Биыл еліміздің экс-министрлері мен вице-министрлердің, өңір әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларының қомақты қаржы жымқырып, сотталғаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды. Осы тұста El.kz ақпарат агенттігі жыл басынан бері бюджеттің қаржысын жымқырып, пара алып, істі болған шенеуніктерге шолу жасады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша жыл басынан бері 811 адам сотталған. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен жылы 28 мамырда қамауға алынып, биыл 20 маусымда сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Тергеу мәліметінше, біраз жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған және Ұлттық музейдің басшысы болған Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген шығыны шамамен 221 миллион теңгеден асады.
Сыбайласы болған орынбасары Алмаз Нұразхан, «Экспонат» мердігерлік ұйымы директорының орынбасары Азамат Көшенов және осы серіктестіктің есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталды.
Сонымен қатар, Мұхамедиұлын барлық марапатынан айырып, лауазымды қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынды.
Экс-әділет министрінің соты
Қазан айында антикор экс-әділет министрінің ұсталғаны жөнінде мәлімдеме жасады. Дегенмен оның аты-жөнін айтпады. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ұсталған экс-министрдің Марат Бекетаев екені жөнінде хабар тарады. Айта кетейік, ол әділет министрлігін 2016-2022 жылдар аралығында басқарды.
Антикордың мәліметінше, бұрынғы министр лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді, - деп жазылған хабарламада.
Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатқанын алға тартты.
Істі болған вице-министрлер
Биыл істі болған министрлердің орынбасарларының бірі – Тимур Тоқтабаев. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметін атқарды. Шілде айында антикор лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлаған еді.
Антикордың дерегінше, ол Қостанай облысындағы қатты пайдалы қазбалардың (никель және кобальт) ірі қорлары анықталған «Шевченковское» кен орнын барлау сылтауымен аффилиирленген тұлғаларға аукционсыз заңсыз берген деп айыпталды.
Нәтижесінде, оның бақылауындағы компания қол қою бонусының ең төменгі құнымен өндіруге дайын кен орнын алған. Өзінің әлемдік қорлары бойынша бірегей никель және кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалар 100 млн. тонна 5,7 трлн теңгеге бағаланады, - деп жазды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Тергеу барысында қабылданған шаралармен аталған кен орны мемлекет пайдасына қайтарылды.
Сонымен қатар, аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев ұсталды.
Нұржан Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді. 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен, - деп хабарлаған болатын антикор.
ҰКП басқарма басшысы болған Абылай Мырзахметов те істі болып, ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктенеді. Тергеу әлі жалғасып жатыр.
Жыл басында Қорғаныс министрлігі департаментінің басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Дегенмен ведомтво басшысының аты-жөні аталмады. Антикор «Қорғаныс ведомствосының ақпараттандыру департаменті бастығының м.у.а. бейнеконференцбайланыс жабдығын жеткізу мерзімдерін бұза отырып, қабылдау-тапсыру актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін жеткізушіден 20 000 АҚШ доллар пара алды деген күдікке ілінді» деп жазды.
Тергеудегі әкімнің орынбасары
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаров та кәсіпкерден «пара алды» деген күдікке ілініп, қамауға алынған болатын. Антикор «ол жолдарды жөндеудегі мемлекеттік сатып алу шартындағы орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін ұсталды» деп жазды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әкім орынбасарын тінту барысында 1 млн 800 мың теңге табылған. Шенеунік оны жол салып жатқан мердігердерден алған.