Біз күткен Жолдау болды – сарапшылар

1 Қыркүйек 2022, 16:10 3886

Саяси өзгерістерге қатысты сарапшылар пікір білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бірқатар мәселелерді көтеріп, үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды El.kz.

Жолдауға қатысты сарапшылар не дейді? Сөзге тартып көрдік.

«Жолдау қоғамның барлық саласын қамтыды», - дейді әлеуметтанушы, сарапшы Жақсыбек Жиеналиев.

Президент қандай кемшіліктердің бар екенін және қандай нақты шешімдердің, заңдардың қабылдануы қажет екендігін саралап берді.


– Президент шикізат тәуелділігінен арылып, адам капиталын дамытуға мән беру керек деді? Осыған қатысты ойыңыз?

– Біздің зерттеуімізде көптеген дамыған мемлекеттер атап айтсақ, Сингапур, Швеция, Еуропа мемлекеттерінде ешбір қазба байлығы жоқ. Бірақ олар адам капиталын дамытуға ерекше назар аударғанына байланысты бүгінде бәсекеге қабілетті мемлекеттердің ТОП-10 еніп отыр. Бізге де осындай халықаралық тәжірибелерді алып, Президент жүктеген міндеттемелерді дұрыс орындауда бір жүйені қалыптастыру қажет. Өйткені, Мемлекет басшысы айтып өткендей, мемлекет органдары және жергілікті атқарушы органдар бар олардың барлығы сөз жүзінде ғана жұмыс істемей, нақты іске көшу керек. Оны бірінші Жолдауында да айтқан. «Біздер жақсы есеп беруге жақсымыз, ал іс жүзінде тапсырманың нәтижесі басқаша болып жатады» деген еді.

– Президент балалар қоры туралы айтты. Бұл туралы не айтасыз?

– Балаларға арналған ұлттық қордың құрылуы өте маңызды қадам деп есептеймін. Осыған байланысты біраз тапсырмалар берілді. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында дейміз. Әрбір жас осы мемлекеттің азаматы ретінде толық сезінуге, болашағын осы елмен байланыстыруға үлкен бір серпін береді деп ойлаймын. Білімді жастардың шетелге оқуға кетіп, сонда қалып қоюы, отбасымен көшіп кетуі өте көп белең алып жатқан жағдай. Бұлда бір соның алдын алуға тың серпін беретіні сөзсіз.

– Жолдауда жұмыссыздық мәселесі де көтерілді. Келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек деді?

– Жастардың жұмыссыздық мәселесіне байланысты 100 мың жасқа жұмыс орнын ашуға тапсырма берді. Қазір қарап отырсақ, жастар үлкен қалаларда оқу бітіреді де сонда қалып қояды. Бірақ өздерінің өңірлеріне барып, сол өңірді дамытуға, жағдайын жасауға үлесін қосуға қатты құлықсыз емес. Қаланың өмірін сүргісі келеді. Сол себепті өңірлерден жұмыс орындарын ашып, кәсіппен айналысуына мүмкіндік беру өте маңызды қадап деп есептеймін. Шағын бизнестің арқасында экономикасын дамытып отырған мемлекеттер өте көп. Сондай тәжірибелерді қолдануымыз керек.

«Жолдауды халқымыз асыға күтті. Қордаланған барлық мәселелер көтеріліп, оны шешудің жолдары мен бағыттарын айқындап, саралап берді», - дейді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс «Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Рахметуллин.


– Президент биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл туралы қандай пікірдесіз?

– Бұл Жолдаудың үлкен жаңалығы – Президент сайлауын өткізу шешіміне келуі. Парламент сайлауын өткізу, үкіметті қайта құру мәселелері басқа да саяси партиялар мен азаматтардың кіруіне жол ашуы барлығымызды қуантады. Бұл тұрғыда Президент, үкімет мүшелері, органдардың барлығы атсалысып, жұмыла жұмыс істеу қажет деп санаймын.

– Президент ұлттық қорды тиімсіз пайдалуды тоқтату керек деді, осыған қатысты не айтасыз?

– Ұлттық қорға ашықтық керек. Неге? Қалай қабылданып жатыр? Қандай мақсатта жаратылып жатыр? Қандай арыз-шағымдар түсті? Ұлттық қорға қатысты осындай көптеген сұрақтар туындайды. Осылардың барлығын бүге-шүгесіне дейін ашып көрсетіп отыру керек. Сонда ғана тиімсіз қаржы жұмсалмайды.

Қорыта айтқанда, үміт ақталды деуге болады. Біз күткен Жолдау болды. Көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер де көтеріліп жатты. Енді оны дұрыс бағытта қолға алып, жүзеге асыру қажет. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артатыны сөзсіз.

«Бүгінгі Президент Жолдауында көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап табылды деп ойлаймын», - дейді ҚазҰУ аға оқытушысы, Phd докторанты Руслан Ахмағанбетов.


«Әсіресе, еліміздің қазба-байлықтарына қатысты айтатын болсам, оның қызығын санаулы топ қана көріп келе жатыр. Қазба байлықтың барлығы көпшілікке неге ортақ емес деген сауал туындайды. Енді осы мәселе бір жүйеге келетініне қуаныштымыз. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына түсетін болды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болды. Мұндай мәселе әлемде санаулы ғана елдерде бар. Бұл жастардың болашағына үлкен сенім беретін жағдай», - дейді.

Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

«Бұдан бөлек, сайлауға қатысты айтатын болсам, бұрын кезектес тыс сайлау кенеттен болатын болса, бұл жолғы сайлау өз уақытымен берілетінін айтты. Яғни, Президент сайлауы осы күзде, ал келесі жылдың алғашқы жарты жылында Парламент сайлауы өтетін болды. Яғни, бұл бір жағынан жаңа саяси партиялардың тіркелуіне мүмкіндік беріледі, жаңа саяси күштер топтасады деген сөз», - деді Руслан Мұханбетқалиұлы жаңа сайлау арқылы жаңа саяси курс жасауға Президент үндеп отыр деген пікірде.

Президент Жолдауында медицинаға қатысты мәселелерді де айтып өтті.

«Медицина саласында қордаланған мәселер өте көп. Соның бірі әсіресе, бұл салада ауылдық жерлерде фельдшер пунктерінің өзі тозығы жеткен. Мұны денсаулық сақтау министрлігі шеше ме немесе жергілікті әкімдер шешімін таба ма деген екі ортада қалып тұрған проблемаға нақты міндеттер қойды», - дейді ҚазҰУ аға оқытушысы, Phd докторанты Руслан Ахмағанбетов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: