Біз татулығымызбен мықтымыз

23 Қазан 2014, 04:51

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІ сессиясы Астана қаласында еліміздегі 130 дан аса ұлт пен ұлыстың басын қоспақшы.

Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан -2050: руханилық, әлем мәдениеті және келісім» тақырыбында өтпекші. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен ел бірлігін нығайту мақсатын басшылыққа алған Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – еліміздегі тұрақтылықты, бірлікті сақтау, көпэтносты, көпконфессиялы мемлекеттің ішінде бір орта қалыптастыру, мемлекеттік саясаттың бірізділігін жүргізу. Басқа көрші мемлекеттердің ешқайсысында біздегі сияқты Ассамблея жоқ. Мүмкін еліміздегі басқа ұлт пен ұлысқа көрсетілген құрмет, мүмкін жүрегі дархан, пейілі кең халық екендігімізді тағы бір дәлелдегеніміз. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өте жоғары деңгейдегі ұйым деп бағаланады. Оның ең басты функциясы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, сонымен бірге этностық жанжалдарға жол бермеу. Ұлтаралық қатынас өте кірпияз мәселе.Шүкір, қайсыбір елдердегідей ұлтаралық алауыздық, дау-дамай елімізде туған емес.

   Біздің аудандағы Ұйғыр этномәдениет орталығы аудандағы барлық мәдени шаралардан, әртүрлі қоғамдық жұмыстардан ешқашан сырт қалып көрмеді. Ауданның мәдениет күндерінде, айтулы мерекелерде, Наурызда белсенділік танытып, салтанаттың бел ортасынан табылады. 8000 дай мүшесі бар бұл орталық Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырмасын орындап қана қоймай, ұйғыр ұлты өте аз орналасқан қалалардағы өкілеттік мүшелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, өз тәжірибелерін бөлісуде көп-көрім шаруаларды тындырып отырғандықтарын мақтанышпен айтуға болады. Мәселен 28 ғана ұйғыр тұратын Павлодардағы әріптестерімен әркез мәдени байланыста. Ақтау, Қарағандыдағы орталық мүшелерінің де тыныс-тіршіліктерімен жақсы таныс. Алдағы мамыр айында аудан көлемінде дарынды жастардың үлкен өнер сайысын өткізуді жоспарлап отыр.

    Аудандағы түпкілікті тұрғындардан басқа ұйғырдың, одан басқа да аз ұлт өкілдерінің ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауларына, оны одан әрі дамытуларына, балаларының жоғары білім алып, қызмет тізгінін ұстауларына мүмкіндік жасап беріп отырған мемлекеттің салиқалы саясатының арқасы екені даусыз. Оған мұрындық болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы.

 

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Қазақстанның азаматы болғаным үшін бақыттымын

     Мен Тиірмен ауылында туып өстім. Әкем мен шешем ұйғыр ұлтынан.  Осы елдің түпкілікті тұрғыны болғандықтан ешқашан өзімді бөлек немесе жат сезініп көрмеппін. Тиірмен қазақ орта мектебінде білім алдым. Мектепті жақсы бағалармен бітіріп, Алматы қаласындағы АГРОөнеркәсіп колледжінің «мал дәрігері» мамандығы бойынша оқуға түстім. Жүрек қалауымен түскен оқуымды ойдағыдай аяқтап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша кіндік қаным тамған жеріме мал дәрігері болып жұмысқа орналастым. Қазіргі уақытта жұмысым жақсы, әрі қарқынды өтіп жатыр. Мен Қазақстан Республикасында туып – өскеніме өте қатты қуанамын, әрі мақтан тұтамын. Қонақжай қазақ халқы әрқашан да кең пейілді, дархан ел. Қазақ жерінде ұлттар достастығын берік ұстап, тату өмір сүргендіктен, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмын. Мен қазақ елін шын жүрегіммен сүйемін!

                                                                        Аладин ГАЗИЕВ,

Ниеттеріңізден айналайын!

     Армысыздар «Қарадала тынысы»- «Қарадала нәпәси» газетінің ұжымы! Мен Өзбекстанда дүниеге келдім. Отбасыммен 2000 жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Қазір Бахар ауылының тұрғынымын. Дәл сіздердікіндей мемлекетте өмір сүріп жатқанымды мәртебе санаймын. Өйткені қазақ елінің маған бергені мол. Мемлекеттік қызметтің тұтқасына ие болмай-ақ, екі қолға бір күрек ұстап, егіндік алқапта тер төгіп жүріп жер алып, үй салдым. Балаларымды оқытып, ұлымды- ұяға, қызымды- қияға қондырдым. Бүгінгі таңда төрт немере сүйіп отырған жайым бар. Қазақ елі пейілі кең, ниеті ақ, жүрегі таза ел. Қонақжайлығы өз алдына, қай ұлт өкілін болмасын жатсынбай бауырына баса білген жомарттығынан болар бүгінгідей шат-шадыман, берекелі елдің иесі болып отырғандықтары. Ұрпағымның Қазақстанда ер жеткенін мақтан тұтамын. Қазақстан менің - Отаным.

                                                                                   Абдрахим СҮЛЕЙМЕНОВ

Ешкімді жатсынбаған жайсаң ел

     Мен Қазақ жерінде дүниеге келдім. Ұлтым орыс. Ұлтым орыс болса да, өзімді қазақпын деп санаймын. Себебі, бұл менің  кіндік қаным тамған жер. Мен бақытын Қазақстаннан тапқан жанмын. Мектепті бітіріп, колледжге оқуға түстім, трактор жүргізушісі мамандығын алдым.  Қазір сол салада жұмыс істеймін. Отбасылы болдым, төрт баламды өсіріп отырған бақытты әкелердің бірімін. Жеке жер телімім бар.  Егін шаруашылығымен айналысамын. Балаларымды қазақтың қанында бар қарапайымдылық пен кеңпейілділікке тәрбиелеп отырамын. Ешкімді жатсынбай құшағын кең аша білетін қазақ халқының дархандығына тәнтімін. Соңғы асын қонағына ұсынатын меймандостығына таң қаламын. Менің мекенім – Қазақстан. Басқа мемлекетте емес, осы жерде туып-өскеніме әркез шүкіршілік етіп отырамын.

         Владимир ПЛУЖНИКОВ

Бөлісу: