Биыл 88 111 білім гранты бөлінді – Саясат Нұрбек

13 Шілде 2022, 16:00 2198

Саясат Нұрбек елордадағы жоғары оқу орнының қабылдау бөлімінін жұмысын бақылады

Елордада түлектер жоғары оқу орнына түсуге құжат тапсыруды бастады. Еуразия ұлттық университетіне түске дейін 400-ге жуық абитуриент құжат тапсырған. Университеттегі ахуалды бақылауға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келді, деп хабарлайды El.kz

– Бүгіннен бастап Қазақстанның бүкіл өңірлерінде қабылдау комиссиясы өз жұмыстарын бастады. Жергілікті жоғары оқу орындары негізінде және ұлттық тестілеу орталығының негізінде құжаттар қабылданады. Биыл жалпы алғанда 88 111 грант бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 %-ға көбейді. Олардың ішінде 73 мыңы бакалавриат бағдарламаларына арналған. Биылғы жылдың ерекшелігі гранттардың 60 % инженерлік, техникалық мамандықтарға берілді, - деді министр. 

Кез келген азамат жоғары оқу орындарына құжаттарын онлайн не офлайн түрде тапсыра алады. Қазіргі таңда ұлттық тестілеу орталықтарының ұжымы 24 сағат онлайн жұмыс істеп жатыр. Осы аптаның ішінде 100 мыңға жуық адам құжат тапсырады деп жоспарланып отырғанын атап өтті. 

– Биыл Батыс Қазақстан өңіріне арнайы 10 мың грант бөлінді. Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе өңірлерінедегі 63 жоғары оқу орындарының өкілдерінің бақылауымен қабылдау жұмыстары басталды. Жылдағыдай артық қалған гранттарды аталған өңірлерге, ауылдық квотамен оқуға түскелі жатқан түлектерге және жетім балаларға таратылады, - деді Саясат Нұрбек. 

Сонымен қатар, биыл еліміздегі жоғары оқу орындарында оқу ақысы 2021 жылы бекітілген төлеммен сақталатынын айтты. 

– Құжат қабылдаудың алғашқы күнінде мемлекеттік білім беру гранттарына 300-ден астам абитуренттің өтінішін қабылдап, өндеуге жібердік. Еуразия ұлттық университетінде 95 білім беру бағдарламар тобы бар. Соған сай құжат тапсыруға өтініш беріп жатқандардың саны да жыл сайын артып келеді. Биыл біздің ЕҰУ түсу үшін шекті балл 65 балл мен 85 баллдың аралығында деп бекітілді. Техникалық мамандықтарға түсу үшін 65 балл, ал ақпараттық техника мамандықтарына түсу үшін 70 баллдан жоғары болу керек. Сонымен қатар, онлайн қабылдауды Zoom және Мicrosoft teams платформалары арқылы жүзеге асырамыз. Шалғай ауылдарда тұрып жатқан азаматтар біздің байланыс мамандарымызбен тікелей платформалар арқылы құжатын көрсетіп тіркеледі және анықтаманы жеке почталарына жолдаймыз. Бұл туралы толық ақпарат университет парақшасында жазылған, - деді ЕҰУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Өміржан Шералыұлы.  

Миражан Махан
Бөлісу: