Болашақ Қазақстанның энергетикасы қандай?

18 Тамыз 2014, 10:27

Болашақ Қазақстанның энергетикасы қандай?

Ұлттық экономиканың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды сала әрі өнеркәсіптің басқа салаларын дамытудың басты базасы – бұл Энергетика. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Біз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатын боламыз. Жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек» – дейді.

Қазақстан Республикасының электр энергетикасын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасы тұжырымдамалық сипатқа ие және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мен Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыратын стратегияның негіз құраушы бөлігінің бірі ретінде әзірленеді. Электр энергетикасы базалық салалардың бірі бола отырып, кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік саласында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, электр энергетикасы Қазақстан Республикасы экономикасының басым секторларының бірі ретінде айқындалып, жаңа тиімділігі жоғары технологиялар мен елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) энергия қажеттілігін тұрақты төмендету базасында электр энергетикасының орнықты дамуы кезінде «энергетика - экономика - табиғат - қоғам» серпінді теңдестірілген жүйе ретінде қарастырылады. Жалпы, елдің әлеуметтік ахуалының жақсаруы, экономикасының дамуы тікелей энергетикалық әлеуетімізге тәуелді екеніне ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Қазақстанда қазір энергетика өнімнің үштен екісiне жуығы ЖЭС-терде, қалған бөлігі энергиясын СЭС-терде өндіріледі. Қазақстанның батыс аймағында энергетикалық шикізат көзі мұнай мен табиғи газ болғандықтан, сұйық, газ тәрізді және аралас типті отынмен жұмыс істейтін станциялар дамытылған.

Президентіміздің айтуы бойынша, алдағы уақытта Қазақстан электр энергетикасына қаржы салуға ең ыңғайлы нарықтың бірі болмақ. Сондай-ақ қазір Қазақстанда энергетика саласына инвестиция тартумен қатар, қалпына келетін энергия көздерін дамыту ісіне де көп көңіл бөлініп отыр. Еліміздегі энергияның 75 пайызы көмірдің көмегімен, 12 пайыздан астамы газды-мазуттан, 9 пайызы су электр стансалары арқылы өндіріледі. Қалпына келетін энергия көздері жылдың соңына қарай 1 млрд киловатт сағатты құрауы қажет. Бұл энергия тұтыну көлемінің 1 пайыздан астамы. Ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 пайызға жетеді деп болжануда. 2010 жылдың қорытындысы бойынша, электр энергиясын өндіру көлемі 82 млрд кВт сағатты құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 100 млрд кВт сағаттан асатын болады. Қазақстанның ұлттық электр торабы (ҰЭТ) электр энергиясының 2020 жылға дейінгі болжамы бойынша, 2015 жылы электр энергиясын тұтыну 100,5 млрд кВт сағатты құрайды, электр энергиясын өндіру 103,4 млрд кВт сағатқа жетеді. Сондай-ақ 2020 жылы электр қуатын тұтыну – 116 млрд кВт сағат, өндіру – 120 млрд кВт сағат болады.

Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі үш шартты аумаққа бөлінген. Атап айтсақ, Солтүстік аумақ (Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары кіреді), Оңтүстік аумақ (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары кіреді), Батыс аумақ (Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді). Тарихқа көз жіберсек, елімізде 1990 жылы 104,7 млрд кВт сағат электр қуатын пайдаланылыпты. Ал 1999 жылы бұл көрсеткіш 50 млрд кВт сағатқа дейін төмен түсіп кеткен көрінеді. Себебі ол кездері Кеңестер Одағы ыдырап, бүкіл өндіріс тоқтап, тіпті күнделікті тіршілікте де электр энергиясының тапшылығы айқын аңғарыла бастаған болатын. Дегенмен 2000 жылдардан бастап бұл салада аз да болса өрлеу байқалды. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну қарқыны артып, электр қуатын өндіру ырғақты жүйеге түсті. Бізде энергетиканың мұнай, көмір, су, жел, күн, атом деген түрлерінің барлығының энергия көздері бар.

Ел Үкіметі бекіткен 2015 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, электр энергиясын өндіруді, дамытуды жүзеге асыру үшін, еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстігінде қуат өндіретін электр стансаларын салу үшін бірнеше жылдан бері 12,9 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы көздері игеріліп келеді. Еліміздің оңтүстік облыстарының тау өзендерінде гидроэнергия ресурстарының 65 пайызы шоғырланған. Зерттеулерге қарағанда, Республиканың жалпы су әлеуеті жылына 170 млрд кВт сағатты құрайтын көрінеді. СЭС-терде электр қуатын өндіру құны арзанға түседі және басқа энергия көздерімен салыстырғанда, қоршаған ортаға келтіретін зияны өте аз. Сондықтан да соңғы жылдары СЭС құрылысы саласына ерекше назар аударылып отыр. Соның айқын дәлелі – Мойнақ СЭС-і. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде іске қосылған бұл СЭС оңтүстік өңірде, әсіресе, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы шаһарын электрмен толықтай қамтамасыз етуде қомақты үлес қосуда.

Әлемдік тәжірибеде күн энергиясын пайдалану да тиімді әдістің бірі саналады. Еліміздің табиғи жағдайы күн энергетикасын дамыту үшін аса қолайлы екендігі баяғыда-ақ дәлелденген болатын. Мәселен, оңтүстік өңірлерде жүргізілген зерттеулер қорытындысы күн сағаттарының саны жылына 2200-2300 сағатқа жететіндігін көрсетті. Жалпы, әлемде күн энергиясын электр ретінде қолдануы шынайы жүзеге асуы үшін, ғалымдарға көптеген кедергілерден өту керек болды. Тек қана қазір 100 жылдан астам уақыт өткеннен кейін ғана, күн энергиясын электрлік қолдану мәселесімен айналысатын жаңа ғылым саласы – «гелиоэнергетика» пайда болды. Бүгінгі таңда бұл саладағы жетістіктер өте көп.

 

Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу: