Биыл Қазақстан экономикасы 4,9 пайызға өскен

12 Желтоқсан 2023, 16:42 1139

Биыл қантар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,9 пайызға өскен, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде нақты сектор – 3,5 пайызға, ал қызмет көрсету саласы – 5,6 пайызға өсті.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров салалар арасында ең жоғары өсу құрылыс, сауда, ақпарат, байланыс және көлік саласында екенін атап өтті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6 пайызды құрады. Инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58 пайызға, саудада – 34 пайызға, білім беруде – 17 пайызға, ауыл шаруашылығында – 11 пайызға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,5 пайызға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,6 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсу Маңғыстау, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарында байқалды, - деді министр.

Қуантыровтың сөзінше, алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6 пайызға өсіп, 114 млрд доллардан асты.

Экспорт 65 млрд долларға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 21 млрд долларға жуықтаған. Тауарлар импорты 49 млрд-тан астам долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 15 млрд доллардан асқан.

Миражан Махан
Бөлісу: