Биыл 15 кәсіпорын жұмысшылары ереуілге шыққан – министрлік

21 Қараша 2023, 16:11 686

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов жұмыскерлер жалақыны арттыру талабымен ереуілге шыққанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл республиканың 15 кәсіпорнында 3 сағаттан астам уақытқа кәсіпорын жұмысы тоқтатылған ереуілдер болды. Маңғыстау облысында – 7, Атырау облысында – 3, БҚО – 2, Ақтөбе облысында – 2, Ұлытау облысында – 1.

Қазіргі уақытта барлық ереуіл аяқталды. Жұмыскерлердің негізгі талаптары – жалақыны арттыру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйақылар төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу, - деді Оспанқұлов.

Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен
металлургиясы және коммуналдық салалардың кәсіпорындарына, сондай-ақ олардан тапсырыс алатын ұйымдарға тиесілі.

Барлық ереуілдер Еңбек кодексінде белгіленген жұмыскерлердің талаптарды ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өтті. Осыған байланысты сот шешімімен бес ереуіл заңсыз деп танылды. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмыскерлерге еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету, - деді комитет төрағасы.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: