Биыл Астанада 4 мың үлескер отбасы көптен күткен баспанасына кіреді - әкім

21 Шілде 2023, 16:00 1157

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлерді аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкім бұл жайында Instagram парақшасында жазды.

Қорғалжын кварталы», «Мирный дом», «Араби 2 – Гранитный 2», «Зере-2», «Арыстан», «Future Home», «Садовые кварталы», «Территория комфорта-1 2-кезек» тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездестім. Олармен бірге құрылыс барысын бақылауда ұстаймыз. Құрылысы ұзаққа созылған ғимараттардың жағдайы әртүрлі. Бір жерінде үйдің тек жақтауы ғана бар болса, енді бір тұсында тек қазаншұңқыры ғана қазылған. Мәселен «Арыстан» тұрғын үй кешенінің құрылысы 11 жыл бұрын басталған. Ал нысанды өткізу кезінде тек 20-30% ғана дайын еді. «Садовые кварталы» тұрғын үй кешені 8 жыл бұрын проблемалы деп танылса, нысанды өткізу кезінде іргетасы ғана бар болатын, - дейді ол.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, мыңдаған үлескер отбасы баспанасын күтіп жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Әр үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар.

Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – шамамен 4 мың үлескер отбасы. Олардың бір бөлігін аяқтадық. Үлескерлер кездесуде абаттандыру, инженерлік желілер салу және басқа мәселелерді көтереді. Біз өз тарапымыздан мердігерлерге барынша көмек көрсетеміз. Дегенмен олардың үлескерлерді жалған уәдемен үміттендіруіне жол бермейміз. Біздің міндетіміз – ұзақ құрылыстарды аяқтау және үлескерлерге пәтер кілтін тапсыру, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Равиль Ашығали
Бөлісу: