Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстардың сапалы орындалуын тексеру мақсатында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жаңақоныс, Оңтүстік-Батыс-2, Ақжар-2, Заречный тұрғын үй алаптарындағы жолдардың құрылыс барысын бағамдады.
Жаңақоныста М.Әуезов көшесіне асфальт алғаш рет төселуде. 654 метрлік көшенің жөндеу жұмыстары «Жерұйық консалтинг» ЖШС жауапты. Бүгінде 5 техника, 10-нан астам жұмысшысы ұсақ тастарды төсеп жатыр.
Бұл компания сондай-ақ биыл Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын үй алабындағы 4, келесі жылы 17 көшені қалпына келтірмек. Қазіргі уақытта қоғамдық көлік жүретін Құрманғазы, И.Тайманов жән т.б көшелерде жұмыс қызу. Бір көшеде 12 шақты құрылысшы, 6 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін созбай, арнайы кесте құрып, мерзімінен бұрын пайдалануға беруді тапсырды.
Өңір басшысы Оңтүстік айналма жолдың Елек өзені арқылы өтетін көпіріндегі күрделі жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Көпір үстінде асфальтбетон жабынын фрезерлеу, деформациялық тігістердегі ақауларды жою, оқшаулағыш материалмен жабу, қорғаныс қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Енді 200 метрлік жол өтпесінде асфальт төселеді, көпір жиектастары боялады. Бас мердігер
«Казкомсервис» ЖШС көпірді келесі аптаның соңында халық игілігіне пайдалануға береміз дейді.
Ақжар-2 тұрғын үй алабындағы Бұтақ өзені арқылы көпір жанындағы көне көпір қайта жаңартылмақ. «Агрофирма Көквест» ЖШС ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын жол өтпесінде жұмыстарды бастап кеткен. Алдағы уақытта екіжолақты жол төрт жолақ болып өзгереді. Компанияға қажетті көмек жауапты органдар тарапынан көрсетіледі.
«Агрофирма Көквест» ЖШС-нің екінші жобасы - Ақжар-2 елді мекеніндегі трасса. Кірпішті зауытындағы көпірден «Ақтөбе - Орск» тас жолына дейінгі жолдың аяқталуына аз қалды. Өңір басшысының тапсырмасымен мердігер ұйымдар қажетті арнайы техника мен жұмысшыларды тарта отырып, тәулік бойы жұмыс істеуде. Бүгінде мұнда асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Ақтөбеде ұзындығы 65 шақырым жол мен көшелерді жөндеу және салу бойынша жобалар іске асыру жоспарланған.