Биыл 13 мың шақырым жол жөнделмек

Бүгiн, 10:19 194

Үкіметтің кезекті отырысында көлік министрі Марат Қарабаев биыл 13 мың шақырымдық жол жөндеу жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, 2024 жылы рекордты көлемде 12 мың шақырым жол жөндеумен қамтылып, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды.

Жобаларды жүзеге асыру шеңберінде 10 мыңнан астам құрылыс техникасы және 25 мың адам жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық және жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы тиісінше 93 және 89 пайыз деңгейіне жетті. Құрылысы көптен бері жүргізіліп келе жатқан Алматы мен Қарағандының (879 км), Талдықорған мен Өскеменнің (768 км) және Ақтөбе – Атырау – Астрахань (607 км) араларындағы жолдар ашылып, қолданысқа берілді, – деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ министр биыл 13 мың шақырымды жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланғанын, оның ішінде 9 мың 500 шақырымы қаржы көздерімен қамтамасыз етіліп, 3 мың 600 шақырымына қажетті құжаттар дайын және қаржыландыру мәселесі пысықталуда екенін айтты.

2025 жылы республикалық жолдардың 94, жергілікті жолдардың 91 пайызы нормативтік жағдайға жеткізілмек.

Бұл ретте премьер-министр Олжас Бектенов алдағы уақытта жобалардың қымбаттап, мерзімдерінің созылып кетуіне жол бермеу үшін дайындық жұмыстарын ерте бастан жүргізу керек екенін тапсырды.

Әкімдіктерге болашақ жобалар үшін учаскелерді резервке қойып, ол жерлерді беруге және нысаналы мақсатын өзгертуге мораторий жариялауды тапсырамын. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автожол жобаларына тартылған карьерлердің құжаттарын рәсімдеу қажет. Көлік министрлігі жол салуға қажетті жерлерді мемлекет мұқтажы үшін жедел сатып алуды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтасын, – деді Олжас Бектенов.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: