Бішкекте Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Талғат Бигелдиновтің рухына тағзым етті

9 Мамыр 2023, 12:28 754

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 78 жылдығына орай Бішкекте екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен соғыста қаза тапқандарды еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақпараттың жазуынша, аталған іс-шара еліміздің Қырғызстан Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен. Тағзым шарасында қатысушылар қазақтың аты аңызға айналған ұшқышы Талғат Бигелдиновтің мүсініне гүл шоқтарын қойды. 

Белгілі ұшқыштың балалық және жастық шағы Бішкек қаласында өтті. Талғат Бигелдинов 16 жасында Бішкектегі аэроклубқа оқуға түсті. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, әуелі Балашов атындағы Әскери авиация училищесіне оқуға түсіп, одан Чкалов әскери авиация училищесіне ауыстырылды, оны 1942 жылы бітірді.

Алғашқы Кеңес Одағының Батыры атағы аға лейтенант Т.Бигелдиновке 1944 жылдың қазан айында майданда және тылдағы ерлігі мен жауынгерлік шеберлігі үшін, сондай-ақ әуе шайқастарында жаудың төрт ұшағын жеке өзі атып түсіргені үшін берілді.

1945 жылы 27 маусымда эскадрильяны шебер басқарғаны және Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау және Берлинде жау әскері мен техникасын жинақтауға қарсы шабуыл кезінде көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Талғат Бигелдиновке екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Асқар Таудай
Бөлісу: