Биыл Астанада 60 мың жаңа жұмыс орны құрылады

30 Маусым 2023, 13:18 942

Бүгінде елордадағы халықтың саны 1 миллион 370 мың адамды құрады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жыл сайын қалаға 50 мыңнан астам жаңа тұрғын келеді және 30 мың бала туылады. Күн сайын Талапкер, Қосшы, Қоянды сынды қала маңындағы елді-мекендерден Астанаға 150 мың адам келіп кетеді. Сондықтан тағы да 50 мыңдайы қалада тіркелмеген және басқа өңірлерден келіп жұмыс істеп жүрген азаматтар да бар, - деді Жеңіс Махмудұлы.

Әкім қаланың тез дамуы мен халық санының өсуіне байланысты елордада бірқатар жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті.

Ол тұрақты экономикалық өсімді сақтау, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымдық даму, миграциялық ағымды бақылау. Осыған орай біздің алдымызда күрделі міндеттер тұр. Миграцияның жоғары қарқынды жағдайында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша тиімді шаралар кешенін қабылдау, - деді ол.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек жылдың соңына дейін 60 мың жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырғандарын айтты. 

Негізгі жұмыс орындары шағын және орта бизнес салаларында құрылады. Бұл жерде қазірдің өзінде елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 70 пайызы жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің қала экономикасына салынатын үлесі шамамен 69,5 пайызды құрайды, - деді әкім.

Былтыр шағын және орта бизнес 11 триллион 400 миллиард теңгеге өнім шығарды. Биыл кәсіпкерлердің 4 мың жобасына жалпы сомасы 29 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын қаржылық көмек көрсету жоспарлануда.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: