«Болашақтың» 14 стипендиаты АҚШ-тағы ең беделді ЖОО-на түсті

2 Тамыз 2022, 14:26 1192

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының 14 стипендиаты АҚШ-тың ең беделді ЖОО-лары енетін топ – «Шырмауық лигасы» университеттеріне түсті, деп хабарлайды El.kz «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

2022 жылдың алғашқы легіне енген 14 стипендиат Гарвард, Колумбия, Йель, Принстон, Браун, Дартмут, Корнелл және Пенсильвания университеттеріне оқуға қабылданды. Солардың бірі Ақбөбек Амангелдиева Колумбия университетіне «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша түсті. 

«Пандемия кенеттен басталғанда әлеуметтік желілерде COVID-19 емдеу шаралары туралы жалған ақпарат пен үрейдің тез таралуының куәгері болып, қоғамдық денсаулық сақтау саласына назар аудара бастадым... Менің бағдарламамның атауы – биостатистика және созылмалы аурулардың эмидемиологиясы саласындағы қоғамдық денсаулық сақтау магистратурасы. ДДҰ-ның мәліметі бойынша Қазақстандағы барлық өлімдердің 85% созылмалы ауруларға байланысты», - дейді Ақбөбек Амангелдиева. 

Еске салайық, Республикалық комиссия шешімімен биылғы жылдың алғашқы кезеңінде стипендия 199 қазақстандыққа тағайындалды. Жалпы алғанда, 2022 жылы магистратура мен резидентурада оқу үшін 385 стипендия, докторантура бағдарламалары бойынша 60 стипендия бөлінді. 

Жыл соңына дейін Республикалық комиссияның тағы екі отырысы өтетін болады. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар биылғы 14 қазанға дейін қабылданады. Тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады.

Бөлісу: