Биыл өңделген өнім экспорты 6,4%-ға өсті – Бектенов

21 Қараша, 12:23 1283

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелері ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысына қатысты. Депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет және ҚР Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бектенов пленарлық отырыс барысында экономиканы әртараптандыруға тоқталды. Оның сөзінше, Үкімет пен құзырлы органдар осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Тіпті өңдеу өнеркәсібі көлемі бойынша қазір шикізат секторынан асып кетіп жатқанын да тілге тиек етті.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47%-ды құраса, шикізат секторының үлесі 45%-ды құрады. Бірақ, әрине, осы бағытта әрі қарай да белсенді жұмыс атқару керек. Қабылданған шешімдердің арқасында, өздеріңіз білетіндей, біз қазір бірінші кезекте шикізатты экспортқа емес, ішкі нарыққа жіберіп жатырмыз. Осы шаралардың нәтижесінде біз қазір алюминий мен мыс бойынша өңдеу көрсеткіштерін екі есеге ұлғайттық. Бұл – дұрыс нәтиже, - деді ол.

Жалпы экономиканы әртараптандыру бағытында өте маңызды мәселе – ол отандық өндірушілерді қолдау. Үкімет басшысы осы бағытта да тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтты. «Біз қазір тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың тізбесін 1,5 мыңнан 4,5 мыңға дейін тауарлық позицияға жеткіздік» деп отыр.

Осы шараның нәтижесінде биылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың саны 55%-ға өсті, яғни осы келісімшарттардың жалпы сомасы 350 млрд теңгеге дейін жетті. Тағы бір маңызды қадам – ол отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттарды жасау. Осы бағытта да қазір Үкімет және Самұрық-қазына қоры белсенді жұмыс жасап жатыр. Биыл офтейк-келісімшарттардың жалпы сомасы 134 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 есеге жоғары, - деді Бектенов.

Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде ірі-ірі өндірістік жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыт ашылды. Оның жылдық өндірістік қуаттылығы 1 млн тонна полипропилен.

Әрине, мұндай өндірістер жалпы біздің экономиканың құрылымын өзгертуге мүмкіндік беретін жобалар. Және біз осы бағытта жұмысты жалғастыратын боламыз. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биыл біз көріп жатырмыз өңделген өнім экспорты 6,4%-ға өсіп жатыр, керісінше, дайын өнім ипорты 7,2%-ға төмендеді. Бірақ, әрине біз Үкімет, құзырлы органдар осы бағытта әрі қарай да белсенді жұмыс атқаруды жалғастырамыз, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: