Бишімбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін бе

25 Желтоқсан 2023, 16:16 3930

Бүгін Салтанат Нүкенованың өмірден өткеніне 40 күн толды. Бұл туралы адвокат Жанна Уразбахова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Адвокат осы уақыт аралығында таралған қауесеттер мен пікірлерге байланысты бірде-бір пікір, түсініктеме бермегенін айтты.

Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері өз брифингінде журналистерге ақпарат берді, біз бұл туралы түсініктеме бермедік. Сондай-ақ, алғашқы күннен-ақ кейбір блогерлер мен журналистер тарапынан көптеген қауесеттер, болжамдар мен нұсқалар орын алғанына қатысты пікір білдірмедік. Салтанат үшін мұндай «лас істердің» ешқайсысына мән бермейміз. Маңыздысы - екі ортада ешқандай татуласу болмаған және болмайды да. Бұл - Салтанаттың отбасының ұстанымы. Осы іске қатысты ұстанымдарыңыз үшін көпшілікке және журналистерге алғысымды білдіремін, - деді ол.

Жанна Уразбахова Қуандық Бишімбаевтың ісі енді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағымен ("Аса қатігездікпен адам өлтіру") тергеліп жатқанын еске салды.

Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлкін тәркілеп (тәркілеусіз) өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу ісі соңына жеткенде барлығы белгілі болады, - деді адвокат.

Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өткен айда астанадағы мейрамханалардың бірінде өлтірген еді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: