Болашағын тек қазақ тілімен байланыстырған орыс қызы

29 Мамыр 2014, 06:03

Болашағын тек қазақ тілімен байланыстырған орыс қызы

Біздің мемлекетіміз жүзден астам ұлт өкілдері мен ұлыстарын бір шаңырақтың астына татулық пен бейбітшілікте біріктіріп отырған үлкен шаңырақ. Мемлекетіміз бейбітшілікті, достастықты басқа елдерге үлгі етіп отыр. Қазақстан жерін мекендеп келе жатқан өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі таңда біреуге жолдас, біреуге туысқан, біреуге ұстаз, енді біреуге үлгі тұтып, мақтан тұтар азамат болып кеткені рас.  

Майя Веронская - өзінің көркімен, кәсіби біліктілігімен, ең бастысы, қазақ тілінде еркін сөйлеу мәнерімен көптің көңілінен орын алған орыс қызы. «Қазақстан» телеарнасында телебағдарламалар, түрлі шоу және байқауларды мемлекеттік тілде өткізеді. Ұлттық арнада тележүргізуші қызметін атқарады.

 

 

Майя 1983 жылы 22 маусымда әсем қала Алматыда дүниеге келіпті. Отбасында төрт бала бар. Бесінші сыныпқа көшкенде ата-анасы оны Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 қазақ гимназиясына әкеліпті. Сол сәттен бастап Майя қазақ тілін үйренеді. Қазіргі таңда өз болашағын қазақ тілінсіз елестете алмайтын Майяның, сол кезде қазақ мектебіне берген ата-анасына айтар алғысы шексіз екен. Мектепті бітірген соң, әкесінің кеңесімен Абай атындағы ҚазҰПУ-дің қазақ филологиясы факультетінің «Аудармашы, іс-қағаздарын жүргізуші» бөліміне оқуға түседі. Қазақ тілінің деңгейін осы университет қабырғасында жүріп жоғарылатыпты. Университетті бітіргеннен кейін екінші жоғары білім – экономист мамандығын алып шығуға бел буады. Оқуын сәтті аяқтаған ол қарапайым хатшы болып қызмет істепті. Бүгінгі күні өзі де ана атанған Майя қазір ұлы Арсенді тәрбиелеуде.

Майя Веронская алғаш рет телеарнаға, «Хабар» телеарнасына «Лучше быть здоровым» ток-шоуына қарапайым көрермен ретінде келеді. Ол кезде Майя төртінші курс студенті болған екен. Кейін телеарна қызметкерлерімен танысып, әртүрлі ток-шоу, бағдарламаларға көрермен ретінде барып жүреді. Редактормен жақын таныса келіп, ерікті ретінде (волонтер) жұмыс істей бастайды. Телеарна қызметкерлері Майяның қазақ тілін жақсы білетінін байқап, тележүргізуші қызметіне алады. 2006 жылы алғаш жұмысын бастап, «Хабар» арнасындағы Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің осы жерде өз Отанын тапқаны туралы әңгімелейтін бағдарламаны жүргізген. Кейін «Қазақстан» телеарнасына ауысып, «АлемАрт» деген шоу және таңғы бағдарламаларды жүргізуді бастаған. Ұлттық арнадағы «Көңілашар», «Қайырлы таң, Қазақстан!», «Ассалаумағалейкум, ағайын!», «Таңшолпан» және «Екі жұлдыз» бағдарламаларын жүргізген.

Майяның тележүргізушілік қызметтен басқа да қырлары көп. Ол өлең жазумен де айналысады, актриса ретінде біраз кинофильмдер мен телесериалдардан да байқағанымыз бар. Майя Веронская Рүстем Әбдрашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмінде болашақ елбасымыздың мұғалімінің рөлін, неміс тілінің оқытушысын сомдаған. Сонымен бірге, «Айналайын, «Құрдастар» телесериалдарына түсті, Нұртас Адамбаевтың «KZ-ландия» әзіл-оспақ сериалында Светагүлдің рөлін сомдады.

Осындай еңбектерінің арқасында «Қазақстан патриоты» құрмет белгісімен марапатталған.

Қазнеттегі бір бағдарламадан Майя Веронскаяның бір сұхбатын естіп, оның тіл мәселесі туралы айтқан пікірлері маған қатты ұнады. Ол тілді ұмытпау үшін қазақ тілінде көп әдеби кітаптар оқитынын айтқан еді. Қазақ тілінде таза сөйлейтін адамдармен араласыңыз деп кеңес береді. Содан кейін тілдік қорлары мол, қазақ тілінің небір тамаша сөздерін өз ойларын жеткізуде қолдана білетін адамдар жаныңызда болса нұр үстіне нұр дейді.

Қазақ тілінің қаншалықты бай тіл екенін білетін Майя, «Қазақ тілі – ол Абайдың тілі, ол Әуезовтің, Есенберлиннің тілі десек, мен қазақ тілін білемін деп айтудан ұялам» деген болатын. Мен орыс қызының осындай қарапайымдылығына таңқалдым десем болады.

Өзінің бүкіл өмірі, қызметі қазақ тілімен байланысты тележүргізуші қыз, болашағын қазақ тілінсіз елестете алмайды. Қазақ тіліне деген алғысы шексіз. Ата-анасының сол кездің өзінде болашақта еліміздің тәуелсіздік алып, егемен ел болатын біліп, өзін қазақ мектебіне бергеніне ризашылығын білдіреді.  

Мемлекеттік тілді үйренгісі келетін кез келген адам, ең алдымен, осы тілді үйренсем менің алдымнан қандай мүмкіндіктер ашылады, болашақта оны қалай пайдалана аламын деп саралап алу керек дейді. Мысалы,  тіл үйренгеннен кейін өзінің алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылғанын айтады. Бала кезінде телеарна саласында қызмет жасағанды армандаған Майяның осы тілектері орындалыпты. Яғни, қазақ тілінің арқасында өз мақсатына қол жеткізген. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын,  өз Отанының толыққанды азаматы боламын деген кез келген адам, қазірден бастап тілді үйренуге кірісу керек деп есептейді.

Тіл үйрену үшін адам өзінің бойындағы қорқыныш сезімін жоя білу керек деген. Содан кейін тілдік ортаны табуға тырысу қажет, яғни қазақ тілін жақсы білетін адамдармен араласу, сонымен қоса адамның тілді үйренуге деген ынтасы болуы тиіс деп санайды. Онымен шектеліп қалмай, қазақша әдеби кітаптар оқу керек деп кеңес берген.

Қазақ тілі тек жай тіл ғана емес, ол мәдениетпен де, салт-дәстүрмен және қазақи мінез-құлықпен де байланысты деп есептейді тележүргізуші. Оның бойынан қазақ қызына тән сабырлылық, байсалдылық анық байқалады.

Жақында ғана Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясының ашылуы болған еді. Сол жерде елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса ер болар, бірлікті болса ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегі бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті ел болуымыздың кепілі. Мәдениет - тіршіліктің тірегі. Ортақ игіліктің ұлықталып, ұлы істерге ұйымдастырылуының бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім, бәрінің тамыры мәдениетте» деп сөйлеген сөзі терең ойға жетелейтіні сөзсіз. Демек өзге ұлт өкілдерінің арасындағы бірліктің алтын қазығы достық екені сөзсіз. Бұл Ассамблеяның сессиясы татулық пен достықты паш еткен еліміздің айқын көрінісі. Осындай елімізде, Майя Веронская сияқты мақтан тұтар, қадірлі қыздарымыздың мерейі өсе беруіне, осындай азаматтарымыздың қатары көбейе беруіне тілектеспіз.  

Әсем Жарымбекова

Бөлісу: