"Бишімбаевтың тамыр-танысы көп". Марқұмның туыстары әділеттілік талап етуде

15 Қараша 2023, 12:41 1242

Салтанат Нүкенованың туыстары Астанаға әділдік іздеп келді. Олар Астана полиция департаменті бастығының тікелей қабылдауына кірді. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасы түгел келе алмаған. Төрт күннен бері нәр татпаған Салтанаттың ата-анасы тіптен еңсесін көтере алмай қалыпты. Жақынының мүддесін қорғауға келгендер мейрамханадағы бейнежазбаны өшіруге ат салысқан экс-министрдің туысын да жауапкершілікке тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Астана полиция департаменті басшысының қабылдауына келген Салтанат Нүкенованың туыстары түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қағылғанымызға төрт күннің жүзі болды дейді. Онсыз да жақынынан айрылып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасы қылмыстық іспен қай тергеушінің айналысып жатқанын білмей дал. Хабарласқан сайын тергеушінің аты-жөні өзгеріп сала берген. Мең-зең күйде бір шикілікті сезген Нүкеновтер отбасы 400 шақырымды артқа тастап, Павлодардан Астанаға тікелей келуіне мәжбүр болған.

Марқұмның ағасы, Павлодар қаласының экс-әкімі Қайрат Нүкенов талай күннен бері көкейімізді тескен бар сауалды департамент бастығына тіке қоя алдық деп отыр. Өздері төбе көрсеткеннен кейін ғана мұндағылар іспен тікелей айналысып жатқан тергеушіні таныстырған. Қоғамды дүр сілкіндірген істе жалпақшешейлік танытпаймыз, тергеу әділ өтеді деп уәде беріпті департамент бастығы.

Полиция департаментінің бастығына кірдік. Сұрақтардың барлығын қойдық. Адамның басына салмасын, қазіргі күйімізді сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Салтанаттың ата-анасына тіптен ауыр. Еңсесін көтере алмай жатып қалды. Бауырлары жүгіріп жүрміз жан-жақтан. Күдікті қайтсе де жазасын алса дейміз. Қанша дегенмен тамыр-танысы көп қой. Сот-медициналық сараптаманың да қорытындысын тездетіп қолға алатын болдық, - дейді марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов.

Елордаға Салтанаттың мүддесін қорғауға келген бір қауым ел қайғылы оқиға болған күні Бишімбаевқа ас-суын тасып, мейрамханадағы бейнежазбаны өшіруге ат салысқан экс-министрдің інісін де жауапкершілікке тарту керек деп отыр. Тергеу барысында ол жерде сұлқ түскен күйі қатты қорылдап жатқан жеңгесі Салтанатты небәрі "ұйықтап жатыр" деп ойлағанын айтқан. Нүкеновтар отбасы, ең болмаса, Бишімбаевтың інісі аяушылық танытып, дәрігерлерді ерте шақырғанда қарындасымызды аман сақтап қалушы едік деп күйініп отыр.

Бишімбаевтың інісі ағасының әйелін қан-жоса етіп сабағанын көріп, не полиция шақырмаған, не дәрігерге хабар бермеген. Бұл не деген жауыздық. Нағыз қылмыскердің сыбайласы дер едім. Сол үшін оған да қатаң жаза беруді талап етеміз, - дейді марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов.

Күйеуінен таяқ жеп өмірі тозаққа айналған қыз-келіншектер еліміздің әр аймағында петиция ашып, үн қатып жатыр. Олар бірауыздан тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды талап етіп жатыр.

Бүгін гастро-орталық директорына қатысты "Бау" мейрамханасында әйелді өлтіру фактісін тергеу аясында бұлтартпау шарасы қабылданып, екі айға қамауға алынғаны ресми хабарланды.

Ал Астанаға арнайы келген Нүкеновтер отбасы осы екі ай ішінде тергеп-тексерудің басы-қасында жүреміз деп отыр. Себебі "қолы ұзын" экс-министр құйтырқы әрекеттерге барады деген қаупі басым.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: