Қазірге дейін Call орталыққа 2 мыңнан астам сауал келіп түскен. Қызылорда облысының тұрғыны Бейбітжан Шілдебаев «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа сауалын жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Сауалда тұрғын сайлау басталғалы партиялардан ауылды көтереміз деген сөзді жиі естиміз. Алайда, оған сенім аз. 30 жылда ондай уәденің талайын естідік. Әйтеуір басқаларға қарағанда бір нәрсе жасап жатқан сияқтысыздар. Жерді қайтарып жатырмыз дейсіздер, дұрыс. Бірақ ауылда күрмеуі шешілмеген мәселе әлі де көп. Ауыл кедейленіп барады. Жастардың қалғысы жоқ. Ауылды көтеру үшін жер мәселесін реттеу керек. Одан соң, жастарға кәсіп жасайтын жұмыс көзін беру керек. Халықтың тұрмысы жақсарса дейміз. Осы сияқты көптеген түйіткілді мәселені қалай шешесіздер?», - деп Ерлан Жақанұлына сұрағын қойды.
Бұл ретте «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов шынында да ауыл мәселесі өте өзекті екенін айтты.
«Ауылымыз бір сөзбен айтқанда қартайып барады. Оның бірі жұмыссыздық және басқа да мәселелер бар. Жаңа ғана Жигули мырзаның барлығымыз жұмыс істейік деген сөзіне қосыламын. Сондықтан осы бойынша «Жер аманаты» деген біздің комиссияға барлық партиялар келіп қосылады деп ойлаймын. Өйткені, құрғақ сөз емес, 5 млн гектар жерді былтыр қайтардық. Биылғы межеміз 5 млн гектарды қайтару. Бұл жұмысты әлі жалғастырамыз. Екінші мәселе ауылдағы әр отбасының табыс көзін көбейту. Бұл мәселе бойынша да жобамыз іске асты. Үшінші мәселе ауыл мамандарының жетіспеушілігі. Ауылды бірге көтеруіміз керек», – деді «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.