Бізге балалар көретін қазақша контентті дамыту керек – Құралай Омар

18 Қаңтар 2023, 16:43 2285

Бүгінгі мақаламызда өте сауатты және ерекше қасиеттерімен бағалы кейіпкерді сөз етеміз. Ол – аяулы ана, ақын, редактор Құралай Омар. Кейіпкеріміз редакторлық қызметте 10 жылдан аса қызмет етіп, қыры мен сырын жете меңгеріп, балаларға арналған қазақша контентті дамытуды көздеп жүрген жанның бірі.

Алғашқы еңбек жолын Өскемен қалалық кітапханасынан бастап, кейіннен журналистикаға бет бұрды.

«Журналистиканың барлық саласында жұмыс істедім десем болады. Оның ішінде, газет, журнал, баспа ісі және радио, телевидение саласында қызмет еттім. 10 жылдан бері «Qazaqstan» ҰТА-ның анонс бөлімінде редактор болып жұмыс жасаймын. Дәл қазіргі кезде бала күтіміне байланысты үйдемін», – дейді.

Ол редакторлық қызметте біраз жылдан бері жұмыс істеп, қыры мен сырын жетік меңгерген.

«Редактор болған кезде әр сөзіңе жауап бере алатындай болу қажет. Қолданылмайтын артық сөз тіркестері кетпеуі керек. Қазіргі таңда «калька» аудармалар көбейіп кетті. Мәселен «болып табылады» деген сияқты қайдан шыққаны белгісіз сөз тіркестері пайда болды. Бұл сөз тіркесін қолдану журналистердің арасында жиі кездеседі. Осындай сөздерге мұқият болған дұрыс», – дейді Құралай Омар.

Анонс бөлімінде 10 жылдан бері қызмет етіп жүрген оның бұл саласы өте қысқалықты талап етеді.

«Үлкен ауқымды сериал, кино, жоба болсын, біз 30 секундқа сыйдыруға тырысамыз. Бұл жерде артық сөз керек емес. Сөлі мен нәрін алып жазамыз. Яғни, мені нақтылыққа үйрету үстінде», – деп тілге тиек етті.

Айтуынша, мықты редактор болу үшін тек жаза білу аздық етеді.

«Мықты редактор болғың келсе, қателіктермен де жұмыс істеу керек. Кейбір кезде мәтін дұрыс емес деп біреу сын айтып жатса, сол сөзге өкпелемей, соны мың рет болсын жөндейтін кездер болады. Осыған төзе білу қажет деп есептеймін. Әсіресе, менің жұмысымда бір мәтіннің өзін бірнеше рет жөндейміз. Кейбір кезде ашуланасың, қиналасың. Бұл жұмыс төзімділікті қажет етеді», – дейді ол.

Құралай редакторлық пен бірге жазушылықты да қатар алып жүр. Бүгінде оқырманның жүрегінен орын алған жыр жинақтарын кітап сөрелерінен табуға болады.

«Балаларға арнап шығарма жазуды біраз жыл бұрын бастадым. Ең алғаш «Балапан» телеарнасындағы «Сиқырлы бөлме» бағдарламасына ертегілер жаздым. Сол уақыттарда халық ауыз әдебиетінен ертегілерді алайық десек, көбісі бүлдіршіндерге түсініксіз болды. Содан кейін ертегі жазғанды өзімді жайлы сезінетінімді, рахаттанып әсер алатынымды түсіндім. Сол ертегінің ішіне кіріп кететінмін. Ертегі жазуды қиын жұмыс ретінде санамаймын. Кішкентай кезден ертегі жазбасам да, шығармашылық адам болғасын барлық жанрда қалам тербей аламыз деп ойлаймын. Әсіресе, мұны өлең жазатындар жақсы біледі. Өз ішімдегі бала Құралайдың қиялымен, арман-ойларым арқылы ертегіні жазып шығамын. Оның үстіне ана болғаннан кейін көп нәрсені түсінеді екенсің», – дейді.

Бұрын балалардың контентін түсінбеген ол балалы болғаннан кейін ойы өзгергенін жеткізді. Бірінші кезекте, балалар көретін қазақша контентті дамыту керек деп есептейді.

«Көгілдір экраннан балаға қазақша бірдеңе көрсетейін десең ештеңе таппай қиналасың. Балалар орысша сөйлейді деп дабыл қағамыз. Көретіні орысша, ағылшынша болса, олар қайдан қазақша сөйлейді. Қазақша мультфильм қосып берсең, балалар көрмейді. Себебі динамика жоқ. Картиналары да көңілсіз көбінің. Баланы тартып алып кете алмайды. Ал орысша, ағылшынша мультфильмді бала тұрмақ, өзім де қызығып көрем», – деп айтты.

Кейіпкерден шығармашылықпен айналысуда шабытты қайдан алатынын сұрағанымда, миға бір энергияның келуі деп жауап берді.

«Мен осы нәрседен шабыт аламын деп арнайы іздемеймін. Миға бір энергияның келуі ол да шабыт. Бұрыннан баста жүрген ойларым энергияның күшімен сыртқа шығады. Біздің тірі жүруіміздің өзі де энергия. Құдайды да энергия деп түсінемін. Бәріміз осының бөлшегіміз. Кейде бір соны пайдалана алмай қалатын кездер болады. Қазір үйде баламен отырғасын уақыт болмай жатады. Ойға келіп тұрған өлеңді де ұстай алмай қалатыным бар», – дейді.

Құралай Омар махаббат, көңіл-күй тақырыбында қалам тербеп жүрген ақынның бірі. Бірнеше жыр жинақтың авторы. Алдағы уақытта жазған ертегілерді де кітап ретінде шығармақ ниетте екен.

«Алғашқы жинағым 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ақ қар» деген атпен басылып шықты. 2014 жылы «Хан Тәңірі» баспасынан «Мендегі үнсіздік», 2022 жылы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жасырынбақ ойнап жүрміз» деген өлеңдер жинағы жарық көрді», – деді.

Айта кетейік, «Ұлы дала» байқауында «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша жүлделі II орынға ие болды.

«Бұрын тек қана поэзия номинациясына қатысатынмын. Бір күні байқауларды қарап отырып, осы сайысты көріп қалдым. Содан неге балалар әдебиетіне қатысып көрмеске деген ой туындады, оның үстіне ертегі жазып жүргесін. Байқауға өзіме ұнайтын «Қызыл шәугім» деп аталатын ертегіні жібердім. Бұрын поэзия байқауында қатысушылардың саны көп болатын. Сол себепті, балалар әдебиетіне қатысып көруді шештім және жүлдеге ие болдым», – дейді.

Дәл қазіргі кезде автордың уақыты болмауына байланысты шығармашылығы тоқтап тұрған көрінеді.

«Өйткені өзімнің 2020-2022 жылы өмірге әкелген үлкен туындым бар. Ол – екі қызым. Солардың тәрбиесімен айналысып жатырмын. Қазіргі бар жұмысым осыларға қарау, тәрбиелеу», – дейді Құралай Омар.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: