Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының жаңа бас бапкері Қайрат Сәтжанов видеоүндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
16 тамызда Қайрат Сәтжанов бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді.
"Мемлекет және Қазақстан бокс федерациясы басшылығы тарапынан сенім білдіріп отырғандарыңызға көп рақмет. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік деп білемін. Бүгінде Қазақстан боксында бірқатар мәселе бар. Ол мәселелерді өзіміз Париж Олимпиадасында көрдік. Ең бірінші жаттығу жоспарлары дұрыс құрылмаған және командалармен біріккен оқу-жаттығу жиындары өтпеген. Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Олар: жасөспірімдер, жастар және ұлттық құраманың бәріне бірдей көңіл бөлу, Қазақстанда болатын жарыстарды, іріктеу турнирлерін әділ өткізу, жаттығу жиындарының бәрін бір жүйеге келтіру. Команда жұмысын жақсарту үшін шетелден мамандар, атап айтқанда, жалпы дене дайындығының маманы, ғылыми топ және бапкер–консультант шақыру ойымызда бар. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болу – елге қызмет ету. Ел сенімін ақтауға барымды саламын", - деді Қайрат Сәтжанов.