Биыл Астанада қанша мектеп қолданысқа беріледі

Бүгiн, 18:06 123

Былтыр елордада 24 мектеп ашылса, биыл тағы бірнеше білім ордасын пайдалануға беру жоспарланған. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев алдағы уақытта қай ауданда және қанша жаңа нысанның ашылатыны жайлы толығырақ айтып берді, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, былтыр елімізде пайдалануға берілген оқушы орны рекордтық көрсеткішке жетті. Салынған мектептердің саны жағынан елорда алдыңғы қатарларда. Өткен жылы Астанада бір ауысымда 33 мыңдай оқушыға арналған 24 мектеп ашылды. Оның көбісі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Аталған жоба бойынша салынған мектептер жаңа оқу жылында 22 400 елордалық оқушыны қабылдады.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевтің айтуынша, «Жайлы мектептердің» жетеуі Есіл ауданында, төртеуі Нұра ауданында, үшеуі Алматы ауданында, ал қалған екеуі Сарыарқа ауданында орналасқан.

Сонымен қатар бюджеттік инвестициялық жоба бойынша 1 550 орындық 3 мектеп, 3 240 орындық 5 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді.

Бұл елордадағы үш ауысымды, оқушы саны шамадан артық және апатты мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қасымхан Сенғазиев елордалық оқушылардың сапалы білім алуы үшін мектеп салу жұмыстары биыл да жалғасатынын жеткізді. 2025 жылы бір ауысымда 23 мың оқушы сабақ оқи алатын 15 мектеп ашылады. Оның ішінде төртеуі бюджеттік инвестициялық жоба бойынша салынып, 2 700 оқушыны қабылдайтын болады. Аталған 4 мектептің екеуі Нұра ауданында, қалғаны Алматы ауданында орналасады.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу биыл да жалғасады.

2025 жылы жалпы сыйымдылығы 22 912 орындық 15 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 14 мың оқушыға арналған 7 білім ордасы ашылады. 4 мектеп Нұра ауданында, 2 мектеп Алматы ауданында, 1 мектеп Байқоңыр ауданында орналасады. Елордадағы жекеменшік мектептер саны да арта түседі. Жеке инвестордың қаржысы есебінен салынатын 4 мектеп жаңа оқу жылында шәкірт қабылдайды. Осылайша бұл мектептерде 6 мыңнан астам оқушы білім алатын болады. 5172 оқушыға арналған 3 мектеп Есіл ауданында, 1040 оқушыға арналған 1 мектеп Нұра ауданында орналасады, - деді Қасымхан Сенғазиев.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: