Үкімет отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәселе көтерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СИМ басшысы Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне мониторинг жүргізілгенін алға тартты. Оның айтуынша, жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері мен уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды.
Министрдің сөзіне қарағанда, 40 астам метрика мен көрсеткіштерді қамтитын уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол көлік оқиғалары көрсеткішіне, қылмысқа және басқа аспектілерге әсерін бағалау бойынша зерттеу әдістемесі бекітілді.
Денсаулық сақтау бағыты бойынша халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарын және қала мен ауыл тұрғындарын қамтитын талдау жүргізілді. Энергия тұтыну бойынша ең жоғары жүктемелердің әсерін бағалау және еліміз бойынша көп пәтерлі тұрғын үйлерде электр энергиясын тұтынудағы статистикалық салыстыру жұмыстары жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша да талдау жұмыстары жүргізілді. Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды, - деді ол.
Сонымен қатар өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдаған.
Бүгінгі таңда, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі 8:00 (таңғы сегізден) 17:30 (кешкі бес жарымға) дейін өзгертілді. Бұл шаралар, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға сондай-ақ кәсіби және жеке өмір арасындағы теңдікті жақсартуға бағытталған, - деп қосты министр.
Ведомство басшысы осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолдануға мүмкіндігі барын еске салды.