Боксшы Карина Ибрагимова Париж олимпиадасына дайындығы туралы айтты

4 Сәуір, 14:32 6565

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейілінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалуда.  
 
Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – бокстан әйелдер құрамасының өкілі Карина Ибрагимова. Отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алды. 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін жерлесіміз жарыстың финалында тайбэйлік Ютин Линмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Сөйтіп Карина Азиада қорытындысы бойынша күміс жүлде еншілеп, Олимпиада лицензиясына ие болды.

Азия ойындарындағы басты мақсатым – лицензия жеңіп алу болды. Сол мақсатыма қол жеткізіп, турнирдің жартылай финалына шыққаннан кейін  менде әрі қарай жұдырықтаспай-ақ қойсам да болады деген ой болған жоқ. Иә, жолдама бар, десе де рингтегі жұмысымызды жалғастыруымыз керек. Азия ойындарының тарихында әйелдер боксындағы ең үздік нәтижені Жайна Шекербекова көрсеткен болатын. Ол да күміс жүлдегер атанған. Ал мен жай ғана тарихты жаңартып, Қазақстанға көптен күткен алтын медаль әкелгім келді», - деді Карина сол сәттегі әсері туралы.

Кейіпкеріміз спортпен 2012 жылдан бері шұғылданады. Айтуынша, ол спортқа кездейсоқ келген. Ибрагимовтер әулетінің досы бокстан жаттықтырушы болатын, Каринаның әкесі де бокстың үлкен жанкүйері еді. Сөйтіп әкесі мен досы Каринаны алты ай бойы бокспен шұғылдануға үгіттеген. Осылайша, Каринаның алғашқы жаттықтырушысы және тәлімгері әкесінің досы болды.

Мен бар болғаны әкемнің көңілі тоқ болу үшін боксқа баруға шешім қабылдадым. Сол кезде біз ауылда тұратынбыз. Бапкерім бокс – олимпиадалық спорт екенін айтқан кезде «қайдағы Олимпиада?» деп ойладым. Мен және Олимпия ойыны – аспан мен жер сияқты көрінід», - дейді боксшы.

Өз кезегінде Каринаның жеке тәлімгері Александр Высоцкий шәкіртінің кәсібилігі жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, Карина өзгелердің арасында тәртібімен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп тұрады. Бапкер қойған барлық тапсырма мен мақсаттарды барынша орындайды.
Каринаның бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолына көз жүгіртер болсақ, ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері (2018, 2022, 2023), Азия ойындарының күміс жүлдегері (2023), Азия чемпионы (2022), халықаралық және ішкі турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.

Жеке жаттықтырушысы Олимпиадаға дейінгі дайындық кезеңнің маңызы зор екенін айтады. Яғни, боксшы жарысқа нағыз бабында баруы үшін Олимпия ойындарына дейін кемінде 8 жекпе-жек өткізуі қажет.

Парижге дейін жарыс сәтін, атмосферасын сезіну үшін міндетті түрде 1-2 турнирге қатысуды жоспарлап отырмыз. Өйткені жаттығудың, спарринг жасаудың, жарысқа қатысудың жөні бөлек, – дейді Карина Ибрагимова.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: