Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар саласы бойынша 2024 жылдың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан жастарының саны ел халқының үштен біріне жуық – 5 759 781 адамға жетті.
Жастар саясатын жүзеге асыру аясында жастарды қолдау және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуда: оларды жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету бойынша бірқатар гранттық жобалар жүзеге асырылды. Түрлі салада таланттарды анықтап, қолдауға арналған байқаулар ұйымдастырылды.
2024 жылғы Қазақстан жастарымен жұмыс істеудегі басты бағдар – Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Бұл – адалдық, әділдік пен еңбекқорлықты насихаттау.
Осылайша, жастар ұйымдары мен жастар ресурстық орталықтары «Таза Қазақстан» республикалық акциясын ұйымдастыруға белсенді атсалысты. «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен 35 мыңға жуық жас қамтылды.
NEET санатындағы жастардың жұмысқа орналасуына да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда олардың саны 160 мыңнан асады. Бұл – білімі, жұмысы жоқ жас қазақстандықтар. 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі NEET санатындағы жастар бастамаларын қолдау үшін «Zhas project» жобасы аясында 280 грант бөлді.
Жұмыспен қамтуға ықпал ету мақсатында Астанада 2023 жылдан бастап «Jol Tap» бағдарламасы, ал 2024 жылдан бастап Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында «Jumys Tap» бағдарламасы іске қосылды. Биыл ел бойынша 500-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
2024 жылдың басында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылды. Биыл кеңес мүшелерінің бастамасымен жас мамандарға арналған «Jas Kenes Syilygy» алғаш рет табысталды.
Сонымен қатар, биыл Қазақстанда Халықаралық жастар күні бірінші рет 3-12 тамыз аралығында «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі өтті. 10 күн ішінде 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 миллионнан астам адам қастысты.
Қазақстанның талантты жастарына «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты марапаты берілді. Сыйлықты өнер, ғылым, спорт, медиа және ақпараттық технологиялар салаларында жетістікке жеткен 20 жас қазақстандық иеленді.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 30 жеңімпазы мемлекеттік қолдауға ие болды. Олардың жобалары мәдениет, ғылым, медиа, ақпараттық технологиялар және бизнес салаларында үздік деп танылды. Биыл грантқа жаңа «Волонтерлік» бағыты қосылды.
2024-2026 жылдарға республикалық жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бойынша жол картасы әзірленді.
Сонымен қатар, қазақстандық жастардың халықаралық тәжірибе мен өзара байналыс орнатуына жағдай жасалуда. Астанада 5 тамыз күні Қазақстан мен Өзбекстан командалары арасында ZAKOVAT зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. 18 сәуірде Астанада шығармашыл жастар мен жастар ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен қазақ-қырғыз жастар форумы өтті.