БОКС: Азия чемпионатынан 7 алтын, Азия ойындарынан 6 алтын!

7 Қазан 2014, 03:19

Сонымен, Азия ойындарында біздің жігіттер қалай шапты?

ХVІІ Жазғы Азия Ойындары қазақ боксшылары үшін табысты бәсекеге баланады. Себебі, бұған дейін сары құрлық бәсекесінде қазақ боксшыларының жетістігі үш алтыннан аспайтын. Бұл жолы қоржынға алты алтын, бір күміс, бір қола медальға жетті. Рекордтық көрсеткішіміз – Азия ойындарының тарихындағы Корея мен Жапониядан кейінгі ең көп жүлде болып саналады. Қуантатыны сол, Ұлттық құрама сапындағы  сегіз боксшының жартылай финалға шығуы 2013 жылғы Азия чемпионатындағы жетістігімізді аңғартса керек-ті. Алматыда өткен әлем чемпионатында сегіз жігіт жүлдеге ілінгенде «сыртта осылай қайталай алар ма?» күдік болғаны жасырын емес.

Бұл жолы... біздің жігіттердің үшеуі Азия ойындарында екінші мәрте финалға шықты. Ең бастысы, Данияр Елеусінов қазақ боксшылары арасында құрлықтың ойында екі дүркін чемпион атанған алғашқы  боксшы деген мәртебеге ие болды. Бұған дейін сары құрлықтағы ойында екі дүркін жүлдегер атанған боксшылар аз болғанымен, екінші мәрте чемпион атағандары болмаған еді.

Сонымен, Азия ойындарында біздің жігіттер қалай шапты?

48 келі.

Құрамадағы Біржан Жақыпов тоғыз жылдан бері ешкімге бермей келе жатқан ең жеңіл салмақтағы жетістік соңғы екі жылда көңіл қуантады. Былтырғы Азия чемпионатында Теміртас Жүсіпов алтынмен бастаған болатын. Әлем чемпионатында да бұл салмақтың алтыны қазақ боксшысының еншісіне бұйырған. Енді Азия Ойындарының финалында Жақыповтың жұдырықтасуын қалыпты жағдайға балай берсек болады. Мұның алдында Қытайда өткен ойындарда Жақыпов финалда алаң иесі әйгілі Зоу Шиминьге есе жіберіп еді... Екінші күміс Жақыповтың тақиясына тар келмегенімен, әлем чемпионының бұл ойынға соңғы қатысуы болғандықтан алтын ауадай қажет еді. Өкінішке қарай, Жақыпов әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері кәріс боксшысынан артық өнер көрсете алған жоқ. Тең дәрежеде өткен бәсеке болғандықтан, жеңістің алаң иесіне бұйыратыны айтаса да түсінікті. Ең бастысы, ол Мұхтарханнан кейінгі Азия Ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанған екінші боксшы.

52 келі.

Болат Жұмаділов 2000 жылы боксты қойғалы бұл салмақтағы боксшылардың бағы мүлдем жанған жоқ. Мират Сәрсембаев 2005 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатында қола жүлде алғаны болмаса, одан өзге айтулы табыс деп Азия біріншілігінде иеленген қола мен күміс жүлделерді ғана атай аламыз. Бұл жолы Ілияс оза шаба алды. Барлық жекпе-жекті ойдағыдай өткізген оның жолы оңай болған жоқ. Азия үздік саналатын мықтылар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өзбек боксшысы Жасурбек Латипов қатысқан жоқ. Одан бөлек, былтырғы Азия чемпионы қырғыз Азат Есенәлиев ширек финалда қабағы жарылып, жарыстан шығып қалды. Азиядағы азулы боксшыларды Сүлейменов жеңгенімен, бұл жолы кездескен болса оңайға түспейтін бе еді?! Инчхондағы жарыс Ілияс үшін көптен бері бауырын жаза шапқан дода болды. Себебі, ол бұған дейін Азия және әлем чемпионатында жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған еді.

56 келі.

Қайрат Ералиев өз деңгейінде өнер көрсете алды деуге негіз бар. Былтыр Азия чемпионы  атанып, күзде әлем біріншілігінде қоланы қанағат тұтқан. Енді Азия ойындарында тағы да қоламен шектелді. Азия бойынша бұл салмақта жапон, моңғол боксшылары олимпиада жүлдесін иеленген. Олардан Ералиев бір мысқал төмен болмағанымен, жартылай финалдағы өнері көңілден шыққан жоқ.

60 келі.

Бұл салмақта әлі де бәсеке қарқынды емес. Ғани Жайлауовты алмастырған Берік Әбдірахманов Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері болғанына қарамастан, құрлықтың бәсекеде бейтаныс палестина боксшысына есе жіберіп қойғаны өкінішті. Әрине, өзбек я моңғол боксшысынан ұтылса әңгіме басқа... Айта кететіні, мұнда сынға түскен боксшылардың қайсы болмаса осал емес. Дегенмен, алаң иесі, кәріс боксшысы фаворитке баланған еді. Оның қатарында ӘЧ қола жүлдегері Әбдірахманов та болған-тын.  

64 келі.

Әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов бокстағы жолын аяқтаған соң бұл салмақтан жүлде күтуге әлі ертерек сияқты. Азияның 2011 жылғы чемпионы Айдар Әмірзақовтың дәуірі өтіп кеткендей ме, қалай?! Себебі, қазақ боксында қырғыздан ұтылған боксшы некен-саяқ. Айдар Әмірзақовтан әу баста жүлде күткендер көп болмады. Өкініштісі сол, Азия чемпионатының қола жүлдегері, қырғыз боксшысы Ермен Сәкеновтен ұтылғаны ыңғайсыздау болды.   Азия бойынша, қазақ боксшыларымен қатар, өзбек боксшылары үздік саналады. Бірақ, Кореяда 60 келіде айтарлықтай бәсеке болды дей алмаймыз.

69 келі

69 келіде Азия ойындарының алтыны алғаш рет 2006 жылы Дохада сарапқа түскенде екі дүркін Азия чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың мерейі үстем болған. 2010 жылы Қытайда Серік Сәпиев сол межеге жете алды. Араға төрт жыл салып құрама капитаны Елеусінов үдеден шығып отыр. Айта кететіні, 69 кг-да Азияда біздің бір ғана бәсекелесіміз бар. Ол – өзбек боксшылары. 2010 жылы Сәпиев Азия ойындарының финалында өзбек боксшысы Уктамжон Рахмоновпен кездесіп, жеңіске жеткен. Кореяда өткен додада тағы да өзбек баласымен жол түйісті. Жалпы, 69 келіде Азияның бірнеше мәрте жүлдегері Тувшинбат Баямба мен Азия чемпионы, түркмен Сердар Құдайбердиев және өзбек бокшылары Исраил Модримов пен Уктомжон Рахмонов қана.. Бұлардың арасында Елеусіновтің шоқтығы биік. Себебі, ол бұл боксшыларға есе жіберген емес.

75 келі.

Бұл салмақта қазақ боксшыларының жолы өзбектер кесіп кететін. Азия Ойындарының өткеніне көз жүгіртсек, 2006 жылы Елшод Расулов Бақтиярды күміс жүлдегер қылды. Кейін Данабек Сужанов тағы да өзбек боксшысы Аббос Атоевтан ұтылуға мәжбүр болды. Негізінен, бұл салмақтың жүлдесінен үнділердің де таласы бар. Өткен ойындардың чемпионы Виджендер Сингтің орнын басқан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Кришан Викас та Жәнібек Әлімханұлына әлі талай рет тегеурін көрсете алады. Дегенмен, бұл жолы жарыстан өзбек Аббос Атоев тыс қалғанын айтуымыз керек. 

81 келі.

1994 жылдан кейін 81 келідегі жігіттеріміздің ешқайсысы жүлде алған емес. Соңғы өткен екі ойында боксшыларымыз бірінші кездесуде ұтылып қалған еді. Биыл Ниязымбетов өзіне лайық деңгейде жұдырық сілтей алды. Ең қиын қарсыласы өзбек бокшысы Ойбек Мамозулиновтың жартылай финалда есе жіберуі оның қиындықсыз чемпион атануына септігін тигізді деуден аулақпыз. Сондай-ақ, үшін рет жолы түйіскен Иран боксшысы да оңай шағылған жоқ. араға жиырма жыл салып, Азия Ойындарының алтынын әперген Ниязымбетовке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Соңғы секунттарда қабағы жарылғанына қарамастан, жеңіске жете алғаны қуантты.

91 келі.

Ирандық Әли Мазахеримен алтынға таласқан Антон Пинчук әзірге Азияда үздіктер көшіп бастап тұр. Әлем біріншілігінде өзбектен ұтылған ол биыл есе қайтарып қана қоймай, қазақ боксында бағы ашылмай келе жатқан салмақта шын мықтының барын дәлелдей алғаны қуантады. Финалда жолы түйіскен ирандық боксшының Азия ойындарының қола жүлдегері әрі чемпионы екенін ескерсуіміз керек. Ең негізгі қарсыласымыз, иран мен өзбек боксшылары еді. Олардан басым түскен қостанайлық боксшы өзін толық дәлелдей алды.

+91 келі.

Бұл салмақтағы алтын медальды 1998 жылы Банкогте өткен ойындарда Мұхтархан Дәлдәбеков алған. Финалда Иран боксшысын сұлатып салып еді. Енді міне, Дычко тап солай парсы боксшысынан финалда басымдық танытып отыр. 1998 жылдан бері аса ауыр салмақта біздің еншімізге тек күміс жүлде бұйырып жүрген. Біздің бәсекелестеріміздің көбі зейнетке шығып кетті. Қытайлық Жанг Жилей боксты доғарды, өзбек боксшысы Саитов былғары қолғабын шешеге ілгелі оның орнын басқа бірде бір оғлан оза шапқан жоқ. Тек сириялық Мохаммад Госсоун мықты саналғанымен, қазір бұрынғы биігінен көріне алмай жүр.

P.S. Инчхонда өткен Азия Ойындарында ұлттық құрама 6 алтын, 1 күміс, 1 қоланы қанжығаға байлап, рекорд орнатты. Солардың үшеуі екінші мәрте жүлде салып отыр. Былтыр Азия чемпионатында жеті алтын, бір күміс еншілерген Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінде де 4 алтын, 2 күміс, 2 қоламен үздіктер көшін бастаған. Енді төрт жылда бір өтетін құрлықтық сында жоғарғы межеден көрінуі қазақ боксының Азия ғана емес, әлемде де теңдессіз екендігін көрсетеді. Қызықтысы сол, әрбір ойындарда 2-3 алтын алатын Өзбекстан құрамасы бұл жолы алтынсыз қалды. Олардың екі боксшысы финалға шыққанмен, қазақ жігіттерінен аса алған жоқ. Жалпы, осыған дейін Азия Ойындарына қатысқан боксшыларымыздың жетістігі төмендегідей:

Хиросима-1994. 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль;

Алтын: Нұржан Сманов (67 келі), Қанатбек Шағатаев (71 келі);

Күміс: Аркадий Топаев (75 келі);

Қола: Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Василий Жиров (81 келі);

Бас бапкер – Әбдісалан Нұрмаханов.

Бангкок-1998. 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль;

Алтын: Ермахан Ибрайымов (71 келі), Вячеслав Бурьба (75 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);

Күміс: Нұржан Сманов (67 келі);

Қола: Марат Мәзімбаев 54 келі);

Бас бапкер – Тұрсынғали Еділов.

Пусан-2002. 2 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль;

Алтын: Нұржан Кәрімжанов (63,5 келі), Геннадий Головкин (71 келі);

Күміс: Галиб Жафаров (57 келі), Сергей Рычко (67 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);

Қола: Руслан Мусинов (60 келі), Байыржан Қайырменов (75 келі);

Бас бапкер – Тұрсынғали Еділов.

Доха-2006. 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль;

Алтын: Бақыт Сәрсекбаев (69 келі);

Күміс: Бақтияр Артаев (75 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);

Қола: Галиб Жафаров (57 келі), Серік Сәпиев (64 келі), Дмитрий Готфрид (91 келі);

Бас бапкер – Дамир Буданбеков.

Гуанжоу-2010. 2 алтын, 2 күміс, 1 қола.

Алтын: Данияр Елеусінов (64 келі), Серік Сәпиев (69 келі);

Күміс: Біржан Жақып (49 келі), Иван Дычко (+91 келі);

Қола: Данабек Сужанов (75 келі);

Бас бапкер – Мырзағали Айтжанов

 Әзірлеген – Жандос Байділда. 

Бөлісу: