Биыл жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 10%-ға артқан

12 Қазан, 06:10 514

Биыл ұрықтың патологиясын ерте диагностикалау үшін жүкті әйелдердің 87%-ы пренаталдық скринингтен өтті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға жоғары, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда жүктілік бойынша есепте 270 мыңға жуық әйел тұр. Оның тек 61%- ы ұсынылған ерте мерзімде, яғни 10 аптаға дейін емханадағы өз учаскелерінде дәрігерлерге жүгінген.

Пренаталдық скрининг жүргізудің қолжетімділігін жақсарту және жүкті әйелдер үшін жайлылық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ету үшін еліміздің 10 өңірінде "Бір күндік клиника"жобасы іске асырылып жатқанын естеріңізге сала кетейік. Жобаның шеңберінде жүкті әйелдер бір күннің ішінде тексеруден өтіп, ұрықтың жағдайы туралы толық ақпарат ала алады,-делінген ведомство мәліметінде.

Бүгінгі таңда елімізде босандыру саласында 5 мыңнан астам акушер-гинеколог және 9 мыңнан астам акушер жұмыс істейді. Олар жыл сайын орта есеппен 400 мың жүкті әйелдің босануын бақылайды және қабылдайды.

Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елімізде 275 мыңнан астам бала дүниеге келді.

Перизат Саденова
Бөлісу: