Блефаропластикадан кейін пациентін өлтіріп алған косметолог сотталды

14 Тамыз, 09:40 1035

Өскеменде косметикалық процедурадан кейін көз жұмған әйелдің өлімі бойынша іске қатысты үкім шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сотта белгілі болғандай, косметолог құрбысынан ота кезінде көмекші болуын сұраған. Көмекші салған екпеден кейін косметологтың клиенті қайтыс болған.

Медициналық қызметке лицензиясы жоқ А. есімді көмекші пациентке үлгі ретінде лидокаин қосылған цефтриаксонды бұлшықет ішіне енгізді. Енгізілген екпеден кейін науқастың жағдайы нашарлады, - деп хабарлады Өскемен қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі.

Жедел жәрдеммен облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілген әйел сол жерде көз жұмды.

Сот істі «заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету, есірткі немесе психотроптық заттарды алуға рұқсат беретін рецепттерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру немесе қолдан жасау» бабы бойынша қарады.

Сот үкімімен айыпталушы А.ға үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: