен бiрi ажырағысыз дүниеге айналғандай. Бәрi қосылып Бейбiтшiлiк ұғымын асқақтатып тұрады. Бейбiтшiлiктiң қадiрiн түсiну үшiн де бiз соғысты ұмытпауымыз керек-ау.
«Алматы ақшамы» газеті,
СТАЛИНГЕ АРНАП «ҚҰРАН ОҚЫҒАН» ҚАЗАҚТАР
Мәскеудің ортақ астанамыз болып дүрілдеп тұрған уақытының бірінде, 80-жылдардың ортасына таяу Батумиде автокөлік саласы қызметкерлерінің Бүкілодақтық кеңесі өтетін болды. Жұмыс ортақ, мүдде ортақ болған соң, оған Кеңес одағына қарайтын он бес одақтас республиканың бәрінен арнайы делегаттар шақырылған болатын. Олардың қатарында Қазақстаннан баратын да бір қауым жұрт бар. Алматыдан Тбилисиге ұшып келген ұшақтан түскен екі-үш делегат, алайда, Бүкілодақтық кеңес өтетін Батумиге емес, Гори қаласына қарай бет түзеді.
«Ортақ өгізді» он бес ел
Бүкіл ел көлемінде өтетін үлкен іс-шараға ол кезде де ерекше мән берілетін. Мұндай істер, тіпті, сол сала қызметкерлерінің жеке мерекесі ретінде де көрініс беретін еді. Оған барынша күш салынып, алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізіліп жататын. Әрбір қатысушының келіп-кетуінен бастап, жолдағы күтімі, қарсы алып, шығарып салу, қаланы аралатып қыдырту, естелікке суреттерге түсу, тіпті, кейбір ішінара болып жататын жеке өтініштер бойынша қызмет көрсету – бәрі алдын-ала ескеріледі. Кеңес одағы бойынша өтетін мұндай шаралардағы кісі күтудің өзі қонағының асты-үстіне түсіп, бәйек болып жататын қонақжай қазақтың кейбір жақсы қасиеттерін ойға оралтатын еді. Келімді-кетімді жұрт та осыған сәйкес өздерін маңғаз ұстап, сыр алдырмас сырбазға айнала қалатын. Мұндайда бәрі өзара жарасым тауып, бұдан адамдар арасындағы айрықша бір сыйластықтың, көңіл қимастық пен бір-біріне деген ыстық ықыластың лебі есіп тұрады. Бәрінен бұрын, әр елден келетін қатысушылардың бір-біріне деген ақжүрек адалдықтары мен адами сенімдері, түсіністік пен сүйіспеншіліктері сезілетін. Жақсылы-жаманды бір шаңырақтың туын бірге көтерісіп жүрген соң, ой да ортақ, ниет те ортақ болып көрінетін.
Он бес одақтас республикадан келген әрбір адам өз елінің мәртебесін көтеруге, өз отанының бет-бейнесін көрсетуге, өзгелердің көңілінде өз жері туралы жақсы пікір қалыптастыруға барын салатын. Басқа жақтан келген қатысушылардан да дәл сондай ойды көре біліп, олардың әрбір қадамына ықыласпен зер сала көңіл бөлуші еді.
– Ол жылдардың да өз қызығы болды. Әркім өз республикасынан шыққан әлемге белгілі өнер қайраткерлері мен атақты жазушыларын, ержүрек батырларын айтып, соның елінен келіп отырғанын зор мақтаныш көретін. Ал, ондай танымал адамдар өз ұлтыңнан шыққан болса, тіпті, төбең көкке жеткендей болып, өзгелердің алдында өзіңді асқақ ұстауға болатын. Құдайға шүкір, біздің қазақтан шыққан мұндай тұлғалардың есімін ол кезде бір сәтте айтып тауыса алмайтын да едік қой, – дейді Батумиде өткен автокөлік саласы қызметкерлерінің жиынына барған сол кездегі ҚазКСР Автокөлік министрлігінің өкілі Медетқазы Бадамбаев.
Адамзаттың бәрін сүйген елміз
Қай кезде болсын, әр адам өз заманының ағымына сай өмір сүруге талпынады. Сол кездегі саяси идеология, айналадағы қоғамдық өмір әр адамның өз заманына сай көзқарасын қалыптастырып, ғұмыр кешіп отырған ортасына бейімдейді.
Адамдардың қанымен, жанымен жаңа қоғам орнатып, жарты әлемді басқа арнаға бұра тартып, өркениет пен мәдениеттің басқа бір биігіне ұмтылған кеңестік кезде туып-өскендер өз елінің нағыз азаматы болуды ең бірінші орынға қоятын. Бұл қазіргі көп адам жеңіл-желпі, ойланбай айта салатын жалаң патриотизм емес еді. «Ел болайық, жұрт болайық. Дұшпанға дес бермейік!» деген рухта өз отаны, өз халқы үшін жанын пида еткендер бойындағы алаулаған жалынды қалай жоққа шығаруға болады? Ал, мүдделес қана емес, қаншама жылдардан бері дос, бауырға айналып кеткен жұрт бірі үшін бірі өлуге бар еді. Бұл ешқандай да асыра айту немесе өткенді көксеу емес, адам тәрбиесінде ұрығын сеуіп, негізін қалыптастыруға болатын жарқын үлгінің бірі.
Осындай ақ жүрек, адал ниетті адамдардың басын қосып отыратын сол замандағы Бүкілодақтық жиындарда бұл айтып отырғандарымыздың бәрі айқын аңғарылып тұратын. Олардың бір-біріне деген ыстық ықыласының өмірде көрініс беретіндігі сонша, сол азаматтардың елінен шыққан әлемге әйгілі адамдарды да өз елінен шыққан азаматтай жақын көріп, оларды да мақтаныш тұтатын.
Бір сөзбен айтқанда, мұхиттың арғы жағындағы дұшпан ортақ болған соң, басқасының бәрі өздерін бір адамдай дос көрді. Ал, Абай айтқандай, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өскен біздің жұрт әрі-беріден соң, кеудесінде жаны бар, құдай жаратқан дүниенің бәріне үлкен ықыласпен қарайтыны белгілі. Қазақ – жатырқауды білмейтін халық, намысты алға қоятын жұрт.
Жаралғаннан тәубешіл елдің көңілінің төрінде де алдымен құдай тұрады. Жетпіс жыл бойы атейстік тәрбиенің жетегінде жүрсе де, құдай деген сөз ұмытылған жоқ. Соның өзінде үлкен мән жатыр.
– Грузияға барып тұрып, бізді ғана емес, бүкіл әлемді өзінің темірдей тәртібімен, қаталдығымен, соғыстағы жеңісімен табындыра білген Сталин дүниеге келген жерді көрмей кету үлкен өкініш болар еді. Бізді бастап барған Марат Бекмағамбетов Грузия КСР Автокөлік министрінің орынбасары күтіп алғанда бірден осы ойын айтты. Біздің қасымызда тағы Владимир Павлович Антонников деген автокомбинаттың директоры да бар еді. Күтіп алушылар бағытты өзгертуге болмайтындығын айтып, аздап күмілжіп еді, онысына қоймадық.Сөйтіп, Гори қаласына қарай бет алдық,–дейді әңгімесін қызықтыра сабақтаған Медетқазы.
«Халықтар көсемі» қона алмай жүр
Иосиф Виссарионович Сталин туралы қазір әр елде әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Сталин бұрын да, қазір де бірде ақталып, бірде қараланып жатады. Ол, тіпті, әртүрлі елдерде орын алып жатқан кейінгі саяси көзқарастарға байланысты да қайта сөз болып жүр.
Мысалы, 2008 жылдың тамыз айында Грузия мен Ресей арасында болған қысқа ғана соғыс кезінде Ресейдің бомбалағыш ұшақтары алғашқы сәттен нысанаға алған жердің бірі Оңтүстік Осетиямен екі арадағы шекараға жақын жатқан осы Гори қаласы еді. Мұнда Ресей бомбасы мүлдем түспеген екі жер бар екен, ол – Сталиннің мұражайы мен оның Орталық алаңда тұрған алты метрлік қоладан құйылған ескерткіші.
Бұл жәйтті қала тұрғындары бұрынғы кеңестік диктаторға деген Ресейдің айнымас құрметінің белгісі деп қабылдаған. Ал, бұл елдегі ресми билік Сталиннің мұражайын басқаша ұйымдастырып, қайта құруды, оны бар болғаны тарихи мұражайға айналдыруды көздеп отырған сыңайлы. Алаңдағы алты метрлік оның ескерткішін де орнынан көтеріп алып, сол мұражайлар қатарындағы экспонаттардың қасына қосты.
Мұның бәрін кейінгі саяси ойындардың себеп-салдары деуге болады. Шындығын айтқанда, бұл – әр елдің өздерінің қалыптасқан жағдайларға байланысты атқарып отырған ішкі мәселесі.
– Біздің саяси көзқарастарда шаруамыз болған жоқ. Жетпіс жылдай достық көпірі байланыстырып тұрған елдердің азаматтарымыз ғой, оның үстіне соғыс жылдарында үлкен ерлік пен өрлік көрсеткен елденбіз. Ұлы Отан соғысына қатысқан біздің аға буын Сталинді ерекше құрмет тұтады. Осының бәрі адамға әсер етпей қоя ма, Гори қаласындағы Сталин дүниеге келген үйге барғанда отырып құран оқыдық. Қасымыздағы орыстар да үнсіз-түнсіз күтіп тұрды. Біздің үлкен ықыласпен ізет білдіріп жатқанымызды олар да түсінді, – дейді әңгіменің қызығына түскен Медетқазы Бадамбаев.
Кеңестік кезеңнің соңына қарай Грузияға барған бауырларымыз сол кездің өзінде де Сталинге қатысты кейбір адамдардың ішкі ой-пікірлерінде түрлі қайшылықтардың бар екенін сезетін. Бірақ, Сталиннің аты – Сталин. Ол – тарих, әрі-беріден соң аты аңызға айналған адам. Оның тарихтан алатын айрықша орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Қалай десек те, Гори қаласына барған алматылықтардың көңілінде қылаудай арам пиғыл, екіұдай ой болған жоқ, олар адал да адами таза ниетпен Сталинге құрмет көрсетуді, тарихи орында болуды ғана ойлады.
Әкелеріміз өле-өлгенше Сталинді кереуетінің басына іліп қойып, қадір тұтып жүрген заманда бұған таң қалатын дәнеңе де жоқ еді.
«Алматы ақшамы» газеті,
ҚЫЗДАР ИНСТИТУТЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Құрметті редакция! Кейінгі кездері астанамыздағы Қыздар педагогика институтының жабылатындығы жайлы сөздерді жиі естіп қалып жүрміз. Мұның қаншалықты дәрежеде рас-өтірігін, әрине, біз білмейміз. Сондықтан да қолыма қалам алып, өздеріңізге хат жолдауды орынды санадым. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой, сонда ендігі жерде, шынымен-ақ, қыздар институтының қажеті болмағаны ма?
Алмагүл КЕНЖЕБЕКОВА,
Жаңақорған ауданы,
Қызылорда облысы.
***
Қыз Жібек, Баян, Еңлік, Гүлбаршын, Құртқа, Қарашаш сияқты қазағымыздың кешегі өткен ару қыздары біздер үшін мақтаныш қана емес, үлгі-өнеге. Сұлулыққа құштар адам өмірге де құштар болып өседі. Алайда, қазақтың асыл қыздары әңгіме бола қалса, көбіне өткен ғасырлардан мысал іздеп әуреге түсіп жатамыз. Бәлкім, дұрыс та шығар, дегенмен, ол қазіргі қазақ қыздарының ішінде ауылға алуға тұрарлығы жоқ деген сөзді меңземесе керек. Бұл орайда тек қазақ қызының шын бейнесін таныта алмай жүрген ақын-жазушы ағаларымызға өкпе айтуға тура келетін сияқты. Бірақ, менің айтпағым