Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері "Алматы Марафон-2024"-ке қатысты

30 Қыркүйек, 01:27 378

Елуден астам бітімгер 10, 21 және 42 шақырым қашықтыққа жүгіруден өз күштерін сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Алматы Марафон-2024" – мыңдаған желаяқтың басын қосатын Орталық Азиядағы ең ірі спорттық іс-шара. 

Ефрейтор Айнагүл Әнуарбекова алғаш рет марафонға негізделген 42 шақырым қашықтықты бағындырды.

Отызыншы шақырымнан кейін бәрін қойып, жүгіруді тоқтатқым кеп, марафонды еңсеруім қиындай түсті. Алайда мұндай сәтте барлық күмәнды жеңіп, мақсатқа жету маңызды, – деді спортшы.

Жолдастарының қолдауы мен мақсатқа жетуге деген ұмтылысы әскери қызметшілерге алыс қашықтықты еңсеріп, мәреге жетуге жігерлендірді. Жүгіру Айнагүл Әнуарбекова үшін төзімділік пен беріктікті шыңдайды.

Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары – штаб бастығы полковник Бақытжан Жетпісов те толық марафонды ойдағыдай жүгіріп өткен. Оның айтуынша мұндай жарысқа қатысу физикалық және психологиялық кедергілерді еңсеруге көмектеседі, өзіңді қайрап, діттеген мақсаттарға жету қабілетін дамытады.

Бітімгерлік операциялар орталығы бірнеше жыл қатарынан өз әскери қызметшілерінің республикалық және халықаралық спорттық жарыстарға қатысуын белсенді қолдап келеді. Кәсіби спортшылардың тұрақты жаттығулары мен сабақтары нәтижесін көрсетті: жыл сайын көрсеткіштер жақсарып, ынтасын білдірген қатысушылар қатары жаңарып толықтырылуда.

Перизат Саденова
Бөлісу: