Бодибилдингтің әйелдер үшін 8 пайдасы

9 Қазан 2017, 17:42 6019

Бұл спорт қандай аурулардың алдын алады?

Бодибилдинг – физикалық түрлі жаттығулар жасай отырып, құндылығы жоғары тағамдарды пайдаланып, бұлшық еттерді өсіру. Бұл спортты культуризм деп те айтып жатады. Қазақстандық қыздар бодибилдингке өз дене-бітіміне көңілі толмағандықтан немесе сүйіктісіне ұнау үшін барады екен. Елімізде «фитнес-модель» және «модель-физик» атты екі бағыты дамып келеді. Жыл сайын Қазақстан біріншілігі, сол сияқты халықаралық дәрежедегі бірнеше жарыстар ұйымдастырылып тұрады.

Әлемде бұл спорт түрі кең қанат жайғанымен, ел азаматтары үрке қарайтындығын жасырмаймыз. Бірақ, бодибилдингтің де денсаулыққа тигізер оң ықпалы бар. Оның ішінде әйелдер қауымына қаншалықты пайдалы екен?

Физикалық тұрғыдан күштірек боласыз

Қарапайым тірліктегі кей ауыр жұмыстар сіз үшін қиындық туғызбайды. Мәселен, балаларыңызды көтеріп жүру, азық-түлік толы сөмкені үйге жеткізу. Сіздің денеңіз жаттыққан болса, еріңізді тосып отыратын физикалық жұмыстарды жеңіл жасайсыз. Зерттеу нәтижесінде, бодибилдинг әйелдерді 30-50% күштірек етеді.

Артық майдан арыласыз

Философия саласының докторы Вейн Весткотт  зерттегендей, жаттығу залына аптасына 2-3 рет баратын әйелдер екі ай көлемінде 1,5 келі майынан арылып, бұлшықет салмағын өсіре түседі. Ал бұлшықеттің салмағы артқан сайын адам бойындағы заттардың алмасуы жиіленіп, организм калорияны көбірек жұтатын болады.

Физикалық тұрғыдан күштірек болу, «кеуделі» (качок) болу емес

Зерттеулер дәлелдегендей, күш түсіретін жаттығулардан әйелдердің денесі ерлердікі секілді «сілемденіп» кетпейді. Ерлерге қарағанда, әйелдердің организмінде бұлшықеттің өсуіне жауап беретін гормондар 20-30 есе аз.  

Остеопороздың алдын аласыз

Жарты жылдық күштік жаттығумен шұғылдану омыртқа сүйектеріндегі минералдық заттарды 13%-ке арттырады.Сондай-ақ, кальцийге бай диета ұстасаңыз, остеопорозбен ауырмайсыз.

Спорттық нәтижелеріңізді жақсартасыз

Кей зерттеулер көрсеткендей, күштік жаттығулар спорттық нәтиженің жақсаруына ықпал етеді. Мәселен, гольф спортымен шұғылданушы өзінің соққысының қуатын арттыра алады, велосипедші жүрісін жылдамдатады. Қандай спорт түрінде болмасын, күштік жаттығулар сізді өрге сүйрейді, жарақаттардан аман сақтайды.

Жарақаттардың алдын алып, арқа ауруы мен артритті болдырмайды

Күштік жаттығулар бұлшықеттердің салмағын арттырып қана қоймай, буындарыңызды қатайтады. 12 жылдық зерттеу арқа ауруларын 80%-қа болдырмай, ең болмағанда ауруын жеңілдететінін көрсетті.

Жүрек ауруларының дамуына жол бермейсіз

Доктор Барри Франклиннің зерттеуі күштік жаттығулардың жүрек ауруларын алдын алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ, «нашар» холестериннің көрсеткішін төмендетіп, «жақсысын» арттырады.

Диабет – сізден айналып өтеді

Ғалымдардың пікірінше, күштік жаттығулар организмдегі қант алмасуын жақсартып, диабетті болдырмайды. Үзбей жасалған төрт айлық жаттығу адам бойындағы тұтынылған глюкозаны 23%-ға ұлғайтады.
 

Дана Мәулен
Бөлісу: